«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮГЕДЕК КӘСІПКЕРЛЕРДІ “DELTA BANK” ҚОЛДАУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” мен “Delta Bank” акционерлік қоғамдары бірлесе отырып, “Даму-Көмек” бағдарламасы шеңберінде мүгедек кәсіпкерлерді қолдау бағытында республикалық акция өткізуде. Қаржы институты жалпы құны 1 миллион теңгеге бағаланатын құрал-жабдықтарды сатып алып, оларды салтанатты түрде мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге табыс етуде. Бұл мүгедек жандарға жеке бизнестерін ашуға немесе бар бизнесін кеңейтуге үлкен мүмкіндік жасап отыр. Осы екіжақты іскерлік байланыстың арқасында солтүстікқазақстандық Галина Белова мен Руслан Долобаев та өз армандарын жүзеге асырды.

Галина Белова – бала күнінен 2-ші топтағы мүгедек. Отбасылық табыс көзі ретінде үй жағдайында киім-кешек, тұрмыстық заттар тігуді қолға алған келіншекке өз ісін одан әрі дөңгелетіп әкетудің мүмкіндігі туды. “Даму-Көмек” бағдарламасы бойынша электрлі машинкаға ие болған Галина Белова одан әрі көрсететін қызметінің сапасы мен түрлерін кеңейте алатынына сенімді. Бұл бағдарлама бойынша осыдан бір жыл бұрын оның жұбайы Александр Владимирович те үлкен көмек көріпті.

Ал Руслан Долобаев – 3-ші топтағы мүгедек. Руслан спортпен белсенді айналысып, өз замандастары арасында пауэрлифтинг бойынша халықаралық спорт шебері атанған. Ол мәтіндерді басу мен құжаттардың көшірмесін түсіру, басқа да компьютерлік қызметтер көрсету ісін қолға алып, қызмет жасауды бұрыннан армандапты. Енді, міне, “Даму-Көмек” бағдарламасы бойынша “HP Laser Jet” көп функционалды қондырғыға ие болған Руслан жақын арада халыққа өз қызметтерін көрсете бастамақ.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсететін “Даму-Көмек” бағдарламасы үш жыл бойы жұмыс атқарып келеді. Бүгінге дейін аталмыш бағдарлама сайтында еліміздің 1180 мүгедек кәсіпкері өтініш білдіріп, олардың 784-іне көмек берілген. Ал біздің өңір филиалына келіп түскен 30 өтініштің 26-сына қолдау көрсетілген.

Бағдарлама жайындағы түбегейлі ақпаратты www.damu-komek.kz сайтынан алуға болады. Бағдарлама бизнесте өз әлеуетін жүзеге асыруға ниетті, рухы мықты, қажырлы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау үшін арнайы дайындалған.

СУРЕТТЕ: “Delta Bank” АҚ-ның өңірлік филиалының директоры М. Теміров мүгедектерге қолдау көрсетіп, сыйлықтарын табыс етуде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp