«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАҚОҒА АЛАБЫ ТҰНҒАН АСТЫҚ Даңқты диқандар – Жигаловтар әулетінің жарқын істері жалғасын табуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Биылғы орақ науқанында М.Жұмабаев ауданы егін шығымдылығы жөнінен көш бастап келеді. Ақын атын иеленген аудандағы 55 ЖШС мен 219 ШҚ-ның орташа гектар берекелілігі 15,6 центнерден айналуда. 378 мың гектарға дәнді, 28 мың гектарға майлы, 20 мың гектарға жемшөптік дақыл егіп, ел ырысын молайтуға барынша үлес қосып жатқан диқан қауымының екпінді еңбегін өз көзімізбен көрмек болып жолға шыққан едік. Аудан әкімінің орынбасары Аман Қабдөшев бізді “ЖНВ” ЖШС-іне қарай бастады.

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

“Әке көрген оқ жонар…”

Аталмыш серіктестіктің егін алқабына жеткенше, Аман Дәстемұлы іргелі шаруашылық жайында біраз ақпарат беріп үлгерді.

Кеңшарлар тарай бастаған кезде осы өңірдегі алғашқы тыңгер Владимир Жигаловтың баласы Николай “Қарақоға” өндірістік кооперативін, кейін заман ағымына орай шаруа қожалығын құрған екен. Сол кезде 6013 гектар егістік алқабы болыпты.

Ал ШҚ үшін жер көлемі қолданыстағы заң бойынша 500 гектардан аспауы керек. Николай Владимирович сол кездегі астана – Алматыға арнайы барып, жаңа қожалықты жерімен бірге заңдастырып әкеліпті. 2001 жылдан бері агроқұрылым өндіріс орнының басшысы Жигалов Николай Владимировичтің қысқарған есімдеріне қарай “ЖНВ” ЖШС аталады. Осынау іргелі шаруашылықты үзіліссіз 20 жыл басқарып, облыс көлемінде озық серіктестікке айналдырған, оның ішінде біраз уақыт ауданды басқарған, елеулі еңбегіне қарай “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” атанған Николай Жигалов биылғы шілде айында 53 жасында жұмыс кабинетінде кенеттен қайтыс болыпты. Аталмыш ЖШС-ні содан бері аудан тарихында аты қалған атақты тыңгер Владимир Жигаловтың екінші ұрпағы Максим басқарады.

– Серіктестіктің 30 мың гектар алқабы бар. Соның 25,7 мың гектарына бидайдың “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Астана”, “Екатерина” сұрыптарын, 1,4 мың гектарға арпаның “Кедр”, “Саша” сұрыптарын ектік. Майлы дақылдан зығыр 1,0 мың гектар алқапты құрайды. Оны қазір дестеге түсіріп жатырмыз. Сұлы аумағы – 100 гектардай,– дейді бізді дала басында қарсы алған серіктестік басшысы Максим Жигалов.

Максим Николаевичтің сөзіне қарағанда, агроқұрылымның Қарақоға, Құралай, Чистое, Образец, Қоскөл, Рощино сияқты елді мекендерінде 6 бөлімшесі бар. Ауылдардың бәрінде де механикалық қырмандар жұмыс істейді. Олардағы 20 қойма 20 мың тонна астық сақтай алады.

Орақ науқанына жоғары өнімді 40 комбайн, 40 тіркемелі автокөлік қатысуда. Егін алқаптарында жүйткіп жүрген “қыр кемелерінің” кейбіреуінің қабырғасына “сынақ” деген сөз жазылған.

– Бұлар – “Россельмаш” зауыты мен Қостанайда құрастырылған “Полесье-1218”, “Есіл-760” комбайндары ғой. Әкем марқұм оларды Қазақстанда бірінші рет осыдан үш жыл бұрын сынақтан өткізген еді. Содан бері күрделі ақаусыз жұмыс істеп келеді. Шетелдік техникалардан кем дей алмаймыз, әсіресе, өзіміз пайдаланып жүрген “Акросс” комбайнындай күрделі емес. Жоғары өнімді әрі жөндеуге жеңіл. Дмитрий Подмогильный мен Сергей Ренкевичус “Акросс” комбайнымен тиісінше орақ басталғаннан бері 10587 және 10200 центнер астық бастырса, Павел Ширшов “Есіл-760”-пен 10 мың центнер астық жөнелтті. Аталмыш отандық өнімнің артықшылығын ескере отырып, биыл өз қаражатымызға “Есіл-760” комбайндарын қосқанда, барлығы 10 дана заманауи техника сатып алдық. Соның арқасында бүгінгі күндері тәуліктік норманы 2000 гектарға жеткізіп отырмыз. Барлық алқаптың 70 пайыздан астамын жинап үлгердік. Мына алқап 20 центнердің үстінде өнім беріп жатыр. Әлі алдымызда парға егілген бидай бар. Ол біздің есебіміз бойынша 2425 центнерден кем өнім бермеуге тиіс, – деді ерекше жазуы бар комбайндардың жіті қимылынан көз алмай тұрғанымызды байқап қалған серіктестік басшысы.

Шаруашылықта сүдігер жырту іле-шала жүргізілуде. Астығы жиналып алынған алқаптың 30 пайыздан астамы өңделген көрінеді. Жол бойындағы парға қалдырылған жер де серіктестіктің жоғары технологияға баса мән беретіндігін байқатады. Өн бойынан бір қылтанақ шөп таппайтындай қапқара. Егістік алқаптардағы сабандарды жинап, бірінші кезекте ауыл тұрғындарына жөнелтуге кең қорапты 6 “МТЗ” тракторы жұмылдырылыпты.

Серіктестіктегі 40 комбайнның барлығы да көмекші механизаторлармен қамтамасыз етілген екен. Көмекшілер – машинатану пәнінен куәлік алып шыққан кешегі мектеп түлектері. Олар еңбек етіп, ақша табады әрі тәжірибелі мамандардан үйренеді. Агроқұрылым болашақ механизаторларын осылай өндіріс орнында тікелей шыңдап жатыр. Бұл да – бір үлгі аларлық жағдай.

Қырмандағы қызу еңбек

 

Қарақоға ауылындағы орталық қырман ат шаптырым жерді алып жатыр. Сұрыбына қарай тау-тау үйілген астық.

– Қырмандағы астық тазалайтын 2 “ЗАВ-40” пен “БИС-100” қондырғылары үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Олардың бір сағаттық қуаттылығы 100 тоннаны құрайды. Астықкептіргішіміз бір күнде 6000 тонна ылғалды астықты 14 пайызға дейін төмендетеді, сондықтан бидайдың бәрі де 3-ші сыныпты. Балуыздылығы 27 пайыздан кем емес. Қазіргі кезде өзімізге қажетті көлемде, нақтылап айтатын болсақ, 6 мың тонна тұқым құйып алдық. Алдағы уақытта оларды қырманға келіп түскен сапалырақ өніммен ғана ауыстырып отыратын боламыз, – дейді қырман меңгерушісі Алексей Мищенко.

Механикалық қырман жылдам астық артатын қондырғылармен, басқа да қажетті техникалармен қажетінше қамтамасыз етілген. Өндіріс орнында 36 адам екі ауысымда еңбек етуде. Бәрі де – жергілікті тұрғындар.

Серіктестік өз өнімдерін ұқсатуға да назар аударып отыр. Орталық қоныста күніне 1000 бөлке нан пісіретін наубайхана, Қарақоға мен Лебяжье ауылдарында қуаттылығы 20 тонналық 2 диірмен жұмыс істейді. Биыл майлы дақылдарды өңдейтін цех орнатылыпты. Зығыр алқаптарынан алынатын өнім осы цехта сынақтан өткізілмек.

Өрісі – малға, қотаны – жанға толы

 

Агроқұрылым Елбасы тапсырмасына орай ірі қара өсіруді, оның ішінде етті мал шаруашылығын дамытуды осыдан үш жыл бұрын қолға алыпты.

– Мал шаруашылығымен айналысып жатқандықтан, жемшөп үшін жылдағыдай 2 мың гектар жер бөлгеміз. Оған егілген аралас дақылдар мен суданка, жүгері, күнбағысты дер кезінде жинап алдық. Соның арқасында қоғамдық мал үшін екіжылдық жемшөп қорын жасадық, 3 мың тонна сүрлем, 2,5 мың тонна пішендеме дайындадық, өз жұмысшыларымызды шөппен толық қамтамасыз еттік, – дейді Максим Николаевич.

Шаруашылықтың герефорд, әулиекөл, қазақтың ақбас сиырларынан құралған 700 бас малы бар екен. Олар 5 табын болып, суданка шөбі шауып алынған жап-жасыл алқапта еркін жайылып жүр.

Серіктестіктің 20 адамнан құралған екі құрылыс бригадасы биыл 4 мал қорасы мен машина-трактор шеберханасын күрделі жөндеуден өткізіпті. Орталық қырманның жанындағы кешенді мал фермасы да жергілікті құрылысшылардың қолымен тұрғызылған көрінеді.

– Алдағы уақытта репродуктор шаруашылық құруды мақсат етіп отырмыз. Биыл қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл тұқымдас 10 бұқа сатып алдық, тағы 3 басқа тапсырыс беріп қойдық. Бұл саланы да жоғары технологиялы етуге мүмкіндігіміз жетеді. Серіктестікте 500 адам тұрақты түрде еңбек етеді. Орташа айлық жалақылары – 80 мың теңгенің үстінде. Орақ науқаны кезінде жұмысшылардың саны 700 адамға дейін жетеді. Шаруашылықтың асханасы бүгінгі күні 400-ден астам адамға ыстық тамақ әзірлейді, – дейді ЖШС директоры.

Сапар соңында серіктестік басшысы мектеп жанындағы шаруашылық күшімен салынған екінші хоккей кортын, қаладағыдан бірде-бір кем емес балалар алаңын, “күндізгі жарықпен” жабдықталған екі көшені бізге жолай көрсетті. Орталықтағы шіркеу мен мешіт ғимараттары да көз тартарлықтай.

– Бұлардың бәрінің бас құрылысшысы – менің әкем Николай Жигалов. Менің мектеп бітіре салып, комбайн штурвалына отыруыма, кейін Омбы ауыл шаруашылығы университетінде агроном мамандығын игеруіме, осы серіктестікте тәжірибе жинақтауыма себепкер болған – сол кісі. Мен өз әкемнің ісін көздің қарашығындай сақтап, әрі қарай жалғастырсам деймін. Өзіме есімі берілген ұлы атам Максимнен келе жатқан диқаншылықты абыроймен орындау – парызым, – деді бізбен қоштасып жатып серіктестік директоры Максим Жигалов.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) механизатор В. Киселев, ЖШС директоры М. Жигалов, механизатор С. Проскуряков, агроном А. Ширшов.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp