Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист.
Облыс бойынша Қызылжар ауданы егін оруда қарқындылығы мен өнімділігі жағынан алда келеді. Мұнда гектар берекелігі орта есеппен 15 центнерден айналуда. Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс қызған алқаптардың басында болып, қызылжарлық диқандармен кездесті.
Қызылжар ауданындағы “СБИ-Агро-Ташкентка” серіктестігі 12 мың гектар алқабының 8 мыңына – рапс, 4 мыңына бидай сепкен екен. Маңызды науқанда аталмыш дәнді дақылдарды оруға 15 техника жұмылдырылған.
Березов ауылдық округіндегі “Большемалышенское” ЖШС-нің алқаптары 1070 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде астықтың 75 пайызы жинап алыныпты.
– Егін жинауға 5 комбайн, 1 трактор тартылды. Астық берекелігі – 16 центнер. Орақ науқанын уақытында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деген “Большемалышенское” ЖШС-нің директоры Ерғали Ғабдулин мамырдың 20-сынан кейін егілген бидай жақсы өнім беретіндігін жеткізді.
Ал “Окан-Агро” ЖШС биыл 6200 гектар жерге дәнді дақылдар жайқалтты. Бүгінде оның 60 пайызы жиналып, қамбаға құйылған. Өңір басшысы Самат Ескендіров астықты тазалау алаңына барып, ол жердегі жұмыспен де танысып, серіктестікке егін орағын 10 күн ішінде аяқтауды тапсырды.
Осы күні өңір жетекшісі Гончаровка ауылдық округінің алқаптарына соқты. Онда 5000 гектар жердің 2500-і – астықты алқаптар. Биыл мұндағы шаруа қожалығы 642 гектарға рапс, қалғанына бидай еккен.
– Бидайдың 60 пайызы, майлы дақылдардың 70 пайызы орылды. Бүгінгі күні бидайдың өнімділігі –17 центнер, майлы дақылдардан 23 центнерден өнім алып жатырмыз. Ауа райы қолайлы болса, барлық жұмыстарды уақтылы аяқтаймыз, – деді “Гончаровка” ЖШС-нің директоры Науан Дәуренбеков.
Серіктестік мал шаруашылығымен де айналысады екен. Олардың қарамағында симменталь тұқымдас 170 бас ірі қара, 85 бас жылқы бар. Үстіміздегі жылы шаруа қожалығы 112 бас ірі қараны “Сыбаға” бағдарламасы бойынша сатып алыпты.