«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП МҰРАЖАЙЫНА – 35 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жерлес жауынгерлердің ерлігі мен қаһармандығын өскелең ұрпақ арасында насихаттап, ел жадында қалдыру мақсатында облыс орталығындағы №2 орта мектепте 314-атқыштар дивизиясының мұражайы жұмыс істейді.

Анна КУЧЕРЕНКО,

еңбек ардагері.

1978 жылдың 11 мамыр күні аталмыш дивизияның байланыс бөлімінің командирі Алексей Овчинниковтың және сол кездегі мектеп директоры Г.А.Шишкиннің мұрындық болуымен ашылған мұражай білім ордасы оқушыларының сүйікті орындарының біріне айналған. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, жалпы ерлік атаулыға тағзым ету мақсатында ашылған мұражайда Отан үшін от кешіп, мұз құрсанған ерлеріміздің ерлік істері баяндалған. Онда Ленинград қаласын қорғауда ерен ерлік көрсеткен 314- атқыштар дивизиясы жайлы деректер мен жауынгерлердің қолданған бұйымдары көп кездеседі. Көнерген газет беттері, мұқабасы мұқалған кітаптар, майдан даласынан жазылған сарғайған хаттар мен жауынгерлік қару, байланыс құралдары, жауынгерлер жеген қара нан, жау оғы тескен каскалар, ұрыс даласынан әкелінген топырақ, тот басқан қару-жарақ үлгілері Батыс майдан жөнінде сыр шертеді.

Ал соғыс жылдары ерен ерліктің үлгісін көрсеткен дивизияның құрылу тарихына тоқталсақ, фашистік Германияға төтеп беру үшін 1941 жылдың маусымында Петропавл қаласында 314-атқыштар дивизиясы жасақталды. Оның құрамында Павлодар, Көкшетау қалаларының да азаматтары болғанымен, басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысының тумалары еді.  

Аталмыш дивизия 1941 жылдың 17 жұлдызында Солтүстік-Батыс майданына жіберіліп, 26 тамызда Ленинград облысындағы Лодейное Поле селосына аттанады. Ленинградты жаудан қорғау туралы бұйрық алған олар жауды қалаға кіргізбеу үшін 6-шы қыркүйекте алғашқы ұрысқа кіреді. Осылайша Ленинградты табан тіреп қорғайды. Жерлестеріміз өздеріне жүктелген тапсырманы абыроймен орындап, шайқас алаңында мыңдаған қазақстандық жауынгерлер қасық қаны қалғанша күресіп, ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандық жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың “Үлкен жермен” байланысын қамтамасыз етуге қатысты.

Аталмыш дивизия Свирь өзенінің бойында фашистердің күшімен шайқасып, кескілескен ұрыста жаудың бетін тойтарды. Міндеттелген бұйрықты орындаған жауынгерлер 1943 жылдың басында Балтық жағалауын, Польшаны және Чехославакияны азат ету ұрыстарына қатысып, асқан ерлік көрсетті.

Төрт жылға созылған соғыс жылдары дивизияның 12000-нан астам жауынгерлері мен офицерлері орден, медальдармен марапатталса, үшеуі Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың бірі – солтүстікқазақстандық Павел Гончарь сапершілер бөлімінің капитаны болып, кескілескен ұрыстардың қақ ортасында жүреді. Жас болса да, 314-атқыштар дивизиясы 1074-атқыштар полкі кұрамында соғысқа қатысқан Павел Ивановичтің жасаған ерліктері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Ол 1942 жылы 17 сәуірде Ленинград облысы, Подпорожье ауданы, Свирь станциясы маңында өткен ұрыс барысында инженерлік жұмыстармен айналысып жүріп, “Т-34” танкісіне ту сыртынан жақындап қалған бір топ жау әскеріне тойтарыс береді. Фашистердің күші басым болса да, өзінің жігерлі қимылымен жау солдаттарының бетін қайтарып, танк пен оның экипажын ажалдан арашалап қалған. Ал 1942 жылы 21 сәуірде зақымданған “КВ” танкісін басып қалуға тырысқан жауға пулеметтен оқ боратып, 25 жау әскерін жойып, 50-ден астамын жаралады. Сапер қызметінде 1942 жылы 212 танкіге қарсы пайдаланылатын минаны, ал 1943 жылы 128 минаны залалсыздандырса, Синявино биіктігін алудағы ұрыстарда 21 жау минасының көзін жойды. Ленинградты қорғауда ерлікпен қаза тапқан Павел Гончарьға КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Отан соғысында талай боздақ қыршынынан қиылды. Жараланып, аман қалғандарының көбі дала емханасы мен госпитальда жатты. Бұл ретте жаралы жауынгерге жаңа өмір сыйлаған жандар – әскери санитарлар мен дәрігерлер еді. Майдан шебінде, ұрыс даласында жаралы жауынгерлердi от-жалынның арасынан алып шығып, күн-түн демей жанын аман алып қалудың амалын жасаған медбикелердің еңбегі ерекше екені сөзсіз. Осы орайда медициналық-санитарлық батальонның жеке құрамындағы дәрігер-терапевт Саха Бектасова, аға медбикелер. Мария Лобахина, Вера Неелова, Анна Елисеева және Елена Бочерникованың еңбектері өлшеусіз.

– Жаралы жауынгерге ұрыс даласында емдом шараларын жасау қиын болды. Әрі қазіргі уақыттағыдай ауруханалық ота жасау құралдар да болған жоқ. Сөмкеміздегі бар нәрсемен жауынгердің жарасын таңуға тырысатынбыз, – деп еске алады соғысты да, өлімді де өз көзімен көрген медбике Мария Лобахина.

Соғыс аяқталғалы 314-атқыштар дивизиясы жайында бірқатар кітаптар мен буклеттер басылып шығарылды. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай “Ерліктің ізімен” атты 4 сериялық кино түсірілсе, соғыс ардагері Алексей Овчинниковтың авторлығымен “Подвигу жить в веках” кітабы жарық көрді.

314-атқыштар дивизиясы жауға күйрете соққы бергені үшін ІІ дәрежелі Кутузов орденімен, ал оның құрамындағы атқыштар полктары Александр Невский орденімен марапатталды. 314-атқыштар дивизиясының құрамында болған жерлестеріміздің құрметіне қала орталығында бой көтерген мемориалдық ескерткіш кейінгі толқынның аға-ұрпаққа көрсеткен тағзымы іспеттес.

СУРЕТТЕ: 314-атқыштар дивизиясы мұражайынан көрініс.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp