Облыс орталығындағы Достық үйінде “Үкіметтік емес ұйымдардың өңірлік дамуға және жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Оған ауылдық округтер мен аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері, аудандардағы мемлекеттік органдардың өкілдері мен мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысып, болашақта елді мекендерде өзін-өзі басқару жүйесі қалай жұмыс істеу керектігі туралы ойларын ортаға салды.
“СҚО азаматтық альянсы” қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға үкіметтік емес ұйымдардың қосатын үлесі мол дей келіп, оның жұмысын заңдастыру құжаттарына қандай өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгендігін сөз етті. Сондай-ақ жиында өзін-өзі басқару ісіне тұрғындардың белсенділігін арттырудан бастап, оларға бөлінетін мемлекет қаржысының жұмсалу жолдарына дейін талқыланды. Сергей Герольдович бүгінгі таңда бұл жүйенің қалай жүргізілетінін, оның қаншалықты тиімді екендігін жекелеген азаматтардың ұға қоймағандығын, сондай-ақ қазақстандықтардың әлеуметтік және саяси белсенділіктерінің төмен екендігін айтты. Сондықтан бұл жүйені өз деңгейіне жеткізу оңайға соқпайды, деді ол.
Жиынға қатысушылар өзін-өзі басқару жүйесіне байланысты ойларын ортаға салып, бірнеше ұсыныс жасады. Басқосуды қортындылаған Сергей Худяков қатысушылардың орынды ұсыныстары Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігіне жолданатынын жеткізді.