Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өңіріміздің кәсіпкерлерімен және қоғамдық бірлестіктерімен кездесіп, төрт қоғамдық ұйымға тіркеуден өткендігі туралы куәлік тапсырды.
Кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, олардың істерін алға бастыру мақсатында облысымызда қоғамдық бірлестіктер жүйесі дамып келеді. Тіркеуден өткен қоғамдық ұйымдар облыс әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері бойынша сараптама кеңесіне мүше бола отырып, кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамалық актілерді жетілдіру жөніндегі жұмысқа тартылады. Кеңес жеке кәсіпкерліктің құқығын қорғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобасына сараптама жасап, қабылданған актінің заңды екендігін тұжырымдайды.
Биылғы жылы төрт қоғамдық бірлестік тіркеуден өтіп, оларға тиісті куәліктер табыс етілді. Олардың ішінде Солтүстік Қазақстан облыстық сауда-өнеркәсіп палатасы мен “СҚО фармацевтикалық бірлестіктер қауымдастығы” ЗТБ-і төртінші рет, “СҚО құрылысшылар қауымдастығы” ЗТБ-і үшінші рет, ал жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлескен “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығы бірінші рет тіркеліп отыр. Бұл куәлікті қоғамдық бірлестіктер үш жыл бойы пайдалана алады.