Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Халықаралық валюталық қордың (ХВҚ) сарапшылары өздерінің жаңа баяндамасында дамушы елдер экономикасының әлсіздігіне назар аударды. Олардың пікірі бойынша, қаржылық билік тұтқасындағылар ұлттық валюталарды тым әуре-сарсаңға түсірмеу үшін валюталық интервенциялар жүргізуге дайын болуы тиіс. “Рейтер” агенттігі хабарлағанындай, ХВҚ Санкт-Петербургте өткен “Үлкен жиырмалықтың” саммитіне әлемдік экономикадағы ағымдық үрдістер жөніндегі баяндамасымен барды. Дамушы елдердің экономикалық әлсіздігі жайында сол баяндамада айтылды. Оған себеп болып отырған негізгі факторларға әлемдік экономика дамуының жалпы баяулауы, сол сияқты АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің активтер сатып алу көлемдерін қысқарту жөніндегі жоспарлары жатады.
ХВҚ монетарлық ынталандыруды доғару үдерісінің осы қыркүйек айында басталуы мүмкіндігін атап өтті, бұл жайында ашық нарық бойынша 17-18 қыркүйекте өтетін Федералдық комитеттің мәжілісінде хабарлануы мүмкін. Қор сарапшылары дамушы елдердегі ІЖӨ өсімінің болашағы жөнінде өз болжамдарын қайта қарастыруды жалғастырып отырғандарын мәлімдеді, онда бәрінен бұрын Бразилия, Қытай және Үндістан бойынша болжамдардың төмендетілу мүмкіндігі айтылады. Атап айтқанда: “Әлемдік экономика ұзақ мерзімде өте төмен өсім қарқынын көрсетеді деген айтарлықтай қауіп бар. Біздің бағалымдарымыз бойынша, бұл барлық елдер үшін ең күрделі тәуекелділік факторы болып саналады. Барлық елдердің қаржылық билігі төмен түсіп кеткен сұраныс пен инвесторлардың көңіл күйлері нашарлауы жағдайында ұлттық валюталар шебіне жасала беретін қысымға дайын тұрулары қажет. Бірақ бұл ретте олар алдымен валюта бағамының бейберекет құлдырауына жол бермеуге әзір тұруы тиіс. Бәрінен бұрын, шектен тыс әуресарсаңның алдын алатын валюталық интервенциялар қажет болады”, – делінген.
Сол сияқты ХВҚ бюджет профицитін сақтап отырған елдердің тарапынан ішкі сұранысты ынталандыруға шақырады, бұл орайда еуроаймақтың проблемалық елдерінің өз экономикасының бәсекеге қабілеттілігін жақсарту жұмысын жалғастыра беруі дұрыс.
Әлем экономикасының екіұдай жағдайында Сирияға байланысты соғыс қаупі зор алаңдаушылық туғызып отыр. АҚШ-тың онда шектеулі әскери күш қолдануы америкалық бюджетке ондаған миллион долларға түсетіні үкімет басында сөз болып жатқанымен, тәуелсіз әскери сарапшылар ондай шектеулі операцияға жүздеген миллион доллар жұмсалады деп есептейді. Мамандар Пентагонға қанатты бір “Томагавк” зымыранының ғана 1,5 миллион долларға түсетінін еске салады. Осыған байланысты кейбір Конгресс мүшелері АҚШ-тың бюджеттік дефициті жағдайында қосымша әскери шығындар шығаруға алаңдаушылық танытады. Бұл орайда елдің мемлекеттік хатшысы Джон Керридің бұл шығындарды ішінара Араб мемлекеттері лигасының мүшелері өтеуге дайын деп мәлімдеуі қисынға келмейді. Сірә, ол Парсы шығанағындағы мұнайлы елдерді меңзеп отырса керек. Бірақ АҚШ-пен әскери операция жайында нақтылы келісімі жоқ олар қалталарынан қаржы шығаруға құлықты бола қоймасы анық.
Әзірге Сирияға байланысты жағдайдың қалай аяқталары белгісіз. Бір анық жай, АҚШ-тың тарапынан әскери күш қолданылған елдерде экономикалық жағдайдың оңай оңалатын түрі жоқ. Мысалы, Ливияның ресми билік өкілдері мәлімдеп отырғанындай, елдегі мұнай өндірісі құлдырау үстінде. Олардың айтуынша, осының салдарынан жыл аяғына таман мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысына төлейтін ақша таусылады. Оны қамтамасыз ету үшін елде күніне кем дегенде 400 мың баррель мұнай өндірілуі қажет, бірақ ол бүгінде 150 мың баррельге дейін төмендеп кетті.
Сарапшылардың пікірінше, бұл елдің мұнай өнеркәсібі соғыстан кейінгі жағдайдың ауыртпалығын бастан кешіп отыр.
Ал Оңтүстік Америка құрылығындағы Бразилияның сыртқа капитал ағысы үдерісі күшейіп барады. Өткен тамыз айында ол 5,85 миллиард долларға жеткен. Дәл осылай 1998 жылдың тамызында азиялық қаржы дағдарысы кезінде Бразилия экономикасынан 11,79 миллиард доллар көлеміндегі қаржы сыртқа шығып кеткен еді. Мұндай жағдайдың басты себебі – инвесторлар тарапынан дамушы нарықтарға теріс көзқарас туындауы болса керек.
Азиядағы дамушы елдердің ішінде Пәкістанның қаржылық жағдайы қиын болып тұр. ХВҚ қаржы дағдарысының алдын алу, инвестициялар өсімін қамтамасыз ету және экономикалық реформаларды алға жылжыту үшін оған сомасы 6,5 миллиард доллар кредит бергелі отыр. Бұл қаржы соңғы уақытта айтарлықтай жұқарып қалған елдің валюталық қорын толықтыруға мүмкіндік береді. Оның есесіне Пәкістан үкіметіне елдегі орын алып жүрген салықтардан бас тартумен күрес жүргізуге және энергетикалық секторын жаңғыртуға уәде беруге тура келді. ХВҚ-ның пікірінше, экономикалық қиындықтарына қарамастан, Пәкістанда зор қуат бар, берілген кредит ол үшін күш алар қаржы көзі болады.
Сырттан қаржылық көмек алып жатқан елдердің ішінде оның көлемі жағынан әзірге еуроаймағындағы Грекияның “алдына түсері” жоқ. Қазір Грекия ХВҚ, ЕО және Еуропалық Орталық банктің қаржылары есебінен қаржыландырылады, осы “үштіктің” тарапынан берілген жалпы көмек көлемі 246 миллиард еуроны құрайды. Оны еуроаймағы тарапынан кредиттеу 2014 жылдың орта кезінде аяқталса, ХВҚ кредиттері 2016 жылға дейін беріледі. Германия қаржы министрі Вольфганг Шойбленің хабарлауынша, 2014 жылғы бюджет дефицитін жабу үшін Грекия экономикасы тағы қосымша 4 миллиард еуроны қажет етеді. Дей тұрғанмен де, Германия гректік қарызды қайыра қайта құрылымдауға қарсы. Өйткені, Афины бұған дейін 100 миллиард еуродан астам қарызды есептен шығарып үлгерді, ол тарихтағы қайта құрылымдалған ең ірі қарыз саналады.
Осылайша әлемдік қаржы дағдарысының әлі толық айығып кете қоймағандығының белгісі әлемнің әр елдерінің экономикасының осал тұстарынан қылаң беруде. Олардың қатарында, тіпті, тәп-тәуір экономикалық қалыптасуға қол жеткізген дамушы елдер де байқалып қалады.