«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҢЫР БҰЛТ ҚОЮЛАНЫП БАРАДЫ Ендеше асыққан абзал

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қоюлана түскен қоңыр бұлттар қамшысын үйіретін күз бұл. Сондықтан асықпаса болмайды, бір жауса, апталап жауатын күзгі жауын-шашынға іліктірмей, танаптағы ырыс дәнін жинап алу диқан қауымның басты мақсатына айналған. Осыны жақсы түсінетін Қызылжар ауданындағы “Ер-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анатолий Шушамоин бүгінде шаруашылықтың барлық техника күшін астық бастыру жұмыстарына жұмылдырған. Оны дестедегі рапс дақылын жинап жатқан танап басында жолықтырып, сөзге тарттық.

– Көріп отырсыздар, ауа райы түнеріп тұр, оның болжамын күнбе-күн қадағалап, алаңдап отырған жайымыз бар. Бүгін мына 105 гектар алқапты бітіріп, ертең соңғы танаптағы рапс дақылын жинауды аяқтаймыз, сосын қайтадан бидай мен арпаны бастыру жұмыстарына жаппай жұмыламыз. Қазір бұл жерде серіктестігіміздегі 11 комбайнның 6-ы жұмыс істеуде. Осы танаптан 17-18 центнерден өнім алынып жатыр, бұл рапс дақылы үшін өте жақсы өнімділік болып саналады. Ал, жалпы шаруашылығымыздағы науқан басынан бергі орташа гектар шығымдылығы 15 центнердің үстінде. Ылғалға тигізбей, жылдам жинап алар болсақ, жүз пұттық өнімділіктен көрінуіміз әбден мүмкін, – дейді Анатолий Фролович.

Шаруашылықтың егістік жері – 5500 гектар, оның 2710 гектарына – бидай, 589 гектарына – рапс, ал қалғанына арпа өсірілген. Егін алқабына биылғы 25 мамырдан 25 шілдеге дейін бір тамшы ылғал тамбаған жағдайда мынадай гектар берекелілігі – серіктестіктегі жоғары егіс технологиясының арқасы. Айталық, бидай тұқымының шығымды “Шортанды-95”, “Омбы-35”, “Памяти Азиева” және арпаның “Астана-2000” тұқымдары пайдаланылды. Егістік алқаптардың 1000 гектары минералдық тыңайтқыштарымен қоректендірілді, сондай-ақ барлық алқапта толық көлемде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте серіктестіктің “Астана-Нан” АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отырғанын атап өткен жөн, биыл олардан 15 миллион теңгенің гербицидін алып пайдаланған.

Шаруашылықтың жоғары өнімділікке қол жеткізуіне оның осызаманғы жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларымен жарақтандырылуының да септігі тиіп отыр. 2004 жылы ғана құрылған серіктестікте ескі техника жоқ. Оның иелігінде бүгінде 11 астық комбайны бар, олар түгелдей жоғары өнімді осызаманғы талапқа сай техника, атап айтқанда, екеуі – “Есіл-760”, екеуі – “Вектор-410” және жетеуі – жетілдірілген ресейлік “Руслан” комбайндары. Оларды астық дестелеуге немесе тура оруға қайта жабдықтай қою онша уақыт алмайды. Соның арқасында науқан барысында орақ тактикасына сай жұмыс жүргізу де жеңілге түскен.

Серіктестік басшысы шаруашылықты техникалық жарақтандыруда “Қазагрофинанс” АҚ-мен ынтымақтастық жұмыстарының өте нәтижелі болғанын айтады. Басында 11 пайыздық несиемен бір-бірден “Вектор” және “Есіл” комбайндарын және екі канадалық егіс кешенін алған олар қаржы орталығымен қазір 6 пайыздық несиемен жұмыс істейді. Кейінде тағы бір егіс кешенін және бірнеше астық комбайндары мен тіркемелі жаткалар қосқан оның техникалық қуаты арта түсті. Бүгіндері орақ жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқаны соның арқасында.

– Механизаторларымыз тәуліктің жарық кезін барынша тиімді пайдаланып, шық түскенше жұмыс істеуде. “Еңбегіне қарай өнбегі” демекші, табыстары да жаман емес. Орақтағы озаттардың айлық жалақысы 500-520 мың теңгеден айналады. Жалпы науқан барысындағы орташа еңбекақы 350 мыңнан кем болмауы тиіс. Жұмысшыларымызға ақы төлеуде өңірде алдыңғылардың қатарынан табылатын шығармыз деп ойлаймын. Мысалы, өткен жылы серіктестікте жылдық сыйақыларын, бәрін қосып есептегенде орташа айлық еңбекақы 89 мың теңгеден айналды, – дейді Анатолий Шушамоин.

Еңбек жайын сөз еткен соң, ондағы үздіктерді де атап өткен жөн. Шаруашылықтың маңдайалды механизаторларының қатарында алдымен ағайынды Архиповтардың есімдері аталады. Отбасылық әулеттің басы – Федор Архипов “Есіл-760” комбайнымен күндік міндеттемесін біржарым есе орындап жүрсе, оның ұлы Николай “Вектор-410 комбайнында әкесінен де өнімдірек еңбек етуде. Ал астық тасымалындағы ұлы Виктор “КамАЗ” жүргізушілері ішінде үздіктер қатарында. Сол сияқты орақта ерен еңбектерімен көзге түсіп жүргендер қатарында “Вектор-410” комбайншысы Қайыргелді Молдахметовтың, “КамАЗ” жүргізушісі Владимир Молофеевтің, тіркемелі “Полесье” жаткаларымен егін дестелеуге жүрген “МТЗ-82” тракторшылары Сергей Макаров пен Игорь Рябошапконың есімдерін атауға болады.

Қазір егін алқаптарында тіркемелі жаткалармен төрт “МТЗ-82” тракторы жұмыс істеп жүр. Бидайдың дестеленетін алқаптарын түгелдей орып болған олар кешеден бері арпаны дестеге түсіруге кіріскен. Қазіргі уақытта егін алқаптарының 60 пайыздан астамын жинап алған серіктестік диқандары рапстың соңғы танабын бастырған соң барлық күшті бидайға салмақшы. Оған бірден он комбайн қосылады. Жетпіс пайыздан астамы орылған бидай алқаптарының қалғанын алдағы 4-5 күннен қалдырмай жинап алуды көздеп отыр.

Серіктестіктің орталық қонысы – Боровское ауылындағы қырманға шаруашылықтың өз қаржысына жаңадан “СВТ-40” механикалық қырманын қойғаны көп істі жедел шешуге көмегін тигізуде. Соның арқасында тазартылып, бастапқы өңдеуден өткен 1,5 мың тонна тұқым құйылып алынды. Қырманда жалпы сыйымдылығы 4 мың тонна астық қоймалары бар. Элеваторға өткізілген 600 тоннадан астам жаңа егіннің бидайы тегіс 3-ші сыныппен қабылданған.

Боровское және көрші Архангелка ауылдарының механизаторлары еңбек ететін серіктестік ұжымында барлығы 41 адам орақ жұмыстарына жұмылып отыр. Олардың бүгінгі басты мақсаттары – маңдай терлерімен өнген ырыс дәнін жауын-шашынға тигізбей, ысырап қылмай жинап алу. Ол үшін, әрине, асықпай болмайды, өйткені, қоюланып бара жатқан күздің қоңыр бұлты айығатындай сыңай танытатын емес.

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай – бригадир Анатолий Усолкин; серіктестік басшысы Анатолий Шушамоин; комбайншылар Николай Архипов және Қайыргелді Молдахметов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp