«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ЖҰРТЫН САҒЫНЫП, Аягөзде жан берген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген” деп қазақ айтатын құтты күнге жетіп, еленбей жүрген есіл ерлерімізді ел есіне алып жатқанда мен де үнсіз қалғым келмеді. Осы күнге дейін айтыстың шашасына шаң жұқпаған жорғасы Орынбай бабамның қай жерде, қандай жағдайда қайтыс болғанын дөп басып, анық айтқан адамдар аз. Жазба деректерде де нақтылық жоқ. Ал мен оның 1891 жылы Аягөз өңірінде қайтыс болып, сонда жерленгеніне көз жеткіздім.

Бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Дәуқара қонысында туған бабамның Аягөзде жерленуінің мынадай себебі бар екен. 1889-1890 жылдың қысы аса қысталаң болып, шаруаға жайсыз тиеді. Ақмоладан бастап, Қостанайға дейінгі аралықта жұт болған екен. Осы қысыл-шаңнан жылқыны аман алып шығудың қамымен Орынбай Бертағыұлы өз ауылынан ағайын-туғандарының жалқұйрықтысын айдап, Арғынның Алтай-Қарпық әулетінің мыңғыртып мыңды ұстаған байы Сайдалыға барады. Сайдалы – Орекеңнің құдасы. Байдың жалғыз ұлы Жәнібек Орынбайдың кіші қарындасы Жанбалаға үйленген.

Ақынның Аягөзге осылайша барғанын, оған топырақ сол жерден бұйырғанын Орекеңе атқосшы болып, бармаған елі мен жері жоқ Қошман деген кісі айтқан. Ол 1950 жылдардың басында қайтыс болды.

Құдасы жылқысын жұттан аман алып шығатынына көзі жеткен Орынбай өзі Аягөзде қала тұрмақ болып, атқосшысын және еріп келген серіктерін елге қайтарып жіберіпті.

Алайда 1891 жылы Көкшеге қарай бет түзеуге ниеттенген кезінде аяқ астынан ауырып, үш күн төсек тартып барып, қайтыс болыпты. Қарындасы Жанбала көңілін сұрай келгенде қасына алдырып, үш күнде мынадай үш шумақ өлең арнапты.

Бірінші күні айтқаны:

Дін күткен таза молда пірден

артық,

Қажусыз қамқор әйел

ерден артық.

Мысырдан Ескендір тағын

тапсаң-дағы

Болмайды туып-өскен

жерден артық.

Екінші күні айтқаны:

Ақ қайран су ішінде

тоңбайды екен,

Айрылған ел-жұртынан

оңбайды екен.

Бал құйып шыныаяққа

берсе-дағы,

Бәрібір өз жұртыңдай

болмайды екен.

Үшінші күні айтқаны:

Саумалкөл, Қоскөлменен –

екі көлім,

Атығай-Қарауыл еді

туған жерім.

Ішінде Алтай-Қарпық

қаза жетсе,

Көре алмай қаламын ба,

қайран елім?!

Аталарымның, өз әкемнің айтуынша, Жанбала апамыз өзінің бауыры Жансұлумен бірге Орынбайдың ақыл-кеңесімен Қазанның медресесінде білім алған, көзі ашық, сауаты мол болыпты. Жансұлу апамыз да Орынбай ағасы сияқты үш күн ғана ауырып, өмірден озған екен.

Жанбала ағасы қайтыс болған соң оның қымбат заттарын, өлең-жырлары жазылған қағаздарын құлынның терісіне орап, бейітіне көміпті. Бірақ кейін ақынның бұл мұраларын біреу бейітін қазып алған көрінеді.

Бір қызығы, 1991 жылы Торғайда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың тойлары өткенде Шота Уәлиханов “Егемен Қазақстанда” жариялаған мақаласында мұражайда Орынбай Бертағыұлының арабша жазылған өлеңдерін көргенін, оларды ақынның Аягөздегі тамынан алған адамның мұражайға тапсырғанын жазды.

Осыдан кейін мен 1992 жылы Көкшеде Кенесарының 190 жылдығы тойланғанда Шота Уәлихановпен кездесіп, осыны анықтадым.

Орынбайдың асқан айтыскерлігінің тағы бір айғағын алға тарта кетейін. 1845 жылы Семейге ақ патшаның таққа мұрагерлерінің бірінің келуіне орай қырық шақты ақын бас қосқан үлкен айтыс өтіпті. Екінші ұлы Абай (Ибраһим) туып, қуанышы қойнына сыймай жүрген Құнанбай жеңген ақынға деп бас жүлде – 1300 сом ақша тігеді. Осы жүлдені Орынбай жеңіп алады. Соған қоса патша мұрагері оған асыл тастармен өрнектелген таяғы мен жағасы алтындатылған жеңіл пальтосын тарту етіпті.

Сондай-ақ Семей өңірінің байманаптары айтыста Айы оңынан туды деп Орекеңе отыздан аса жылқы байлайды. Жомарт, қолы ашық ақын бұл малды өзі иемденбей, жолдағы қонып-түстенген ел-жұртқа таратып кетіпті. Содан қалғанын өзінің төрт ұлын оқытып жүрген Қызылжар мешітінің имамдарына беріпті.

