«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІ НОРВЕГИЯМЕН серіктестік байланысын нығайтпақшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні облысымызға жұмыс сапарымен Норвегия Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Оле Йохан Берной келді. Елші “Мамлют ұн үктіру комбинаты” ЖШС-ін, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін аралап, түстен кейін облыс әкімі Самат Ескендіровпен кездесті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облысымыздың Норвегия Корольдігімен сауда байланысы шектеулі. Негізінен, импортқа құрылған байланыс аясын кеңейту мақсатында болған кездесу алдағы уақытта сауда-саттық саласында қоян-қолтық қарым-қатынасқа себеп болатындығына сенім білдірген Самат Ескендіров:

– Бүгінгі кездесуде екіжақты әріптестікті дамыту жайын қарастыруды мақсат етіп отырмыз. Әсіресе, бидай экспортына басымдық жасаудамыз. Сонымен қатар, 2 жыл бұрын білім беру саласында бірлескен жоба қолға алынды. Бірақ, ақылдаса келе, серіктестіктің жаңа қырларын да қарастыру керек деп ұйғардық, – деді.

Бұл орайда Оле Йохан Берной олар үшін ең бастысы сапа екендігін жеткізді. Сол себепті Норвегия ішкі нарыққа қажетті бидайдың 10 пайызын Қазақстаннан сатып алады екен.

– Жыл сайын Норвегияға Қазақстаннан 37 мың тонна шамасында қатты сұрыпты бидай жөнелтіледі. Біз бұдан өзге де сауда-экономикалық байланыстарды қарастыруға дайынбыз, – деді елші.

Кездесуге қатысқан агробизнес өкілдері аталмыш елмен серіктестік байланыс орнатуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Мәселен, “Әби Жер” ЖШС-нің директоры Игорь Гришанов өткен жылы Норвегия елінде болып, жақсы әсерге бөленгенін айтып:

– Сіздермен бөлісер тәжірибеміз жеткілікті. Сондықтан да серіктестік екі жаққа да тиімді болатынына сенімдімін, – десе, “Фирма Диқаншы” ЖШС-нің өндірістік базасының басшысы Виталий Мозгель норвегиялық нарықта астықтың қай түріне сұраныс бар екендігін сұрады.

Өңіріміз норвегиялықтармен тек агросалада ғана емес, техникалық білім беруді жетілдіруде де байланыс орнатқан. Қолға алынған бірлескен жоба аясында шетелдіктер жергілікті колледж студенттерімен құрылыс, тамақ өнімдерін дайындаудағы бай тәжірибесімен бөлісуді мақсат тұтқан. Сондай-ақ жерлестеріміз Норвегия Корольдігінің балық өсіру мәдениетімен кеңінен танысуға мүдделі.

– Себебі, сапалы балық өндіруден Норвегия – әлемде бірінші орында. Олардың тәжірибесі орасан. Облыс көлемінде 3 мыңға тарта көл бар. Негізінен, суы тұщы. Бұл саладағы мүмкіндіктеріміз де ауқымды, – деді облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов.

Бұл ұсынысты құптаған елші кәсіпкерлерден ынта мен тың инновация қажет екендігін жеткізді. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі:

– Біз әлі де әріптестіктің әр бағытын жекелей қарастырып, ортақ шешімге келуге әзірміз. Бүгінгі кездесу алдағы үлкен сауда байланыстарына жол ашатынына сенімдімін. Қызығушылық танытқан жергілікті кәсіпкерлер Норвегия Корольдігінің елшілігімен етене байланыс жасайды, – деді.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp