Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өңіріміздің жас әншілері ән салды. Концерттік бағдарламаны ұйымдастырған облыстық филармония осылайша жас дарындарды қолдап, үлкен сахнаға жол ашуды көздеген.
Демеушілердің көмегімен іске асқан концерттен түскен қаражат әншілік жолын енді бастап келе жатқан жергілікті әртістерге жұмсалмақ. Оларға концерттен түскен қаражаттан сахналық костюмдер тігіліп, әнге әуендер жазылмақшы.
“Мереке-думан” деп аталған концертті республикалық сайыстардың лауреаты Духит Ахметов пен “Туған жер” халық би ансамблі (жетекшісі – М.Лахтин) ашты. Жастар арасында белгілі “MIX-ART”, “Нәзік сезім”, “Шестое чувство”, “Черный бриллиант” топтары өнер көрсетті.
Жеке ән салғандар ішінде өңірімізге есімдері аса таныла қоймаған Меруерт Нұғыманова, Серік Тасмағамбетов, Заңғар Мүбараков сынды жас әртістер болды. Қазіргі заман әндері шырқалған концертте сондай-ақ байқауларда орын алып жүрген Әсел Малаева да ән шырқады. Фариза Амантаева қобыз аспабында “Араб қызы” әуенін орындады. Ән шырқалып, мың бұралған бишілер би билеген концертте “Арай” (жетекшісі – Диляра Сабырова), “Әдеміау” (жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расима Сучкова) халық би ансамблдерімен қатар, “EXCELLENCE” шоу балеті де көрермендерді өз өнерімен тәнті етті. Өңіріміздің жас әншілерімен қатар концертте астаналық қонақ – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ибрагим Джангулин де ән шырқады.
(Өз тілшімізден).