«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАДИРА – республикалық сайыстың жүлдегері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таяуда Өскемен қаласында көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы XV республикалық байқауы өтті. Оған байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы Надира Шериматова қатысып, 3-орын алды. 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш байқау жергілікті жерлерде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеттерінің мұрындық болуымен ұйымдастырылып келеді. Мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу.  

Солтүстік Қазақстан облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы байқаудың облыстық кезеңін 2013 жылғы сәуірдің 19-ы күні Қожаберген жыраудың 350 жылдығына орайластырып өткізген болатын. Онда қатысушылар 3 тапсырма орындаулары керек болған. Оның екеуі – Оралхан Бөкейдің шығармашылығына, біреуі – Қожаберген жыраудың өлеңдерін мәнерлеп оқуға арналған. Осы облыстық кезеңде өзін-өзі сахнада ұстау, дауыс қою шеберлігі, оқу мәнерімен өзгелерден ерекшеленген Қызылжар ауданынан қатысқан Надира Шериматова көрермен жұртты да, қазылар алқасын да тәнті етіп, облыс намысын республикада қорғауға лайық деп танылған болатын. Жеңімпаз қыз сенімнен шығып, республикада жүлделі үшінші орынға ие болды.

– Оралхан Бөкей атындағы XV республикалық байқау Қазақстан Республикасы халқының тіл фестивалі аясында өтті. Оған еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалаларынан 16 мен 20 жас аралығындағы 16 талапкер қатысты. Байқау тапсырмаларына сәйкес талапкерлер прозалық, драмалық шығармадан үзінді оқу және мәнерлеп оқудан сынға түсті. Сондай-ақ Оралхан Бөкейден басқа да қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез келген көркем және драмалық шығармаларынан, өлеңдерінен үзінді оқуға рұқсат етілді. Байқаудың шарты бойынша оқылатын мәтіннің көлемі 2-3 минуттан аспауы керек. Сарапшылар Надираның көркем мәтінді оқу шеберлігін, оны таңдау талғамын, дауыс мәнері және тіл тазалығын, сахна әдебін жоғары бағалады, – дейді Қызылжар аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Орал Жанатов.  

Надираның айтуынша, көркем шығармалардан үзінділер, өлеңдерді мәнерлеп оқу бала күннен бергі әуестігі. Ол мектепішілік, аудан, облыс көлемінде өтетін түрлі байқаулардан шет қалған емес. Бұл оған ананың сүтімен берілген өнер деуге болады. Сондықтан өзінің бас ұстазы ретінде анасын атады.

– Біз отбасымызбен өнерге жақынбыз. Бұл өнер анамыздан дарыған. Ол бізді тіліміз шыға бастасымен-ақ дыбыстарды, сөздерді дұрыс айтуға үйретті. Өсе келе монолог, драма оқу ерекшеліктерін, дауыс қоюдың алғашқы әліппесін де бойымызға сіңірген – анамыз. Ал мектепте оқып жүргенімде бойымдағы өнерімді шыңдай түсу үшін білім ошағындағы драмалық үйірмелерге қатысу әдетіме айналды. Соңғы жылдары Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Анар Жұмағалиева жетекшілік ететін үйірмеге қатысып, жаттықтым. Байқауда Оралхан Бөкейдің “Сайтан көпір” прозасынан үзінді және “Жанар” драмасынан Жанардың монологын оқыдым. Үшінші тапсырмаға Мағжан Жұмабаевтың “Жан сөзін” таңдадым, – дейді Надира.

Оның айтуынша, байқауға қарсыластары да мықты дайындықпен келіпті. Қазылар алқасының шешімі де әділ болған. Олардың ұйғарымымен Гран приді Алматы қаласынан келген талапкер иеленген. Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Надира Шериматова алдына 1-орынға ие болған қарағандылық және 2-орынға лайықталған астаналық көркемсөз оқу шеберлерін салып, үшінші орынға табан тіреген.

Надира – Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев гуманитарлық колледжінің бірінші курс студенті. Алдағы уақытта Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, актерлік өнерді меңгеруді армандайды.

СУРЕТТЕ: Надира Шериматова.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp