Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мамлют ауданындағы “Бредун” коммандиттік серіктестігіне өткен аптаның жұма күні жолымыз түсті. Бұл – Дубровное ауылындағы егіншілікпен айналысатын екі ірі ауыл шаруашылығы құрылымының бірі.
Серіктестік директоры Алексей Бредунді шаруашылық қырманы басында жолықтырдық. Бізді таңғалдырған жай қырмандағы әдеттегі қарбаластың жоқтығы болды. Мұны осының алдында бір күн бұрын өткен жаңбырдан кейінгі уақытша кідіріс шығар дейін десек, қырмандағы астық та шамалы. Көп болса, 100 тоннадан аспайды, жанында астық артатын транспортерден басқа қыбырлаған жан жоқ. Дағдарып қалғанымызды байқаған директор оның мән-жайын ашып берді.
– Соңғы жаңбыр орақ жұмысын бір тәулікке жуық тоқтатып тастады, сондықтан қырманға түсіп жатқан астық жоқ. Дестеленген алқаптарды байқап келдім, жел соғып, кеуіп қалыпты, мына түнеріп тұрған ауа райы қыңырлық танытпаса, түске таман комбайндарымыз ораққа шығады. Ал қырмандағы алаңда, астықтың аздығы – жұмыстың жедел жүріп жатқанының айғағы. Танаптан ылғалдылығы 11-13 пайызбен келген астықты бірден механикалық қырманда өңдеуден өткізіп, осындағы жалпы сыйымдылығы 5,5 мың тонна екі астық қоймасына құйып жатырмыз. Соның ішінде келесі егіске қажетті 500 тонна тұқым құйылды. Ал ылғалдылығы 15-16 пайыз және одан да жоғары астықты асфальт алаңға түсіріп, алғашқы өңдеуден өткен соң жедел Мамлют ұн үгу комбинатының элеваторына тапсырудамыз.
Бүгінге дейін 800 тоннадан астам бидай тапсырған болсақ, түгелдей үшінші сұрыпта қабылданды. Қазіргідей ауа райының ылғалды жағдайында қырманға түскен астықты шама келгенінше ашық алаңда қалдырмауға тырысып жатқан жайымыз бар, – деді Алексей Михайлович.
Сондай-ақ серіктестік басшысының сөзінен қолдан-қолға өткен шаруашылық қырманы оның қолына 2009 жылы тигенін білдік. Қирап қалған екі “ЗАВ-40” механикалық қырманының біреуін жөндеп, іске қосқан, қазір барлық астықты тазартып жатқан сол.
Қырман шаруашылығы ғана емес, серіктестіктің өзі де салыстырмалы түрде жаңа құрылым саналады. Ол 2005 жылдың соңында ғана шаңырақ көтеріпті. Оған дейін Алексей Михайловичтің небары 117 гектар егістік жері бар шаруа қожалығы ғана болып, негізінен, өзі сияқты ұсақ шаруалардың жерін қосымша жалға алу арқылы жұмыс істеп келген. Қосымша жалгерлікке тоқтау салынған соң, өзіне ниеттестерін тауып, осы коммандиттік серіктестікті құрыпты. Ал оның бұрынғы ұсақ шаруа қожалығының басшысына жеңіл түспегені анық. Бар материалдық және техникалық мүмкіндігін сарқа пайдаланып, тәуекелге барған бұл ісі бүгінде өз жемісін беріп те отыр.
Оған дәлел – олардың бұрнағы жылы гектар басынан 30 центнердің үстінде, өткен жылы 16 центнерден өнім алғаны.
Биылғы құрғақшылық жылдың жағдайында танап берекелігін 15 центнерден айналдырып жатқандары нашар көрсеткіш емес.
– Біз толық үш танапты егіс айналымы жүйесінде жұмыс істейміз. Егіс айналымына кейінде қосылған арамшөп басқан қараусыз қалған танаптарды тәртіпке келтіруден басқа амалы жоқ. Сондықтан 4300 гектар егіс алқабымыздың 1300 гектарын парға қалдырып келеміз. Биыл барлығы 3000 гектар алқапта дәнді дақылдар өсірген болсақ, оның 2500 гектарын бидай, қалғанын арпа алады. Келесі жылдан бастап майлы дақылдар өсіруді де ойластырып отырмыз. Бидайдың 240 гектарын ғана тура бастырдық, ал қалғанының бәрін бөлектеп оруды жөн көрдік. Орақ тактикасында дұрыс бағдар ұсынғанымыздың арқасында енді бірер күнде астық жинауды аяқтағалы отырмыз, – деді серіктестік басшысы.
Бұл директор “арық айтып, семіз шыққысы келетін” сияқты. Біз шаруашылық басында болғанда түске жақын ораққа кіріскен бес комбайн “Омбы-35” бидайы өсірілген 154 гектар алқапты жинап жатты. Бригадир Александр Потаниннің айтуынша, бұдан басқа екі танапта 370 гектар бидай және 130 гектар арпа танаптарын жинау ғана қалғанын білдік. Бұл астық бастыруда жүрген 9 комбайнның қазіргі қарқынды қимылымен 2-3 күннен қалмайтын жұмыс екені сезіліп тұрды.
Құбылмалы ауа райын қабағынан бағып, қолайлы сәттен қапы қалмауды көздеген серіктестік механизаторларының ерен еңбегіне сүйсінбеске болмайды. Егін дестелеуде болған Александр Одинец пен Василий Койло МТЗ-82 тракторының тіркемесіндегі “ЖВЗ-10,7” жаткаларымен барлық егіс алқабының 70 пайызына жуығын дестеге түсірді. Және бұл жұмысқа екі ескі “Енисей” комбайндары да пайдаланылған. Ал, дестеден астық жинауда үнемі тоғыз комбайн жұмыс істеген. Олардың бесеуі осызаманғы жоғары өнімді техника, атап айтқанда, бір “Енисей-954”, үш “Есіл-740” және бір “Есіл-760” комбайндары науқан барысында қамшы салдырған жоқ. Шаруашылық аталмыш жаңа комбайндардың біреуін былтыр өз қаржысына, өзгесін түгелдей “Қазагрофинанс” арқылы лизингке алған. Олардың біреуімен есеп айырысқан, ал қалғандарының кредит қарызын биыл өтемекші.
Орақта өнімді еңбектерімен, әсіресе, осы жаңа комбайндардағы механизаторлар ерекше көзге түсті. Мысалы, “Есіл-760” комбайндарымен астық бастырған Игорь Гернер мен Александр Швецов және “Енисей-954” комбайнында жұмыс істеген Дмитрий Кропоткин күндік тапсырмаларын біржарым еседен асыра орындап отырды. Танаптан қырманға астық тасымалында төрт жаңа МТЗ-82 тракторлары тіркемелерімен қалтқысыз қызмет етіп жатқанын көзімізбен көрдік. Өзіміз болған 154 гектар бидай алқабында астық тасымалын жүргізген шаруашылықтың маңдайалды механизаторлары Николай Бредун, Виктор Бредун, Александр Одинец және Василий Пойлолар бірінің соңынан бірі танаптан қырманға қызыл астық таси бастады. Швецов сияқты тәжірибелі комбайншылардың шалымды істеріне осы жерде куә болдық.
Біз танаптан қырманға оралғанда ондағы жұмыс та қызып жүре беріпті. Трактор тіркемелері жаңбырдан кейінгі ылғалдау астықты жеке атжалға түсіріп жатты. Ал, алаңдағы бұрыннан жатқан астықтан тіркемелерімен толтыра тиелген екі “КамАЗ” автокөлігі қырманның таразы басынан өтіп, Мамлюткадағы элеваторға бет түзегелі тұрғанын байқадық. Олардың жүргізушілері Сергей Проводников пен Александр Сургутский өздерінің күніне екі-үш рет қатынап жүргендерін, астық қабылдауда іркіліс жоғын айтады. Небары жеті-ақ адам еңбек ететін шаруашылық қырманының тап-тұйнақтай жұмысына сүйсіндік.
Сапарымыздың соңындағы әңгімесінде серіктестік басшысы Алексей Бредун шаруашылығында жергілікті 43 тұрғынның еңбек ететінін, олардың орташа айлық еңбекақысы өткен жылы 80 мың теңгеден айналғанын айтты. Осылайша биылғы орақ науқанына нүкте қойып отырған шаруашылықтың мал шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасағанын қуана жеткізді. Бұрынғы кеңшардың қирап қалған екі шошқа қорасын сатып алып, оның біреуін жаңартып қайта салған, екіншісі жөнделу үстінде. “Петерфельд-Агро” ЖШС-нен 48 бас симменталь қашарлары мен екі бұқа сатып алыпты. Оған жұмсаған 15,5 миллион теңге қаржысына 5 миллион теңгенің мемлекеттік демеуқаржысын алған. Енді жалғыз егінмен ғана айналыспай, мал шаруашылығын да жүргізу үшін қосымша үш жұмыс орынын ашты. Қазір онда мал қыстату науқанына қызу дайындық жүріп жатыр.
Бет қатталып жатқанда: “Бредун” КС директоры Алексей Бредунмен телефон арқылы хабарласқанымызда ол серіктестік егін орағын 22 қыркүйекте толық аяқтағанын айтты.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.