М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттері қоғамның жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыруда “Азаматтар мен биліктің өзара әрекеттесуі” тақырыбында ақпараттық дәріс тыңдады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Іс-шараны “Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты” үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырды. Бұл мәселеге қатысты студенттердің ойын біліп, жоғары оқу орнында жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жолдарын айқындау мақсатымен өткен кездесуде студент жастардың аз болуы және олардың қозғалған мәселеге қатысты пікірлерін еркін айта алмауы аңғарылды демесек, іс-шарада сыбайлас жемқорлық жайында кеңінен мағлұмат берілді. Өңіріміздегі осы мәселемен күрес барысын таныстырған облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің ақпараттық-сараптамалық бөлім бастығы Виктория Пивоварова қыркүйек айының басынан бері қолға алынған “Қорықпа, қорғаныш қасыңда!” акциясы басталғанын айтты.
Бұл науқан барысында ақпараттық дәрістер өткізіліп, жастарға, әсіресе, жоғары оқу орнының студенттеріне жемқорлықтың неге соқтыратыны жайында баяндалатын бейнероликтер көрсетіледі. Бұл жолы да жиналғандар аталмыш бейнероликті тамашалай алды. Онда биылғы жылы жемқорлықпен ұсталған азаматтар бейнеленіп, оларды қолға түсіру барысы көрсетілді. Виктория Олеговнаның айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күресте әр адамның маңызы зор. “Біздің елде осы күнге дейін жемқорлықпен айналысып жүрген адамды көрсе, ол жайында хабар таратуды “сөз тасушы” деп санайтындар қатары әлі де басым. Айта кету керек, Батыс елдерінде жемқорлықпен айналысып жүрген жақынын немесе әріптесін тыюда осы әдіс қолданылады. Және ол әдепсіздік болып саналмайды”, – деді ол. Елімізде мұндай жағдайға көз жұма қарамаған адамға, тіпті, сыйақы тағайындағандығы және сондай сыйақылардың бірін өңіріміздің екі тұрғыны жуырда алатындығы жайында айтып берді.
“Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты” үкіметтік емес ұйымының директоры Сергей Худяков GlobalMonitor қорының жүргізген сауалнамасына сүйеніп, көбіне-көп жемқорлық жасайтын сала қызметтерін тізіп шықты. Сауалнамаға қатысқан адамдар бірінші орынға Жол полициясы қызметкерлерін лайық деп таныса, екінші орында мемлекеттік қызметшілер екен. Ал үшінші орынды 23,8 пайызбен жоғары оқу орнының қызметкерлері алып отыр.
Жоғары оқу орнында параның мөлшері қандай? Сауалнамаға қатысушы жастардың айтуынша, аттестаттау 1 мың теңгеден 3 мыңға дейін барса, емтихан – 6 мың, мемлекеттік емтиханның бір пәні – 5 мың, курстық жұмыс 15 мыңға дейін, ал дипломдық жұмыстың бағасы 40 мың теңгенің ар жақ- бер жағында екен. Жеңіл жолмен қызыл диплом алғысы келетіндер мен өз қызметін пайдаланып, қалтасын ақшаға толтыруды ниет еткен ұстаздар да бар көрінеді. Білімнің алыпсатарлары сондай-ақ, ақшадан басқа бағалы заттармен де есеп айырысатын болып шықты. Соның ішінде ерекше сұранысқа ие заттар: теледидар, ұялы телефон, қымбат арақ-шарап, автокөлік доңғалақтары мен майлы дастарқан бар. Солтүстікқазақстандық студенттер де еліміздің өзге студенттерінен еш айырмашылығы болмаса керек. Жақсы баға үшін олар ұстаздарына қалай пара берсе, кей мұғалімдер де шәкірттерден пара алуды осы уақытқа дейін тоқтатқан емес. Бұл мәселемен күрес барысында СҚМУ-дің басшылары түрлі тәсілдерді қолдануда. Атап өтер болсақ, емтихандарды бұрынғыдай сол пәннің ұстазы емес, өзге пәннің мұғалімі қабылдаса, емтихандардың 79 пайызы компьютерленген тәсілде жүргізіледі. Сондай-ақ ақпараттық насихат та жүйелі түрде өткізіліп тұрады. “Қазақстан студенттер альянсының” облыстық филиалы және студенттерден құралған кеңестің “Таза сессия” жобасы барысында жемқорлыққа қарсы түрлі насихат шаралары өткізіліп тұрады. Осындай шаралар өткізілгенімен, жемқорлық мәселесі түбірімен жойылды деуге болмайды, деді СҚМУ-дің проректоры Мүкарам Тайжанова. Яғни, әлі де осы бағытта қарқынды жұмыс істеп, пара беруге үйренген студенттер мен ақшаға құныққан ұстаздарға қарсы жұмыс жүргізу керек, деді. Дәріс барысында оқу орнының белсенді жастары сөз алып, бұл мәселемен күрес жүргізудің өз тәсілдерін ұсынды. “Қазақстан студенттер альянсы” облыстық филиалының төрайымы Динара Максютова сессия соңында жоғары балл алған студенттердің оқу үлгерімін ерекше бақылауға алып, олардың жоғары бағаға қалай ие болғандығын тексеру керек деген пікірін қосты. Бұл белсенді студенттің пікірін түртіп алған Мүкарам Тайжанова студенттер арасында жемқорлықты алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі болуы әбден мүмкін, деді. Сөз соңында сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген оқиғаға тап болған жағдайда 144 сенім телефонына хабарласу қажеттілігі айтылды.