«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДЕГІ АХУАЛҒА ОҢ БАҒА БЕРГЕН ҚОС МИНИСТР үш облыстың агробизнес өкілдерімен кездесті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні өңірімізге Қаржы министрі Болат Жәмішев пен Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жұмыс сапарымен келді. Қос министр өңіріміздегі бірқатар нысандарды аралап, ауыл тұрғындарымен, диқандармен кездесті.    

Самат ЕСМАҒИ,

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

журналистер.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімі Самат Ескендіров пен Қаржы министрі Болат Жәмішев алдымен “Нұр Отан” ХДП-ның Тайынша аудандық филиалының кезектен тыс өткен 10-шы конференциясына қатысты.  

“Нұр Отан” партиясының Тайынша ауданындағы бастауыш ұйымдарының саны – 54. Мүшелікке енгендер үш мыңның үстінде. Бұл аудан тұрғындарының 15 пайызын құрайды. Кезектен тыс өткізілген X конференция барысында жалпы сегіз айда атқарылған жұмыс сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.

– Жаңа Саяси доктрина – бұл партияның конституциясы іспеттес. Себебі, ол елдің болашағын бағдарлап, жаңа көкжиектерге жол сілтейді. Құжатта негізгі 3 бағыт пен 7 басымдық айқындалған. Оны бірлесе отырып іске асырсақ, бүгінгі ахуалымыз одан да жақсара түсері сөзсіз. Сондықтан бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, нұрлы болашағымыз үшін еңбек ететінімізге сенім мол, – деді Тайынша ауданының әкімі, “Нұр Отан” ХДП Тайынша аудандық филиалының төрағасы Серік Салтықов.

“Нұр Отан” партиясының аудандық филиалында 205 белсендіден құралған ақпараттық-насихат тобы жұмыс істейді. Олар елді мекендерді аралап, халыққа Елбасы ұсынған “Қазақстан – 2050” Стратегиясының жай-жапсарын түбегейлі түсіндірген. Мақсат – құнды құжатты ел болып жүзеге асыру.

– “Нұр Отан” партиясы жаңа деңгейге көтерілуде. Жаңа Саяси доктринада “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру бағыттары көрсетілген. Мәселен, өзім мүшелік ететін “Гиппократ” бастауыш ұйымына тоқталсам, біздің бірінші кезектегі міндетіміз – сапалы медициналық қызмет көрсету. Құжатта ол негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Яғни, оның жүзеге асуына дәрігерлер жауапты. Өзгелері де өздеріне қатысты нақты тапсырмалардың сапалы орындалуына назар аударулары қажет, – деді “Нұр Отан” ХДП Тайынша аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, Тайынша аудандық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальский.

Конференция барысында Қаржы министрі де жаңа Саяси доктринаға қатысты өз ойымен бөлісті.

– Өздігінен ештеңе болмайды. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы осыны меңзейді. Оны бірлесіп жүзеге асырғанда ғана тұрмысымыз жақсара түсері сөзсіз. Партияның жаңа Саяси доктринасында ел экономикасын дамыту кеңінен көрініс тапқан. Ол қарыштап алға басса, барлық салаларда оң өзгерістер болады. Одан халықтың әл-ауқаты артпаса, кемімесі анық. Сондықтан оның орындалуына бәріміз атсалысуымыз қажет, – деді Болат Жәмішев.

Залға жиналғандар елордалық мейманға көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, оған нақты жауаптар алды.

Ал “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы Самат Ескендіров аудандық филиал мен оның бастауыш ұйымдарының жұмысын жоғары бағалады. Алайда, қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалуға болмайтындығын да тілге тиек етті.

Жиын соңында 24 қыркүйекте болатын партияның облыстық филиалының кезектен тыс XVIII конференциясына делегаттар сайланды.

Бұдан соң Болат Жәмішев “Нұр Отан” партиясы Тайынша аудандық филиалында азаматтарды қабылдады. Қаржы министріне өз мәселесімен келген тұрғындар саны – төртеу. Министрге қойылған сауалдар Тайынша қаласында қазақ тілінде дәріс беретін №5 орта мектепке жаңа ғимарат салуға, аудандық Мәдениет үйінің құрылысына қосымша қаржы бөлуге қатысты.

Қаржы министрі келер жылдың бюджеті бекітілетін кезде бұл мәселелер назарға алынатындығын айтты.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Тайынша және Аққайың аудандарындағы астық алқаптарын аралап, орақ барысымен танысты. Алдымен Тайынша ауданының егінжайларында болды. Мұнда орақ қызу жүріп жатыр. Көктемде егіс даласының 500 мың гектарына дәнді-дақылдар, 111 мыңына майлы дақылдар сіңіріліпті. Ауыл шаруашылығы алқаптарының 30 мың гектарына жуығы “Жаркөл” ЖШС-не тиесілі.

Солтүстікқазақстандық шаруалардың жұмысын жоғары бағалаған министр биылғыдай қолайсыз ауа райы жағдайында астықтың берекелілігі техникалық мүмкіндіктер мен агроқұрылымдардың дайындығына байланысты екенін айтты.

– Бәрі де – шаруалардың қолында. Әркім жоғары өнім алуға мүдделі. Алайда, ең қолайлы жылдың өзінде техникасын сайламаған, жанар-жағармай сатып алуға қаржысы жоқ шаруалар табылып жатыр. Үстіміздегі жылы да маңызды науқанға селқос қарағандары баршылық. Ал мына шаруашылық орақты қыркүйектің 10-ында бастаған. Соған қарамастан, астықтың жартысын жинап алды. Қолбайлау болатын мәселе жоқ, есесіне жұмыс та өнімді жүруде, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Тайынша ауданында маңызды науқан 73 пайызға еңсерілген. Орташа шығымдылық гектарынан 14 центнерден айналуда.

Бұдан соң министр Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС-де болды. Шаруашылық 600 бас симменталь, галштинофриз және қазақтың ақбас ірі қарасын күтіп-бағуда. Асылжан Мамытбеков серіктестіктің астықты алқаптарын да аралады. Күзгі жиын-терім жұмыстары мұнда 60 пайызға орындалыпты. Барлық егінжайдың аумағы 10 мың гектар шамасында. Гектарынан 21 центнерден өнім жиналуда. Майлы дақылдардың шығымдылығы да осы шамалас.

– Күзгі ауа райы жұмысқа кедергі келтіруде. Таңсәріден шық түсетіндіктен, жұмысқа ерте кірісе алмаймыз. Орақта күн-түн демей еңбектенуге етіміз үйренген. Астықтың 60 пайызын жинап үлгердік. Айдың соңына дейін орақ науқанын аяқтауға тырысамыз, – деді “Дайындық” ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов.

Үстіміздегі жылы Аққайың ауданында 200 мың гектарға тарта алқапқа дән сіңірілген. Орақ жұмыстары 77 пайызға еңсеріліпті. Жалпы облыс бойынша да астық жинау қарқыны жоғарылаған. Ауа райына қарамастан, өңір агроқұрылымдары бидайдың 68 пайызын дестеге түсіріп, 56 пайызын соғып алған.

– 352 мың тонна бидай элеваторларға жеткізілді. Оның 88 пайызы 3-інші сұрыпты. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Халықтың көңіл күйі жақсы, еңбекақылары төленіп жатыр. Жанар-жағармай бар. Науқанды айдың соңына дейін бітіреміз деген ойдамын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.

Кездесу соңында Асылжан Мамытбеков жерлестерімізге орақты ысырапсыз, мерзімінде аяқтауға тілектестігін білдірді.

Осы күні қос министр Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен болған семинар-кеңесте арнайы салық режімін реформалау, соның ішінде агро-өнеркәсіп кешені субъектілеріне салық салуды жетілдіру жайын түсіндірді. Мәселен, шаруа қожалықтары немесе фермерлік шаруашылықтар үшін бірыңғай жер салығын сақтау, бюджетпен есеп айырысудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін қолданатын шаруашылықтарды және ауылшаруашылық тауар өндірушілер – заңды тұлғалар үшін салық жүктемесін азайту арқылы қосымша ынталандыру, заңды тұлғалар үшін арнаулы салық режимін қолдану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салықты және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы ставкасы жайы қарастырылды.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы салықтан еліміздің бюджетіне 27 миллиард теңге түскен. Бұл көлемі 6 триллион теңге болатын бюджет үшін ауыз толтырып айтарлықтай кіріс емес. Талқылау барысында белгілі болғанындай, жер салығының көлемі 5 есе көтеріледі, бұл орайда кәсіпкерлерге ауыртпалық түспес үшін олар мүлік және көлік салықтарынан босатылады, ал әлеуметтік салық көлемін 11-ден 6,5 пайызға дейін төмендету көзделген. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, 5 есеге ұлғайтылатын бірыңғай жер салығы белсенді жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдеріне, әсіресе, шағын кәсіпкерлікке еш ауыртпалық тудырмайды. Бұл салық жер телімдерін мақсатсыз, не тиімсіз пайдаланып отырғандардың қалтасына ауыр салмақ болмақ. Оның үстіне жерді мақсатсыз пайдаланып отырғандар үшін аталмыш салық жергілікті мәслихаттардың қарауымен 10 есе ұлғайтылуы да мүмкін. Үкіметтің көздеп отырғаны да осы.

– Бүгінгі таңда Жер кодексі арқылы мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлерді қайтарып алуға болады. Бірақ, жеке меншікті қайтарып алу – күрделі жұмыс. Осы орайда жер салығын жоғарылату экономикалық тұрғыдан жерді пайдаланбай отырғандарға өз меншігін пайдалануға немесе пайдалануға беруге түрткі болмақ, – деді Болат Жәмішев.

Заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер бүгінгі таңда салықты 70 пайыздық жеңілдікпен жалпы белгіленген тәртіп бойынша төлесе, арнайы салық жүйесі бойынша 2015 жылдан бастап 70 пайыздық жеңілдіктен жер салығы мен жер телімдерін пайдалану үшін төленетін төлемдерді шығару ұсынылып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өз сөзінде осы күнге дейін жекеменшіктегі жер Үкіметке қайтарылмағандығын жеткізді. Себебі, жергілікті билікке жердің пайдаланылмай жатқандығын дәлелдеу өте қиын. Сондай-ақ қазіргі жер салығы да жер иелерінің еш әрекетсіз жатуына түрткі болып отыр. Елімізде салық жүктемелері 70 пайызға жеңілдетілген. Осының арқасында қазір жер телімдерінің иелері гектарына 7 теңге ғана төлейді.

Ауыл шаруашылығы министрі айтқан тағы бір мәселе – елді мекендерде халықаралық талаптарға сай декларация жасай алатын есепшілердің жоқтығы. Салық жүйесін реформалау арқылы бұл үрдісті жеңілдету көзделіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, агроөнеркәсіп кешендерінің өкілдері жыл сайын тапсыратын 8 құжаттың үш-төртеуі қысқаруы мүмкін. Бұл да олар үшін жеңілдік.

Семинар соңында Ауыл шаруашылығы министрі жиналғандарды қаржылай сауықтырудың жаңа тетіктерімен таныстырды.

– Егер де шаруалардың несие, лизингтік қарыздары болса, төлем мерзімін ұлғайтуға болады. Жаңа механизм берешекті өтеу уақытын 9 жылға дейін созу мүмкіндігін жасап отыр. Сондай-ақ 2014 жылдың бірінші қаңтарынан бастап екінші деңгейлі банктерден алынған несиелермен қатар лизингке сатып алынған техниканың жылдық мөлшерлемесі субсидияланады. Пайыздық үстемеақының 7 пайызына дейін Үкімет өз мойнына алады.

Кездесу соңында диқандар жаңа астықтың өткізу бағасын сұрады. Асылжан Мамытбеков Үкімет тарапынан еш тежеу болмайтынын жеткізді. Астықтың құны тым түсіп кеткен жағдайда еңбектің ақталу жолын қарастыратындарын айтты.

Семинар-кеңес соңында облыс әкімі Самат Ескендіров министрлерге жұмыс сапарлары барысында агро-бизнес өкілдерімен ашық диалог өткізгендері үшін алғыс білдірді.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp