«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ ӨНІМІМІЗДІ ӨТКІЗСЕК, ҰТАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бір топ тауар өндірушілер мен ірі сауда орындарының өкілдерін жинап, кеңес өткізді. Онда жергілікті азық-түлік тауарларын өндірушілердің өнімдерінің сатылу көрсеткіштерінің төмендеп кеткендігі сөз болып, осыған байланысты отандық өнімдердің сатылымын арттыру мәселесі төңірегінде әңгіме өрбітті.

Жергілікті азық-түлік өнімдерін өндірушілер 2012 жылы тауарларын сатудан 53 миллиард теңге табыс көрсе, биылғы жыл басынан бергі 8 ай ішінде отандық тауар айналымы өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 3 пайызға ғана жоғарылаған. Бүгінгі таңда тауарлардың сапасы мен отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті болуына мемлекет тарапынан үлкен мән беріліп, азық-түлік технологиясы мен құрал-жабдықтарын жан-жақты жаңғыртып жатқан кезде мұндай көрсеткіштің көңіл көншітпесі анық. Сондықтан облыс әкімі Самат Ескендіров осы салада серпіліс жасау міндетін қойып отыр.

Облыс орталығындағы ірі сауда орындарында жергілікті тауарлардың сатылу көрсеткіші төмен екендігін сөз еткен Қайрат Бекенов саудагер кәсіпкерлерді отандық тауар өндірушілердің өнімдерін қолдап, олардың тауарлары ішкі нарықта молынан сатылуына қолғабыс жасауға шақырды. Атап айтқанда, Петропавл қаласындағы ірі 20 сауда үйі өңірімізді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге сауда жасайтын орын бөліп, олардың өнімдерін жарнамалауға көмек көрсетулерін сұрады.

Осы мәселеге байланысты сауда орталықтарының өкілдері мен тауар өндірушілердің арасында түсініспеушіліктің бар екендігі де анықталды. Әсіресе, баға тұрақтылығы мен тауарларды уақтылы жеткізіп тұру жайында айтылды. Сондай-ақ өңіріміздің ішкі нарығындағы азық-түлік тауарларының айналысына сараптама жасаған мамандар, шетелдерден келетін тауарлардың отандық өнімдерді нарықтан ығыстырып бара жатқанын жеткізді. Әсіресе, ірі қара мен құс еттерінің, сары майдың, сүттің импорт түрлері көбейіп кеткен. Шетел өнімдерін көп сататын сауда орталықтарында жергілікті кәсіпкерлердің тауарларын табу қиын, деген ойын жеткізген Қайрат Бекенов жиында екі мәселені – біріншіден, қалалық Кәсіпкерлік бөлімі сауда үйлеріндегі тауарлардың түрі мен сапасын бақылауы қажеттігін, екіншіден, сауда үйлері мен тауар өндірушілер арасында жылы іскерлік байланысты нығайтатын уақыт жеткендігін қадай айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp