Бұрнағы күні облыс орталығындағы Достық үйінде “Конфессияаралық келісімді нығайтудағы БАҚ-тың, мемлекеттік органдардың және діни ұйымдардың байланысы, бүгінгі қазақстандық журналистика саласындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ діни тақырыпты жазып көрсетудегі журналистік этика” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” өтті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Дөңгелек үстелдің” алдында облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған “Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!” атты республикалық конкурстың “Алтын қалам” аталымы бойынша облыстық кезеңнің жеңімпаздарын марапаттады. Аталмыш конкурсқа өлеңдерін жіберген Мамлют ауданының Леденево ауылының тұрғыны, 24 жастағы Ақжан Кәрім 1-орын алды. Туғанынан церебралдық сал ауруына ұшыраған Ақжан он екі мүшесі сау қатарластарындай қоғамның белді мүшесі болуды қалайды. Сол себепті, ол қоғамдық жұмыстармен айналысып, толыққанды өмір сүруге тырысуда.
– Мен үнемі Петропавлда тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларды сауықтыру мен бейімдеу орталығын құрған Шәміл Шақшақбаевты өзіме үлгі тұтамын. Ол – менің ұстазым. Бізге үнемі: “Өзіңді өзгелерден кем санау сыртқы дене бітіміңе емес, санаңа байланысты”, дейтін. Осы орайда өзім сияқтыларды қоғамның белсенді мүшесі болуға шақырамын, – дейді Ақжан Кәрім.
2, 3-орындарды М.Жұмабаев және Есіл аудандарының тұрғындары Елена Перепелица мен Дархан Баяхметов алды.
Марапаттау салтанатынан кейін “дөңгелек үстел” басында ардагер журналист Галина Воробьева “БАҚ-та діни және этникалық тақырыптарды жазып көрсетудегі негізгі мәселелер” тақырыбында өз ойын жеткізді. Бүгінгі таңда БАҚ өкілдері дін тақырыбына тек діни мерекелерде ғана қалам тартады” деген Галина Андреевна әрі бұл саланы тереңірек жазуға журналистердің біліктілігі жетпейтіндігін ашық айтты. Сондай-ақ, этникалық тақырыпта қалам тербеп жүрген көптеген журналистердің сөзді дұрыс қолданбауларының кесірінен белгілі бір ұлтқа қатысты жағымсыз көзқарас қалыптастыру жиі кездеседі екен. Ал облыстық соттың судьясы Александр Зенковский өңірімізде діни қақтығысты қоздыру бойынша бірде-бір іс болмағанын айтып, жиналған қауымға теріс ағымдағы ұйымды құрған, насихаттағандарға заң бойынша қандай жаза қолданылатындығын айтып берді. Мәселен, теріс ағымды ұйымды құрмаса да, оның құрамына кіріп, белсенді түрде насихаттаған кісі алты жылға бас бостандығынан айрылады. Ал теріс ағымның құрсауынан өз еркімен шыққан кісі қылмысқа қатысы болмаса, заң бойынша ешқандай жауапкершілікке тартылмайды екен.