«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУДЫҢ ДА, сушылардың да сұрауы бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында “Қызылжар су” ЖШС-і көрсететін қызметтеріне бағаны көтеру туралы Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің облыстық департаментіне өтініш білдірген болатын. Жақында соған байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Жаңа тариф 2013 жылдың 1-ші желтоқсанынан бастап, 2016 жылдың 1-ші желтоқсанына дейінгі аралықты қамтымақ. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Жиында тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз суларын өткізу қызметтерімен айналысатын ЖШС қызметтеріне тарифті көтерсе, одан түсетін қаржы кәсіпорынның әрі қарайғы жұмыстарын жақсартуға ықпал етіп, бүгінде оның төңірегінде туындаған бірқатар мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік жасайтындығы айтылды. Сондай-ақ кәсіпорынның бас директоры Аслан Сатиннің айтуынша, биылғы жылдың қаңтарында жасалған техникалық сараптама бойынша қаладағы су тарату құбырлары 71,7 пайызға, сумен жабдықтаушы және дайындаушы имараттар 76,8 пайызға, кәріз су құбырлары 53 пайызға тозған. Сондықтан тарифті шектеулі деңгейге дейін көтеру арқылы кәсіпорын өзінің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асырмақ. Ол электр үнемдеуші құрал-жабдықтарды орнатуды, сумен жабдықтаушы және кәріз сулар шығаратын құбырларды қалпына келтіруді, арнайы автокөліктер мен техникаларды және құрал-жабдықтарды жаңартуды көздейді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін әзірленген жоба 1 миллиард 204 миллион теңге қаржыны талап етеді. Сондықтан серіктестік бүгінгі күні “Райффазен Лизинг Казахстан” ЖШС-мен келісімшарт жасасып, олардан 224,6 миллион теңге несие алмақ. Сондай-ақ “Қазақстанның Халық банкі” АҚ-ның филиалынан алынатын несиелік 150 миллион теңгені де қажетіне жұмсамақ.  

Сонымен монополиялық субъектінің алдын ала жасаған сметалық жоспары бойынша тұрғындар тобына жататын жеке тұлғалар үшін таза ауызсудың бір текше метрі 80,45 теңге (ҚҚС-сыз), ал бюджет есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалар, ұйымдар мен басқа тұтынушылар үшін 213,30 теңге деп көрсетілсе, кәріз су ағындысына сәйкесінше 65,47 теңге және 182,94 теңге деп белгіленіп отыр. Бұл – бүгінгі тарифпен салыстырғанда әжептәуір жоғары. Олар алдағы уақытта бағаны үш топ бойынша есептеу үлгісін алып тастамақ. Алайда, бұл – кәсіпорынның ұсынысы ғана, ал ТМРД өз сараптамасын жасап бір айдың ішінде оларға бағаның өсу-өспеуі немесе қаншаға өсетіндігі туралы қорытынды шешімін айтуға тиіс.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp