«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАТ және РЕСУРС ҮНЕМДЕУ – өнеркәсіптегі өзекті мәселе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Александр ИВАНИЩЕВ,

облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Қуат тиімділігі әлемнің жетекші елдерінде экономиканы дамытудың өзегі болып табылады. Оның шығынын азайту біздің еліміз үшін ерекше маңызды. Сондықтан Елбасы индустриялық-инновациялық даму аясында еліміздің ішкі жалпы өнімінің қуат жұмсауын 2015 жылға қарай кемінде 10 пайызға және 2020 жылға қарай 25 пайызға азайту міндетін қойды. Бұл болашақта экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ресурс үнемін және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған “Қуат тиімділігі – 2020” бағдарламасы осы саладағы кешенді міндеттерді шешуге бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыру экономиканың негізгі салаларына қозғау салады және ең бастысы – қуаты тиімді қоғамның қалыптасуына ықпал ететін болады. Сонымен бірге қуат тиімділігі “жасыл” экономика тұжырымдамасының басты блоктарының бірі болып табылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда тиісті нормативтік құжаттардың күшіне енуіне байланысты Мемлекеттік энергетикалық тізілімді (МЭТ) қалыптастыру және жүргізу басталды, “Қазақ-энергоэкспертиза” АҚ оның операторы болып белгіленді. Барлығы бүгінде 5388 ұйым МЭТ субъектілері болып табылады, соның ішінде СҚО бойынша – 691.

Тізілім негізгі қуат ресурстарын тұтынушыларды айқындайды және мемлекетке олардың қуат тұтынуына мониторинг жүргізуге, қуат үнеміне ынталандыруға мүмкіндік береді. Барлық МЭТ субъектілері қуат аудитін жүргізуге міндетті, оның қорытындылары бойынша қуат ресурстарын тұтынуды азайту жөніндегі шаралар жоспарын жасауы және жүзеге асыруы тиіс.

Өнеркәсіп секторы барлық қуат ресурстарын тұтынуда ғана емес, жоғары әлеуетіне байланысты қуат үнемдеуде де басым болып табылады, сондықтан облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарында қуат аудитін өткізуге айрықша көңіл бөлінеді, оған “Қазақэнергоэкспертиза” АҚ-ы 2014 жылдан бастап кіріседі. Қуат тиімділігін арттыру инновациялық шешімдерді енгізуді, ғылымды дамытуды, жаңа технологияларды трансферттеуді ынталандырады. Индустрияландыру картасы индустриялық-инновациялық жүйенің мониторинг құралы болып табылады. Облыстың индустрияландыру картасына жалпы сомасы 40,8 млрд. теңгенің 30 инвестициялық жобасы енеді. Сомасы 25,8 млрд. теңгеге 26 жоба енгізілді. Картаның 25 пайызға жуық жобасы жоғары шектегілерге жатады (техникалық күрделіліктің 4-5 деңгейі).

“Мұнаймаш” АҚ-да “Өнімділік – 2020” бағдарламасы аясында құны 1,5 млрд. теңгенің “Мұнай өнеркәсібі бұйымдарын механикалық өңдеу өндірісін жаңғырту” жобасы жүзеге асырылды. Әлемдік стандарттар бойынша ең жаңа қондырғы қойылып, оны пайдалану механикалық өңдеу жөніндегі өнімділігі өсімін 5 есе қамтамасыз етті.

2012 жылы Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында “Зенченко және К” КС-і Данияда шыққан жалпы жобалық қуаттылығы 1,5 Мвт, жылына 8 млн. кВт./сағаттан астам электр қуатын өндіретін екі жел энергетикалық қондырғысын орнатты.

Тайынша ауданындағы “Тиолайн” ЖШС-інде шетелдік нарыққа шығарылатын титан-цирконий қоспаларын алатын кен құмын байыту технологиясы игерілді. Ал Ақжар ауданында “Шунгит” ЖШС-і тау жынысы тастарын өңдеу үшін жоғары өнімді Швеция қондырғысын қойды, “Ақтөбе CLASS” ЖШС-інде шыны өнеркәсібінде қолданылатын кварц құмын байыту жөніндегі фабрика салынды. Сол сияқты Новоишим май өңдеу зауытында немістік технологиялық жабдықтың қойылуы арқасында майлы дақылдарды өңдеу қуаттылығы тәулігіне бұрынғы 180 тоннадан 400 тоннаға дейін өсті.

Қызылжар ауданындағы “Молсервис” ЖШС-і Францияның жабдықтарын қойды, өндірісін жаңғыртты. Жоба сүт өнімдерінің сапасын жақсартуға және өткізу нарығын кеңейтуге ықпал етеді. Есіл ауданындағы “Егін” ЖШС-нің ұн үгу-макарон кешенінде өнім шығару өзі өндіретін ұнды пайдаланатын итальяндық жабдықта жүргізіледі.

Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірісті жаңғырту жүргізіліп жатыр, қуат үнемі жөніндегі шаралар қолға алынуда.

“ПАМЖ зауыты” АҚ-да сомасы 791,8 млн. теңгеге “Осызаманғы технологиялар мен жоғары өнімді жабдықтарды енгізу негізінде машина жасау өндірісін құру” жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылды, 24 осызаманғы жабдық сатып алынды. Зауытта өндірісте одан әрі жаңғырту жүргізу мақсатында Қазақстанда импортты алмастыратын өндірісті құру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру, өндірістің осызаманғы технологияларын игеру, өндірістің сапалық жаңа деңгейіне қол жеткізу және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жоспарлануда. Оған кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан “Арнайы және азаматтық маңызы бар жоғары технологиялық өнімдерді шығару жөніндегі инжинирингтік орталық құру мақсатымен өндірісті жаңғырту” және “Энергетикалық қазандық жабдығын дайындау жөніндегі өндірісті құру” жобалары жатады. Соңғы жобаның мақсаты Қазақстанда “ПАМЖ зауыты” АҚ-ның базасында энергетикалық компаниялардың қажетін өтеу үшін жылдық қуаты 2 мың тонна жаңа өндіріс құру болып табылады. Жоба Қазақстанның энергетикалық, мұнай өндіруші және металлургиялық өнеркәсібі үшін импорт алмастыру өндірісін құруға ықпал ететін болады.

“ПАМЖ зауыты” АҚ-ы қуат үнемі жөніндегі шаралар аясында тарифтік есептегіш құралдарын және өндірістік алаңдардағы жарықты басқару жүйелерін монтаждайды, термиялық учаскедегі қапталған ваннаны суыту жүйесін қайта жаңартады.

“С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ-ы 2011-2012 жылдары “Бизнестің жол картасы – 2020” және “Даму-Өндіріс” мемлекеттік бағдарламалары аясында өндірісін жаңғыртты. Қазіргі уақытта зауыт 2 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Олар “Доңғалақты техниканы жаңғырту үшін жаңа ғимарат құрылысы бар өндірісті кеңейту” және “С. М. Киров атындағы зауыт” АҚ-ның өндірісін жаңғырту” деп аталады. Зауытта көп қуат жұмсайтындарының орнына қуат үнемдегіш жабдықтар қойылған, люминесценттік шамдар диодтық жарық түрлеріне ауыстырылды.

“ЗИКСТО” АҚ-ы 2014 жылы қуат аудитін өткізу, ИСО 50001 стандарты негізінде қуат менеджменті жүйесін енгізу үшін қызметшілерін оқыту жөнінде дайындық жұмыстарын жүргізуде.

“Блок” ЖШС-і электр қуатының әртараптандырылған есебіне көшті, қуат үнемдегіш шамдар қойылды. Қазақстан Республикасы Президентінің осы жылғы 4 маусымдағы №579 Жарлығымен еліміздің 2020 жылға дейінгі инновациялық даму тұжырымдамасы бекітілді. Оның мақсаты жаңа технологиялар мен қызметтерді дамыту негізінде Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына енуіне ықпал ету болып табылады, ол экономиканың шикізаттықтан инновациялық үлгісіне көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі жаңа материалдар мен технологияларды тұтынуды кеңейту, Қазақстанның энергетикалық тепетеңдігінде қайта жаңартылатын қуат көздерінің өзіндік үлесін арттыру үшін инновациялардың өрістеуіне ықпал ету болып табылады.

Тұжырымдамаға сәйкес, болжамды шикізаттың қысқаруын есепке алатын елдегі инновациялар дамуы қайта жаңартылатын қуаттың, сымсыз коммуникациялардың желілік технологиялардың аясындағы ырғақты дамуды қамтамасыз етеді.

Қазақстанның дамуы биотехнологиялар, прогрессивтік инженерлік технологиялар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, аграрлық сектордағы үздік технологиялар, баламалы қуат және тиімді қуаттық технологиялар сияқты басым салаларда тоғыстырылған.

Жаңартылатын қуат көздерін дамыту үшін Қазақстанда зор әлеует бар. Қуаттың баламалы көздерін дамыту үшін “Болашақтың қуаты” тақырыбындағы Астанада өтетін “EXPO – 2017” халықаралық көрмесінің ұсынары мол.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp