Қайсыбір елдің, жердің, өзен-сулардың халық қалап қойған атауы болады. Мәселен, біздің ауданымыздың атауы – Тайынша. “Бұл қашан, қайдан, қалай пайда болған атау?” деген сұрақ туындап жатады.
Орынбай ӘЛЖАН,
Теңдік ауылының тұрғыны.
Биыл аталмыш Тайынша жәрмеңкесінің ашылғанына 150 жыл болды. Олай болса, туған өлке тарихына кішігірім саяхат жасап, бір үзік сыр шертуді жөн көрдім.
Біздің аудан орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырымдай жерде, қазіргі Киров ауылының жанында шағын көл бар. Ол көл Тайынша (яғни, ірі қараның төлі – тана) деп аталады. Ал жергілікті шаруашылықтың №4 бөлімшесі орналасқан жерде екінші шағын көл – Сеңдікөл бар. Екі көлдің арасы – 4-5 шақырым. ХІХ ғасырдың орта шенінде, 1863 жылдары Қызылжардың Ганьшин атты І-гильдиялы көпесінің таңдауы дәл осы екі көлдің аралығында тоқтап, жәрмеңке ашылған.
Жәрмеңке жылына 2 рет: 25 сәуірден 25 мамырға дейін (көктемгі) және 1 қыркүйектен 1 қазанға дейін (күзгі) өткізіліп тұрған. Жәрмеңкенің өткізілетін мерзімі халықтың қажеттіліктері мен тұтыну мөлшеріне байланысты болған. Көршілес Ресейдің Нижний Новгород, Самара, Ірбіт жәрмеңкелерінен келетін саудагерлер қазақ даласына қажетті өндіріс тауарларын жергілікті халықтың мал шаруашылығы өнімдеріне, малдарына айырбастаған. Кейде жергілікті халық тауарды бір базардан екіншісіне дейін қарызға да алады екен. Ең қызығы, осынау алыс-берістің көбі саудагер мен алушының арасында ешбір құжатсыз, сөз жүзінде жүзеге асырылған. Қол алысып, орысша айтқанда, “слова купца” – сөз беру белгілі бір шартты мерзімде орындалып отырған. Әрине, ата-бабаларымыз сөздің қадір-қасиетін білген ғой.
Ұйымдастырылған жәрмеңкеге жиналған жұртшылық саудасаттықпен шектеліп қана қоймай, ел үлкендері мен билер алқасы жер дауын, барымта, ұрлық-қарлыққа қатысты мәселелерді шешетін болған, балуандар күресі, айтыстар ұйымдастырылып, ақындар мен әнші-күйшілер өнер көрсеткен. Тайынша базары бірте-бірте асқан дарын иелері жиналатын өнер ордасына айналады. Мәселен, Орынбай, Шөже, Арыстанбай, Біржан сал, Ақан сері, Тезекбай сынды қазақтың майталман ақын-жыршылары өз өнерлеріне дүйім жұртшылықты тәнті еткен. “Қыркүйек базарының” бір тұсында ақындар айтысып жатса, енді бірінде әсем ән мен қоңыр күй әуендері адамның жан дүниесін тебірентіп, өзіне баурап алады екен. Балуан Шолақ сол заманның ірі балуаны ғана емес, оның цирк өнерінен де хабары болған. Мысалы, шауып келе жатқан жүйрік аттың біресе оң жағына, біресе сол жағына түсіп-мінсе, кейде аттың үстінде тік тұрып та шабады екен. Тұла бойындағы күш-қуатын басқа да амал-тәсілдермен көрсете білген. Оның осы жәрмеңке туралы:
“Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында
Көтердім 51 пұт гірдің тасын”, –
деген сөздері бар.
Осынау танымал жәрмеңкенің дәл біздің өңірімізде орналастырылуының өзінде бір мән бар шығар?! Әрине, туған өлкеміздің суы таза, оты шүйгін, табиғаты жан-жануарға жайлы. Оған қоса, көршілес Ресеймен шекаралас. Кезінде Ганьшин мырзаның жәрмеңкеге арнап дәл осы өңірді таңдауында да осынау қолайлы жағдайлар ескерілген болуы керек. 1927 жылдары Кеңес өкіметі тұсында Тайынша жәрмеңкесі жабылып қалды. Соңғы рет жиналған базарды жергілікті белсенділер мен ОГПУ-дің өкілдері күшпен таратып жіберді. Себебі, 1928 жылы байларды кәмпескелеу науқаны күтіп тұрды, олардың мал-мүліктері тәркіленіп, Ф.Голощекин бастаған Қазақстан өлкелік партия комитетінің жер аудару туралы жасырын қаулысы шыққан болатын. Ресей Халық Комиссарлары Кеңесінің 1920 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен 1921-1922 жылдары Петропавл-Көкшетау темір жолы салынды. Құрылыс жұмыстарына солтүстікқазақстандық азаматтармен қатар, Орталық Ресейден, Оралдан, Сібірден келген құрылысшылар да жұмылдырылды. Ұзындығы 133 шақырым темір жол 1922 жылы маусым айының бас кезінде салынып бітірілген. Ал біздің стансаға Тайынша жәрмеңкесінің атауы берілді. Бүгінде қаламыз бен ауданымыздың “Тайынша” аталуы осыдан бастау алады.
Тайынша ауданы.