Дүйсенбі күні облыс әкімі Самат Ескендіров орақ науқанында қалыптасқан жағдайға байланысты селекторлық кеңес өткізіп, қарқынды еселей түсу, жиын-терімді 1 қазанға дейін аяқтау мін-детін қойды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеңесте облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралинов орақ науқанының барысына талдау жасады. Оның айтуынша, соңғы 15 күнде бір айлық нормадан артық ылғал түсіп, астық жинау қарқынына айтарлықтай өзгеріс енгізді.
16 қыркүйектегі жедел мәліметке қарағанда, облыс бойынша 2071 мың гектардың (58%) дәнді дақылдары дестеге түсіріліп, 43,7%-ы бастырылды, оның ішінде 515 мың гектар егін алқабы тура жиналды. Гектар берекелігі 13,4 центнерден айналуда. Егін оруда Қызылжар (71,1%), Аққайың (68,4%), Мамлют (66,1%) және Есіл (64,7%), астық бастыруда Мамлют (51,7%) және Аққайың (50,9%) аудандары көш бастауда. Ақжар, Жамбыл, Тайынша аудандары облыстық орташа көрсеткіштен төмен нәтиже көрсетуде. М.Жұмабаев, Айыртау, Қызылжар аудандары 15 центнердің үстінде өнім жинауда, ал Тимирязев және Шал ақын аудандарында бұл көрсеткіш тиісінше 10 және 11,1 центнерді ғана құрауда.
Ақжардан басқа барлық аудандар майлы дақылдар жинауға кірісті. Егін алқабының 144 мың гектары (32,8%) дестеге түсіріліп, 4,7%–ы бастырылды, одан 23,2 мың тонна өнім жиналды.
Картоп пен көкөніс жинау да қарқынды жүргізілуде. Картоптан ең жоғары өнімділік Тайынша ауданында – 246 центнерден, ал Ақжар мен М.Жұмабаев аудандарында тайыншалықтардан екі есе аз өнім алынуда.
Орақ науқанына 9682 астық жинайтын комбайн қатысуда, оның 2561-і – жоғары өнімді. Еңбекті дұрыс ұйымдастырған жағдайда 2561 заманауи комбайн күн сайын 100 мың гектарға дейін алқаптың астығын бастыруға тиіс. Алайда, жүргізілген сараптама Ақжар, Тимирязев және Шал ақын аудандарында олардың техникалық мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғандығын көрсетті.
Облыста жалпы сыйымдылығы 3,5 млн. тонна болатын лицензияланған 55 элеватор бар. Олар 240,5 мың тонна астық қабылдады. Астық қабылдайтын кәсіпорындарға түскен бидайдың 88%-ы – 3-сыныпты. Бұл көрсеткіш Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның элеваторларында – 100, Тайыншада – 99, Айыртауда – 93%-ды құрайды.
Ауа райының күрделі жағдайына байланысты дымқыл астықты кептіретін қондырғылар толығымен іске қосылуға тиіс. Алайда, агроқұрылымдардағы 123 астықкептіргіштің 93-і ғана жұмыс істеуде. Мұндай жағдай Ғ.Мүсірепов атындағы (11), Қызылжар (6), Мамлют (7), Тимирязев (5) аудандарының шаруашылықтарында орын алып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 88% жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілген. Алайда, Тайынша, Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың жеңілдетілген сұйық отын үшін есеп айырысу пайызы төмен.
Астық қабылдау кәсіпорындарына ылғалдылығы жоғары астықты кептіру үшін “Эталон-АвтоРесурс” ЖШС операторлары арқылы арзандатылған дизель отыны бөлінді. Аудандардағы элеваторлардың басшылары келісімшарт жасау, жанармайдың ақысын төлеу және оны облыстың мұнай базаларынан әкету жөніндегі жұмысты сылбыр жүргізуде.
Есепті кезеңде 229,3 мың тонна тұқым құйылып алынды, бұл жоспардың 45 пайызы. Ең көп тұқым құйып алғандар – Мамлют, Қызылжар, Аққайың аудандары.
Облыста жемшөп дайындау жалғасуда. 16 қыркүйекке дейін тапсырыс 106,6%-ға орындалды. Қолда бар малды қыстатып шығару үшін үстіміздегі жылы екіжылдық жем-шөп қорын әзірлеу міндеті қойылып отыр. Сабан әзірлеу жұмысы барлық аудандарда сылбыр жүргізілуде. Ақжар, М.Жұмабаев, Тайынша және Уәлиханов аудандарында бұл жұмыс басталған да жоқ.
Биыл 1200 мың гектар сүдігер жыртылуға тиіс. Әзірше ол 18,2%-ға ғана орындалды. Ақжар және Уәлиханов аудандары оған әлі кіріскен жоқ.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселе – орташа айлық еңбекақының ең төменгі деңгейде сақталып отырғандығы, бұл тұтастай алғанда өңірдің жалақы жөніндегі көрсеткішіне кері әсерін тигізуде. Статистика деректері бойынша үстіміздегі жылғы қаңтар-шілдедегі орташа айлық еңбекақы 50 910 теңгені құрады немесе орташа облыстық көрсеткіштен 30%-ға төмен. М.Жұмабаевтан басқа аудандарда жалақыны көтеру жөніндегі жұмыс өз дәрежесінде емес. Бұл мәселе орақ науқаны кезінде ерекше өзекті.
Облыс әкімі Самат Ескендіров күн тәртібіндегі мәселе жөніндегі аудан әкімдерінің есептерін тыңдады.
Ақжар ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков 264,9 мың гектар алқаптың үштен бірін дестеге түсіріп, 21%-ын жинап алғандарын жеткізді. Әр гектардан 12,2 центнерден өнім алынуда. Бұл ақжарлықтар үшін жаман көрсеткіш емес. Алайда, ауданның астық ору мен бастыруда облыс бойынша көш соңында келе жатуына, Мұхит Сексенбайұлының айтуынша, 101 мың гектар алқапты иеленетін, басшысының істі болуына байланысты көктемгі науқанды кеш аяқтаған “БогВИ” ЖШС барынша теріс әсер етіп отыр. Аталмыш компания инвестор болып табылатын М.Жұмабаев, Тайынша, Жамбыл аудандарындағы егін алқаптарында да осындай жағдай қалыптасқан. Мысалы, Жамбыл ауданының әкімі Орал Қаппасовтың мәліметі бойынша, богвилік агроқұрылым 4,1 центнерден ғана өнім алуда. Өңір басшысы “БогВИ” ЖШС-іне тиесілі жерлерден алынып жатқан мардымсыз өнімге мониторинг жүргізіп, оның басты себептерін анықтауды аудан әкімдеріне тапсырды.
Жамбыл ауданында астық қабылдап жатқан Қайранкөл элеваторындағы бидайдың 97%-ы 3-сыныпты болса, ал №4 астық базасында бұл көрсеткіш – 61% ғана екендігі қайран қалдырарлықтай.
Орақ науқанын ұйымдастыруда аудан басшысы Орал Қаппасовтың жіберіп отырған кемшіліктеріне ескерту жасай келіп, Самат Сапарбекұлы астық қабылдау мен оның сапасы бойынша келіспеушілік туындайтын болса, даулы мәселелерді өңірлік аумақтық инспекция мен элеваторларға бекітілген астық инспекторлары арқылы шешу қажеттігін атап айтты.
Аудан басшыларының ақпараттарына қарағанда, орақ науқанын аяқтаған шаруашылықтардың техникалары басқа агроқұрылымдарға көмекке жіберілуде, жиын-терімді толық аяқтауға әлі де екі аптадай уақыт қажет.
Облыс әкімі селекторлық режімде өткен кеңесті қорытындылай келе, күндік норманы еселей түсу қажеттігін атап айтып, орақ науқанын 1 қазанға дейін аяқтау міндетін қойды.