«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫБАЙЛАСТЫҚҚА – “НӨЛДІК ТӨЗІМДІЛІК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрлан ШАБДАР,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) бастығы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында қоғамдағы құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке “нөлдік төзімділік” қағидатын енгізу керектігін атап өткен болатын.  

Облыстық Қаржы полициясы департаменті азаматтардың құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға нөлдік төзімділігін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

Бұл орайда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, оларды сапалы түрде шешу бірінші кезектегі басымдыққа айналып отырғанын атап өту керек.

Аталған салада Қаржы полициясы қызметкерлері қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтауға үнемі талдау жүргізіп, қорытындысы біздің департаменттің отырыстарында, сондай-ақ аппараттық және жедел кеңестерінде тұрақты түрде қарастырылады.  

Барлық жазбаша түрдегі арыздар мен шағымдарға жауап тек қана департамент бастығы қолын қойғаннан кейін ғана жолданады.

Ұжымдық өтініштер бойынша оларды тексергеннен кейін түсіндіру және қабылданған іс жүргізу шешімін жеткізу үшін Қаржы полициясы бөлімшелерінің басшылары өтініш бастамашыларына барып, кездеседі.

Әрбір қайталама өтініш фактілері бойынша қызметтік тексерістер тағайындалады. Өтінішті тиісті дәрежеде қарамау фактілері расталған жағдайда нәтижелері бойынша кінәлі қызметкерлер мен олардың басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ жоғарыда аталған өтініштердің авторларымен Қаржы полициясы органдарының басшылары жеке кездесулер өткізіп, заңда көзделген тәртіпте олардың құқықтарын түсіндіреді.

Облыстық Қаржы полициясына өтініштердің келіп түсуінің артуы біздің органның қызметіне деген сенімнің өсу көрсеткіші деп білеміз.

Үстіміздегі жылдың 8 айында департаментке 651-ден астам өтініш келіп түсті. Олардың көпшілігі – жазбаша түрдегі өтініштер.

Сонымен қатар, азаматтардың өтініштері Қаржы полициясы органдарының “144” сенім телефонына, агенттіктің арнайы сайтына (Finpol.kz), агенттік төрағасының жеке блогына келіп түседі.

Өтініштерді қарау және тексеріс жүргізу нәтижесінде 603 өтініш бойынша шешім қабылданып, қалғандары қаралу үстінде.

Қаржы полициясы органдарына азаматтардан келген алғыс хаттардың саны артып, қайталама өтініштердің саны азаюда. Бұл департамент қабылдаған шаралар аталған бағыттағы жұмыс жағдайына оң әсерін тигізгендігін айғақтайды.

Қазіргі уақытта департамент басшылығы аптасына 5 рет азаматтарды қабылдау жүргізеді, ал аудандық бөлімшелерде қабылдау күн сайын жүргізіледі. Қаржы полициясы органдары басшыларының азаматтарды қабылдау кестесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тоқсан сайын бекітіліп, агенттіктің веб-сайтына орналастырылады. Сонымен қатар, қабылдаудың болатын күні мен уақыты, байланыс телефоны көрсетіліп, облыстық “Солтүстік Қазақстан”, “Северный Казахстан” газеттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланады. Әрбір Қаржы полициясы органдарының ғимаратында адамдарға көрінетін орындарда азаматтарды қабылдау кестесінің стендтері орналасқан. Айта кету керек, осы айдан бастап облыстың 12 мемлекеттік органында Қаржы полициясының арнайы стендтері орналастырылады. 2013 жылдың басынан бері департамент бастығы – 23 рет, орынбасарлары – 14 рет азаматтарды қабылдады және “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалы қоғамдық қабылдауында 10 жеке қабылдау өткізілді. Агенттік төрағасының шешімімен аумақтық Қаржы полициясы органдарында әр аптаның сәрсенбісі қадағалаушы органдардың кәсіпкерлер қызметіне негізсіз араласуына қатысты барлық мәселелері бойынша қабылдау күні болып жарияланды.

Мемлекет басшысының барлық отандық кәсіпкерлікті қолдау туралы тапсырмасына сай Қаржы полициясы органдары өзінің жеделқызметтік іс-әрекетінің басты басымдықтарының бірі ретінде бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғудан қорғауды белгіледі.

Мысалы, жеке кәсіпкердің арызы бойынша Агутин-Варум концертіне құны 416 мың теңгенің 26 билеті түрінде пара алды деген күдікпен облыстық Мәдениет басқармасының бастығы ұсталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазіргі уақытта іс соттың қарауында.

Жыл басынан бері департаментке кәсіпкерлерден 68 өтініш келіп түсті. Олардың басым көпшілігі бойынша тиісті шешімдер қабылданып, қалғандары өндірісте қаралуда.

Қаржы полициясы органдарының осы бағыттағы жұмысы Қазақстан Республикасының “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” Заңының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылады.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздарын қараумен қатар, белсенді түрде алдын алу жұмыстары жүргізілуде. “Нөлдік төзімділікті” қалыптастыру бағытында білім беру мекемелерінде, мемлекеттік органдарда семинарлар мен “дөңгелек үстелдер” өткізілуде. Сонымен қатар, “Жас Отан” жастар қанаты, “Нұр Отан” партиясымен бірлесіп флешмобтар, акциялар, дебаттық турнирлер, түрлі рейд шаралары ұйымдастырылуда.

Мысалы, үстіміздегі жылғы 23 мамырда “Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!” акциясы аясында білім беру мекемелерінің студенттері “Таза қол” атты флешмоб өткізген болатын. Бұл күні 100-ден астам жастар “Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!” ұранымен, ақ қолғаптармен және транспаранттармен қаланың орталық көшесімен жүріп өтті.

Айта кету керек, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлердің қатысуымен тұрақты түрде бұқаралық ақпараттық шаралар мен Қоғамдық кеңестің жиындарын өткізу шағын және орта бизнес субъектілерінің қордаланып қалған өзекті мәселелерін шешуге және бизнесмендердің құқықтық сауаттылықтарының артуына оң әсерін тигізуде.

Бұл шаралар, ең алдымен, мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мен ескерту бойынша кешенді жұмысының айғағы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp