«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МУХСИН МЕШІТІН САЛДЫРҒАН Мұхамеджан имам есімін мәңгі есте қалдырсақ игі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұролла ОМАРОВ,

зейнеткер.

Мешітке жұма намазына келгенде еліміз егемендік алған кезде сапқа тұрған аға-әжелерімізді еске түсірсек, қатарымыз сетінегенін көріп күрсінеміз. Ал мешіт толы жас намазхандарды көріп қуанамыз.  

Біз бала кезімізде үйдің төбесіне шығып азан айтқан атаны да көрдік. Тексеріспен келген “қызыл жағалыға”: “Соғыстағы баламнан хат алдым. Фашистерге қарсы шабуыл жасарда командиріміз Құдайға сыйыныңыздар, намаз оқыңыздар, шоқыныңыздар. Жаратушыдан амандық және жеңіс тілеңіздер дейді екен. Мен намазда Алладан елімізге жеңіс бер деп сұраймын, солдаттарымыздың жаралы болса да үйлеріне аман келулерін тілеймін” – депті. Милиционер иманжүзді адам екен: “Алладан Отанымызға жеңіс тілеңіз. Жұртты жинамай, намазды үйде оқыңыз, үстіңізден түскен арызды жабамын”, – деп жүріп кетіпті.

Әр өңірде қилы заманда да қандай тыйым салынса да, Алланы аузынан тастамай, асыл дінімізді ардақтап, жасырын насихаттап өткен діни қайраткерлер болған. Солардың бірі – кеңестік дәуірде мұсылманшылықтың жарқыраған отын сөндірмеуге Солтүстік Қазақстан, Түмен, Омбы облыстарында атсалысқан Мұхамеджан Меңдіханұлы. Ол кісі 1894 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Есперлі ауылында дүниеге келген. Әкесі Меңдіхан медресе ұстаған. Мұхамеджан сол медреседе және Кәрібай қажы медресесінде оқып, одан кейін Уфа мен Қазанда діни білімін тереңдеткен. Он үш жасынан туған жерінде молда ұстаз қызметін атқарып, жүздеген жастың сауатын ашқан. Намаз, Құран оқудан, араб және қазақ тілдерінен, тарих, география, математикадан дәріс берген. Мыңдаған адамның азан айтып, атын қойған, некелерін қиған, жаназа намаздарын шығарған.

Дініміз бен діндарларымыз кеңес өкіметінен зәбір көрген уақытта ол Түмен, Омбы облыстарындағы қазақтар көп қоныстанған ауылдарда бой тасалап жүріп те жастарға дәріс оқып, исламды уағыздауын тоқтатпаған. Ұлы Отан соғысы басталғанда жасы 50-ге келген Мұхамеджан Меңдіханұлы еңбек армиясына алынады. Құрылыста жұмыс істеп, пеш салып үйренген. Сондықтан командирі сыйлап, ол кісінің намаз оқуына, бос уақытында жанына жиналған мұсылмандарға уағыз айтуына көп кедергі жасамаған. Еңбек армиясынан босап келген соң пеш салу шеберлігін Қызылжар қаласының тұрғындары мен мекемелері пайдаланған. Түтіні дұрыс шықпайтын пештерді түзетіп, жаңасын да салып беріп отырған.

Әрбір үйге қажет, сұранысқа ие пеш салушылық өнерінің арқасында оны көрші ауылдар шақырып, барған жерінде діни уағыздарды елдің құлағына жеткізіп, сол елді мекендердің намазхандарымен бірге сапқа тұрып, намаз оқыған. Өлімді жерге келсе, жаназа намазын да өткізген. Айт намазын да ұйымдастырған. Жұмсақ сөзбен, сыпайылықпен мұсылмандардың діни міндеттерін естеріне салып, назарларын имандылыққа аударған, Алла тағаланың алдындағы құлшылық міндеттерін түсіндірген. Ол кісінің бір ерекшелігі – ешкімді ренжітпейтіндігі және өзінің де ренжігенін білдірмейтіндігі еді. Қатты сөз де айтпайтын. Қабақ шытпай, жүзі үнемі күлімсіреп тұратын. Үлкенмен де, кішімен де тең құрбыдай сөйлесетін. Сондықтан да болар, ол кісінің үстінен тиісті органдарға “молда” деген арыздар көп түспеген көрінеді.

