«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПУШКИН СҮЙГЕН ПЕТЕРБУРГ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наталья МАТОРИНА,

дарынды балаларға арналған облыстық “ЛОРД”

мектеп-лицейі директорының орынбасары.

Петрдің салған қаласы,

Сүйемін сені, киелім!

Әдемі Нева жағасы,

Тулаған толқын жиегің.

А. ПУШКИН.

Осыдан екі ғасыр бұрын Александр Пушкин Петербургке осылайша іңкәрлік сезіммен жыр арнаған еді. Санкт-Петербург қаласы Сыртқы байланыстар жөніндегі комитетінің шақыруымен келген отыз екі адам ұлы ақынның әлгіндей жырларына елтігендей сезімге бөлендік.

Бұл шақыру тегін емес. Орыс тілін оқытатын ұстаздар Россияда оның қаншалықты құрметке бөленгенін айрықша сезінгенін ұқтым. Қазақстанда да солай. Мамыр айында Қазақстан филологтарының тұңғыш съезі болып өткен еді. Онда филология төңірегінде толғақты ойлар ортаға салынғанды.

Ал, маусым айының басында мені Россия мен Санкт-Петербургтің тарихы және мәдениеті жайындағы білім бағдарламасымен танысуға шақырған хабар жетті. Сапарға шілденің бастапқы күндері шығып, поезбен Ладога сапаржайына келіп жеттім.

Бұл білім бағдарламасы “Пушкин сүйген Петербург” деп аталыпты. Бағдарламаның ерекшелігі қандай? “Петрдің қаласы” неліктен таңдап алынды екен? Бізді осы сауал толғандырды.  

Оған филологтар, мұғалімдер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мұражай қызметкерлері, өнерсүйерлер, қысқа қайырғанда, Пушкинді ардақ тұтатын адамдар, бұрынғы КСРО мен шалғай шетелдердегі орыс тілі мен орыс өнерінің білгірлері шақырылған екен. Әлемнің он төрт елінен келіппіз. Атап айтсам, Қазақстаннан, Украинадан, АҚШ-тан, Эстониядан, Өзбекстаннан, Мальтадан, Чехиядан, Хорватиядан, Молдавиядан, Словениядан, Швециядан, Грекиядан және басқа да мемлекеттерден келгендер Нева жағасында тоғыстық.

Біз қаланың сән-салтанатын көріп, Пушкиннің көзі тірісінде куә болған тарихи ескерткіштерді, ғимараттарды тамашаладық. Санкт-Петербургтің Сыртқы байланыстар жөніндегі комитетінің төрағасы Алексей Прохоренко сапардың мақсатын түсіндіріп, бізді Пушкин әлеміне саяхатқа шақырғандай әсерге бөледі.

Осындағы “Пушкин үйінің” қызметкерлері лекциялар оқып, ұлы ақынның өмірбаяны мен өлеңдерінің қыр-сырына қанықтыруға тырысты. Оларды мен жазған оқулықтары, кәсіби журналдардағы мақалалары арқылы сырттай білуші едім. Белгілі Пушкинтанушы М. Виролайнен мен филология ғылымының докторы С. Денисенко дәріс оқыды. Ресейдің үлкен оқымыстыларының бірі Т. Краснобородько семинар сабағын өткізді. Бір ғажабы, біз ақынның өз қолтаңбасын көру бақытына ие болдық. Лектор Пушкин кітапханасына бастап барып, бізге ақынның қолтаңбасы қойылған томдарды көрсетті. Олардың кейбіреулеріне Пушкин түзетулер, толықтырулар енгізгенін байқадық.

Келесі күндердің бірінде “Патша ауылындағы” лицейде болдық. Алғаш ашылған жылы лицейге орыс мәдениетінің болашақ, есімдері мәңгілік жайсаңдары тоғысқанын тарих алдымызға жайып салды. Әр шәкіртке бір бөлме берілген екен. Төрт қабатты ғимаратты толық аралап шығып, бір кездері Пушкин мен оның дос-жоралары жүрген баспалдақтармен көтеріліп, түстік. Алты жыл бойы жұптарын жазбай оқыған балалар босқа қыдырмауы үшін демалыс айларында да “Патша ауылынан” сыртқа шығарылмайтын болыпты. Алты жыл ішінде бір шатырдың астында тұрған жастар кейінгі өмірде ағайындай ажыраспайтын ұлы достық сезімдерді жүректеріне ұялатқанын сездік.

Бір есте қалатыны, Пушкин мен Гавриил Державин кездескен бөлмеде болғанымыз. Сол уақыттың сарыны сақталыпты. Бала ақын дана ақынның жүрегін тебірентіп, кәрі тарланның “Міне, менің ізбасарым!” деген құрметке ие болыпты.

Мойка көшесінің 12-ші үйіндегі Пушкиннің пәтері мұражайға айналыпты. Оның директоры С. Некрасов тың деректерге толы әңгімелердің басын қайырды. Бұл үйден орыстың небір дүлдүл ақындары, зиялылары, оқымыстылар қанаттанып шыққанын білеміз.

Салтанаттың жабылуына орай мәдениет және өнер институтына келгенбіз. Бұл тамаша сәулетті ғимарат көне болғанымен, көркем де көрікті екен. Әрі тарихы өте бай. Мұнда Пушкин ғұмыр сүрген уақытта Австрия королінің елшілігі орналасыпты. Пушкин осы үйде мейман болғанда Москвадан келген болашақ зайыбы Наталья Гончаровамен танысқан екен. Ол осы елшілік үйінде Дантеспен сөзге келіп қалып, атысуға сол жерде шақырыпты.

Қазақстан мен Ресейдің тамаша мәдени, ғылыми байланыстарының ризығын көріп, зор әсерге бөленгенімді ұмыта алмаспын. Осы ретте Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарниковқа, елшіліктің мәдени байланыстар бойынша атташесі Ирина Самаринаға және Солтүстік Қазақстан облыстық Орыс қауымдастығының төрағасы Виктор Сайкоға алғысымды айтқым келеді. Мұндай сапарлардың әсері өшпейді. Осы сапар туралы мен оқытып жүрген шәкірттеріме айтып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына бойлатамын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp