«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХ АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕЙМІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің аудандық мұражайымыздың тарихы беттері 1986 жылдың 25 ақпанынан жазыла бастады. Мұражай оны ашу туралы игі іске бастамашы болған Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Кузнецовқа қарыздар. Василий Дмитриевич өзі жұмыс істеген жылдары кең көлемде көптеген мәліметтер жинады. Бұл – оның тынымсыз еңбегінің арқасы. 

Маржан ТАУШАРОВА,

мұражай қызметкері.

“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында 2007 жылдың 19 желтоқсанында Шал ақын ауданының мұражайы жаңа екіқабатты ғимаратқа көшіріліп, соны жәдігерлермен толыға түсті.  

Мұражайдың жұмысы оқу-ағартушылық және тәрбиелік бағыттарға негізделген. Тарих арқылы тәрбиелеу – біздің мұражайымыздың басты қағидаларының бірі.

Мұражай ашылған сәттен бастап, әртүрлі деңгейдегі мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіліп келеді. Олар: шолу және тақырыптық экскурсиялар, дәрістер, “дөңгелек үстелдер”, бейбітшілік және мұражай сабақтары, семинарлар, кездесулер. Жалпы мұражай ашылған кезден бастап, 2500-ге жуық тақырыптық және шолу экскурсиялары, 46 көрме, 600-ге жуық әртүрлі іс-шаралар өткізілді. Мұражайдың қорында бүгінгі күнде барлығы 3646 экспонат бар, олардың 1334-і экспозицияға қойылған.

Көптеген іс-шаралар мұражай өмірінде дәстүрге айналды. Жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесулер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырылып, экскурсиялар жүргізіледі. 18 мамыр – Халықаралық мұражайлар күнінде “Ашық есік күні” жарияланып, мұражай қызметкерлері әртүрлі іс-шаралар, сонымен қатар “Мұражай түнін” өткізіп отырады.  

Халықаралық Қарттар күніне орай қазан айы бойы қарттар айлығы өтіп, “Ашық есік” акциясы жарияланады. Көңілді ән кештері ұйымдастырылып, кездесулер өткізіледі.

Болашақ жастарды патриоттық сезімге баулу, өз Отанын сүйіп, қастерлеу, қорғау мақсатында әртүрлі деңгейдегі жұмыстар жүргізіледі. Мемлекеттік рәміздер, Астана, Конституция, Тәуелсіздік күндеріне арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп отырылады.

Мұражай қорына, негізінен, ата-бабаларымыздан мұра болып қалған, халқымыздың өткен тарихын дәріптейтін қолөнері мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін жәдігерлер қабылданады. Ұлт тарихын насихаттауда, әсіресе, этнографиялық жәдігерлердің алатын орны ерекше. Олар халқымыздың салт-дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан, тыныс-тіршілігінен, мәдениетінен мол мағлұмат береді. Осындай жәдігерлер арасында көшпелі қазақтардың қолданған ағаштан, металдан жасалған ыдыс-аяқтары, жылқы малының әбзелдері, қазақ қызының ұлттық киімі, зергерлік бұйымдар және т.б. мұражайымыздан орын алады. Тарихи оқиғалардың куәсі болар көптеген басқа да жәдігерлер мұражай залдарынан орын тепкен.

Жыл сайын мұражайымызға елге танымал адамдар қонаққа келіп жатады. Осындай азаматтардың қатарында өзіміздің жерлесіміз, ҚР Венгриядағы елшісі болған “ҚР еңбек сіңірген қайраткері” Сәлім Құрманғожин қадірлі қонағымыз болып, мұражай қорын біршама жәдігерлермен толықтырып, ризашылығын айтып кетті.

Шал ақын ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp