Мемлекеттік тілді оқыту орталығында жыл сайынғы “Тілдарын – 2013” республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған байқауға өңіріміздің аудандары мен облыс орталығынан 9 үміткер қатысты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақ, орыс және ағылшын тілінде ойын еркін жеткізе алатын жеңімпазды анықтау мақсатында ұйымдастырылған сайыстың ережесі бойынша үміткер берілген тақырып бойынша эссе жазып, өзін-өзі таныстырып, баспасөз мәслихатын өткізіп, мәтінге ілеспе аударма жасауы тиіс еді. Сайысқа 18 және 25 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Тілдерді меңгеру деңгейі, жазу сауаттылығы мен дұрыс дыбысталуы, жауаптарының мазмұндылығы мен ерекшелігіне ден қойған қазылар қатысушылар арасында үздіктерін анықтап, оларға тиісті баға берді. Олимпиадаға қатысқан үміткерлердің дені ағылшын тілінің мұғалімдері болғандықтан, ең біріншіден, олардың тілдерді меңгеруі мен өз ойын еркін жеткізе алуына мән берілді.
Қатысушылар арасынан асығы алшысынан түсіп, оқ бойы озық тұрған екі үміткер болды. Олар – Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының ағылшын тілі мұғалімі Нұргүл Қазиева мен Уәлиханов ауданынан келген Кішкенекөл орта мектебінің ұстазы Бораш Мұқанов. Екеуі де үш тілде ойларын еркін жеткізіп, сөйлеу мәдениетімен қоса, тыңдаушыларды өзіне баурап алу, яғни шешендік қасиетімен ерекшеленді. Қай сайыстың болсын жеңімпазы біреу болуы тиіс. Сондықтан үстіміздегі жылдың қазан айында Бурабай қаласында өтетін олимпиаданың республикалық кезеңінде облыс намысын Нұргүл Темірболатқызы қорғайтын болып ұйғарылды. Ол қазылар алқасының шешімімен бірауыздан байқаудың жеңімпазы болып танылды. Бораш Ерсайынұлына екінші орын бұйырды.
Олимпиаданы ұйымдастырушылар аққайыңдық Гүлмерей Сатбаеваға да екінші орын берді. Ал үшінші орынға үш бірдей қатысушы лайық деп танылды. Олар – Айыртау ауданының Лобанов орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Дана Орымбаева, Мағжан Жұмабаев ауданының намысын қорғаған Жандос Халел және қатысушылар арасындағы жалғыз өзге ұлт өкілі, шалақындық Ирина Едоменко. Бұл сайыскерлердің барлығына бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
“Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” демекші, сайыс қорытындысының нәтижесінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас дарындар да анықталды. Аталымдар бойынша қазақ тілінің білгірі жамбылдық Динара Жақсығұлова болса, Пушкин тілін тайыншалық Салтанат Ысқақова, ал қызылжарлық Айгүл Нұртаева ағылшын тілін жетік меңгерген жас дарын ретінде марапатталды. Осылайша өз мәресіне жеткен байқаудың түйінін түйген қазылар тарапынан сын пікірлер де айтылды. Мәнерлі сөйлеу мәдениетін жетілдіре түсу қажеттілігі барлық қатысушыларға ортақ айтылды.
СУРЕТТЕ: Нұргүл Қазиева.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.