Бабамыздың бейітін қазған адамның өзімен бірге көмілген асыл заттарын алса да, өлеңдеріне қиянат қылмай, олардың ақыры Торғайдың мұражайынан табылуына тәубе деймін.

Семейдегі айтыста Орынбайға таң-тамаша болған, осы елге жер аударылған поляк ғалымы, шығыстанушы Адольф Янушкевич (1803-1857) онымен біраз тілдесіп, қазақтың ақындық, айтыскерлік өнеріне қанығыпты. Сол әңгімеде Орынбай өзінің отыздарда екенін айтыпты. Мүмкін, отыз екідемін деуден гөрі аузына айтуға оңай отыз жас түскен шығар?

Кәрі құлақ қарттар, шежіреші ақсақалдар Орынбайдың тіліп айтқан тура сөздерін, кейбір айтыстарынан есте жүргендерін сүйсіне айтып отырушы еді. Қазір өкінгенмен не пайда, сол әңгімелерді кезінде қағазға түсіріп алсамшы?! Оның үстіне үркіншілік заманға тап болдық. Орынбайдың өлеңдерін, әсіресе, діни мазмұндағыларын айтқандар қудаланды. Осының зардабын әкем де, ағаларым да тартты. Елдегі шолақ белсенділердің, жандайшаптардың күні туып тұрғанда Орынбайдың өлеңдерін үркіп қалған үлкендер сақтықпен ғана айтатын. Сондайлардың бірі әрі бірегейі Молдахмет Тырбиев еді. Ол кісі біздің үйге құда болғандықтан, жиі келетін. Сонда әншілер, шежірешілер бір жасап қалатын. Ән-жырдың қазынасы болған ғой ол. Орынбайдың өлеңдерін көп білген.

Одан тараған сол қазынаны 1980 жылы қайтыс болған жиен ағам Әлмағамбет жаттап алған және айтып, әндетіп отыратын.

Ал, әкем Шаяхмет “Орынбай атам 1891 жылы жазғытұрым қайтқан екен. Мен сол жылдың күзінде туыппын” дейтін.

Ел аузында қалған әңгімелерге қарағанда, Орынбай атамыз туарда анасы үш күн бойы қиналып, толғатыпты. Ұл бала туып, ел-жұрт алақайлағанда ақылды да көреген әжесі екі алақанын жайып жатқан немересіне “Жаратқан ием, алақаны ашық туған немеремді жомарт және ата-бабаларына тартқызып, ақын ете гөр!” деп тілепті.

Осыдан соң оның сол тілеуіне куә болған ел-жұрт “Тәңір айтқанын берді!” деп жүріпті.

Мен 1978 жылдың шілде айында Алматыдағы “Алма-Арасан” шипажайында емделіп, дем алған едім. Жан-жақтан келген қазақтар судың жағасына жиналып, танысып-білісіп жатамыз. Бір жексенбі күні қой сатып алып, ас қылып, ән-жыр айтысып отырғанбыз. Басқарушымыз торғайлық бір жас жігіт, әрқайсымызға сөз беріп, ән салдырды. Кезек маған келгенде “Менің – туған жерім Көкшетау, тұрағым – Қызылжар” дедім. “Ендеше, екі үлкен еліңіз үшін екі ән айтасыз!” деп бұйырды әлгі жігіт. “Мүмкін, араларыңызда суырып-салма ақын да бар шығар. Ондай өнері барға рұқсат” деп те жатты. Мен өзіме мұндай өнер қонбағанын, алайда арғы бабам Орынбай Бертағыұлы екенін айтып салдым.

Осы сәтте бір егде әйел:

– Ол қай Орынбай? Аягөзде тамы салынған Қарауыл Орынбай ма? Айналайын, ұлының ұрпағы екенсің ғой. Біздің Семей өңірінің кемтар, аурусырқау жандары оның тамына түнеп, басына тәу етеді. Мал сойып, дұға оқытады. Марқұм аруақты адам екен ғой сенің атаң! – деді.

Таныса келгенде әлгі әйелдің өзі де тегін адам болмай шықты. Абай Құнанбаевтың туған ағасы Тәкежанның немересі екен. Оның Данияр деген ұлынан туыпты.

Орынбай атамның жерленген өңіріндегі тамын көзімен көріп, айтқан әлгіндей әңгімесінен соң Арқаның арда ақынының тәні бұйырған топырақ туралы анық ақиқатқа қанықтым. Ал кейбір деректерде, Орынбай туралы жазылған кітаптарда жіберілген жаңсақ сөздерге енді жол бермеу керек.

Ұлының артында қалған ұрпағының үлкенімін. Осы орайда менің Қиман атам: “Біздің әулетте сексеннен асқан жан жоқ еді. Мені Жаратқан кәріліктің қиындығын көрсін деп қалдырған ғой” деуші еді. Екінші бір туысымыз Қайыржан Бекейұлы да ұзақ жасап, тоқсаннан асып, 1998 жылы өмірден өтті. Ал, Орынбай бабамыз сексенге жетпей, жетпіс сегізге қараған шағында қайтыс болыпты.

Биыл оның туғанына 200 жыл болады. Айтыстың ақтаңгері атанып, алдына ақын түсірмеген Орынбайдың кейінгі ұрпақтары, Қазақ елі, өзі туған Көкше, Қызылжар өңірлері осы дүбірлі тойын өткізіп, ардақтысын еске алса, құба-құп болар еді.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp