Тағы бір кітап оқырманға жол тартты. Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Жантеміровтің “Сағындырған ауылым” кітабы автордың осы күнге дейін жарық көрген “Атақоныс-Ақтомпақ”, “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі”, “Жеті атаңды білесің бе?” деп аталатын еңбектерінің жалғасы іспеттес.
7 бөлімнен тұратын “Сағындырған ауылым” кітабын автор туған ауылы – Жамбыл ауданындағы Қарақамыс туралы ой толғаумен бастап, ата-бабалары жайлы сыр шертіп, елдімекенді сақтап қалу жолында атқарылған жұмыстар жайлы баяндаған. Әрине, туған жер, туған өлке, туған ауыл жырақтағы ұлдарына әрқашанда ыстық. Автор осы ойын шынайы жеткізген.
Аталмыш кітапта қиын да қызығы мол журналистиканың жалынан ұстап жүрген Амандық Жантеміров осы күнге дейін жариялаған мақалаларын жинап, топтастырған. Академик-жазушылар Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов, өңіріміздің басқа да тұғыры биік тұлғалары туралы, Ислам дінінің құндылықтары жайлы мақалалар, сұхбаттар, автордың журналистік қызметтегі естеліктері, сенімді серігі – қойын дәптеріне жазып жүрген қызықты оқиғалары енгізіліпті.
(Өз тілшімізден).