Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жедел деректері бойынша 18 қыркүйекке дейін облыста дәнді дақылдардың 2317,6 мың гектары немесе 64,9 пайызы дестеге түсірілді. Бастырылғаны – 1863,6 мың гектар немесе 52,2 пайызды құрайды. Науқан басынан бері 2514,4 мың тонна жаңа орақтың астығы жиналды. Облыс бойынша орташа гектар шығымдылығы 13,5 центнерден айналуда. Өткен жылы дәл осы кезеңде орташа танап берекелігі 11,7 центнерді құраған болатын.
Егін оруда дәнді дақылдардың 77 пайызын атжалға жығып үлгерген Қызылжар ауданының егіншілері алда келеді. Сәйкес түрде 74,7 және 73,5 пайыздан егінді дестеге салған Аққайың және Мамлют аудандарының диқандары да ширақ қимыл танытуда.
Дәнді дақылдар бастыруда Аққайың ауданы – 61,2 пайыздық, Мамлют – 61,1 пайыздық және Есіл ауданы 59,2 пайыздық көрсеткішпен көш басында келеді. Ал гектар басы 15,6 центнерден өнім алып жатқан М.Жұмабаев және 15,5-15,2 центнерден астық жинап отырған Қызылжар, Айыртау аудандары жоғары шығымдылыққа қол жеткізуде. Гектар берекесі жөнінен 10 және 11,3 центнерден ғана астық жинап отырған Тимирязев пен Шал ақын аудандары әзірге артта қалып отыр.
Майлы дақылдардың 171,8 мың гектары немесе 39,1 пайызы шабылды, оның 34,5 мың гектары немесе 7,9 пайызы бастырылып, әр гектарынан орта есеппен 11,1 центнерден өнім беруде.