Бұрнағы күні “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігі “Отбасы мәртебесін көтеру және отбасылық құндылықтарды насихаттау” тақырыбында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында семинар өткізді. Іс-шараның мақсаты – отбасы мәртебесін көтерудегі алғышарттарды анықтау, отбасыда кінәратсыз психологиялық ахуал қалыптастыру, отбасылық рухани-адамгершілік дәстүрді сақтау және оны жаңғырту.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Соңғы кезде отбасының әлеуметтік институт ретінде әлсіреу үрдісі байқалады. Қазіргі отбасылардың негізгі үш мәселесін атап көрсетуге болады. Олар: отбасыдағы тұрақтылықтың жоқтығы, ажырасу мен тіркелмеген некелердің көптігі, бала туу көрсеткішінің төмендігі, тұрмыстық, яғни психологиялық, экономикалық және әлеуметтік саладағы қарбаластық мәселесі. Бұл мәселелердің барлығы солтүстікқазақстандық отбасыларда да кездеседі. Жыл сайынғы динамика көз қуантпайды, деді өз сөзінде “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алина Орлова. Тіркелген некелер саны күрт азайып, отбасылар арасында ажырасу көбейіп барады. Жеке тұрмысын ретке келтіре алмаушылық толық емес отбасылар қатарының толығуына әкеп соғады. Осының салдарынан әлеуметтік жетімдік, қылмыс, нашақорлық, жезөкшелік, маскүнемдік белең алады. Соңғы кезде адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болғандар арасында өңіріміздің ауылдарындағы толық емес және жайсыз отбасылардан шыққан нәзік жандар кездеседі. Бұл мәселенің алдын алуда отбасыдағы әке мен шешенің рөлі басым. Әсіресе, отбасылық тәрбие маңызды, деді семинарға қатысқан белсенділер.
Семинар барысында “Отбасы және отбасылық құндылықтар”, “Бала тәрбиесіндегі ата-аналардың ортақ жауапкершілігі”, “Тұрмыстық зорлық-зомбылық”, “Әкелер мектебі” әлеуметтік жобалары тақырыптарында сөз қозғалды.
(Сурет “Әйелдерді қолдау орталығы”
ҚБ-нен алынды).