Мұхамеджан молданың ел ішіндегі танымалдылығы сондай, оны алыстан келіп, шақырып алып кететін. Ең соңғы сапарын көршілес Түмен облысындағы Сладково ауданына жасады. Сонда тұратын досының жаназа намазын шығарып, жерлеп, зираттан қайтып келе жатқанында өзі де жан тапсырған.

Мәйіті Қызылжардағы үйіне жеткізіліп, жан-жақтан хабар естігендер жиналып, мыңдаған адам көз жасын төгіп, ақырғы сапарға шығарып салды. Петропавлдан 20 шақырым жердегі зиратқа жерленді. Неге десеңіз, Петропавл қаласында бұрын зират болған жерлерде ғимараттар салынған. Мұхамеджан имам ретінде бұған қарсылық білдіріп, қала мен облыс басшыларына барғанымен, сөзін тыңдаушы табылмай, қабырстандар экскаватордың күрегіне ілініп, ағарған сүйектер жер бетіне шығып қалып жатты. Сондықтан өзін қайда жерлеу қажеттігін көзі тірісінде көрсетіп кетіпті. Бұл 1983 жыл еді. Сөйтіп Мұхамеджан Меңдіханұлы 89 жасында дүниеден озды.

1930-47 жылдары облыстық мешіт бір кішкентай ғана үйде болған. Етік жөндейтін шеберханаға айналдырылған Көкмешітті үкіметтен халық сұрап алып, ел болып жөндеп, 1947 жылы іске қосқан. 1969 жылы 75 жастағы Мұхамеджан Меңдіханұлы Көкмешітке имам болып тағайындалған.

1972 жылы Петропавл қаласының бас жобасы бекітіліп, Көкмешіттің орнына “ЗИМ” зауытының үйлері салынатын болған. Мешітке жер теміржолдың ар жағында Жұмысшы кентінің шетінен берілген. Мұндағы жымысқы мақсат – мешітке баратындардың санын азайту, ислам дініне кезекті соққы беру. Осыны естіген мұсылмандар жиналып, Мұхамеджанға: “Мешіт салуға керек жерді Бензостройдағы “Сенная базадан” сұрап алыңыз” – деп, ақыл айтқан. Мұхамеджан имам қалалық, облыстық атқару комитеттеріне барып Бензострой кентінен жер сұрап алып: “ЗИМ” зауыты мешітімізді құлатып, орнына үйлер салмақшы, бізге жаңа орында мешіт салуға көмектессін. Оны істемесе, Көкмешіттен шықпаймыз”,– деп зауытты құрылысқа кірісуге мәжбүр еткен. Зауыттың құрылыс жүргізу цехының басшысы Кенжебек Әбішев мешіт салуға көп көмек берген. Дегенмен, зауыт басшылығы үшін ол негізгі жұмысы емес еді. Сондықтан кейде цемент болса, құмы жетпей қалады, автокраны келсе, автокөлігі, жұмыскерлері келмей қалады. Соны көріп, хабарлап, жетпейтінді жеткізіп тұратын кісі керек. Міне, сол кезде сексенге келген Мұхамеджан және оның көмек беріп жүрген достары Кенжебекпен байланысын үзбей, құрылысты жүргізе білді. Мұхамеджан кейін сол мешіттің бес жыл алғашқы имамы болды.

Соңғы жылдары Бензострой мешітінің жамағаты осы ғибадатханаға Мұхамеджан имамның есімін беру мәселесін көтерген болатын. Бірақ ол ұсыныс кейбір жалақорлардың жоғары жаққа арыз жазуларының салдарынан аяқсыз қалып, ақыры мешітке Мухсин атауы берілді. Әрине, мешітке Алла тағаланың тоқсан тоғыз атының бірі қойылғанына қуаныштымыз.

Ал үстіміздегі жылғы сәуір айында Мұхамеджан Меңдіханұлының ар-намысын, абыройын қорғаған облыстық сот есімдері бізге белгілі жалақорларды Мухсин мешітінің жамағатының және имамның баласының алдында кешірім сұрасын деп міндеттеді.

Сөз соңында айтарымыз, Мұхамеджан Меңдіханұлының асыл дінімізді халық арасында 76 жыл уағыздаған еңбегі – мешіт табалдырығын аттаған жастарымыз үшін ерекше үлгіөнеге. Сондықтан да оның өзі салдырған Мухсин мешітінің қабырғасына “Мешіттің алғашқы имамы – өмір бойы ислам дінін уағыздаған діни қайраткер Мұхамеджан Меңдіханұлы” деп жазылған тақта орнатылса, орынды болар еді.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp