«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛАҚЫНДЫҚ ЕЛЕНА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік тілді жақсы меңгерген орыс жастарын анықтау және ынталандыру мақсатында “Тіл – халық жанын танудың кілті” атты жыл сайынғы республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

 Өңіріміздің қазақ тілінің білгірлері Достық үйінде жиналды. Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен “Қазақстанның орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің филиалы бірлесе өткізген сайысқа Айыртау, Қызылжар, Ақжар аудандарынан басқа аудандар мен облыс орталығынан үміткерлер қатысты. Алдымен олар сауалнама толтырып, лексика-грамматикалық тест тапсырмаларын орындады. Жазбаша және ауызша тапсырмалардан тұратын екінші кезеңде үміткерлер берілген тақырып бойынша монолог құрып, эссе жазуы тиіс болатын. Соңғы, үшінші кезеңде қазақ әдебиеті классиктерінің өмірбаяндарына қысқаша тоқталып, прозалық немесе поэзиялық шығармалардан үзінді оқыды.

Байқаудың облыстық кезеңінен оза шауып шыққандардың арасында республикалық сайыста Гранпри ұтып алғандары да болды. Солардың бірі – Екатерина Смирнова. Ол республикалық сайыста бас жүлдені жеңіп алған. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің журналистика факультетінде оқиды. Биылғы жылы облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, республикалық байқауға жолдама алған жеңімпаз – Шал ақын ауданының тұрғыны, М.Ахметбеков атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Елена Смирнова. Желтоқсан айында Астана қаласында өтетін ақтық сайыста ол өңірімізге жеңіспен оралады деген сенім білдірді байқауды ұйымдастырушылар.  

Уәлихановтық Светлана Цэрнэ екінші орын алды. Үшінші орын Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Юлиан Черняевке бұйырды. Үміткерлер арасында Тайынша ауданындағы Вишневка орта мектебінің 9-сынып оқушысы Даниил Свинцицкийдің жазбаша тапсырмаларда ерекшеленгенін айта кету керек. Ол сайыс қорытындысы бойынша “Сөз шебері” аталымын ұтып алды. Аққайыңдық Анастасия Базалева “Мәнерлеп оқу шебері” аталымына лайық деп танылды. Петропавлдық Марина Балуба “Тесті үздік орындаушы” аталымының иегері болды. Ол – М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы. Байқауда жеңіске жеткен қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp