Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы болып өтті. Онда агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, энергетикалық кешеннің, тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың күзгі-қысқы маусымға дайындығы, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру туралы мәселелер талқыланып, Шал ақын ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында аудан әкімі Марат Омаровтың есебі тыңдалды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бірінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралинов баяндады. Оның айтуынша, биыл мемлекет тарапынан қаржылай қолдау 30 пайызға артып, 9 млрд. 800 млн. теңгені құрады, оның 7 млрд. 400 млн. теңгесі – өсімдік, 2 млрд. 400 млн. теңгесі мал шаруашылықтарына бөлінді. Соның арқасында үстіміздегі жылғы қаңтар-тамыз айларында 67 млрд. 300 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, нақты көлем индексі 104% болды. Ауыл шаруашылығына 27 млрд. теңге шамасында инвестиция құйылды, өсім – 10%.
Биыл 3573,3 мың гектарға дәнді және бұршақты дақылдар егілді, бұл өткен жылғы межеден 7%-ға кем, майлы дақылдар алқабы 15%-ға көбейіп, 439,1 мың гектарға жетті, ал жемазықтық дақылдар алқабы 27%-ға өсті. Жыл басынан бері 15,3 млрд. теңгеге 969 бірлік техника сатып алынды (өткен жылы – 931).
Облыстың барлық шаруашылықтарында ірі қара саны – 9%-ға, құс саны 8%-ға көбейсе, жылқы саны 5,8%-ға азайды. Есіл, Жамбыл аудандары жылқы басын тиісінше 37,1% және 36,5%, Тимирязев және Ақжар аудандары құс басын 22,8 және 8,3% азайтуға жол берді. Шошқа саны өткен жылмен салыстырғанда 78,5% болды. Бұл көрсеткіш Жамбыл және Есіл аудандарында 63,9 және 50,8%-ды құрады. Аққайың ауданы – сүт өндіруді, Тайынша мен Тимирязев аудандары жұмыртқа өндіруді азайтып алды.
“Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасын жүзеге асыру аясында 6,9 мың басқа арналған 5 мал бордақылау алаңы, 6,6 мың басқа арналған 20 асылтұқымды репродуктор шаруашылық құрылды. Жоба жүзеге асырыла бастағалы 48,4 мың бас мал сатып алынды, оның 11 мыңы – “Сыбаға” бағдарламасы бойынша.
Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін биыл 30 мың бас мал сатып алу жоспарланып отыр. Оның 62%-ы орындалды. Алайда, Жамбыл, Мамлют, Есіл аудандары “ҚазАгро” институтының қаржылық мүмкіндігін толық пайдалана алмауда.
Биылғы 8 айда 42,3 млрд. теңгенің азық-түлік тағамдары шығарылды, өсім – 24%, физикалық көлемнің индексі (ФКИ) – 103,2%. ФКИ деңгейі Аққайың (86%), Тайынша (86,5%), Ақжар (86,7%) аудандарында төмен.
Ұқсату кәсіпорындары мен агроқұрылымдар облыс тұрғындарын негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отыр. Ұн өндіру тұтынудан – 5,2, макарон өнімдері – 11,5, қырыққабат – 3, томат – 14, қияр – 9, ет – 2,6, жылқы еті – 2,8, шошқа еті – 5,3, сүт – 9, жұмыртқа 5,2 есе артық өндірілді. Артық өнімдер республиканың басқа өңірлеріне шығарылады.
Әкімдіктің отырысында ФКИ деңгейінің төмендеуіне жол берген Аққайың, Тайынша және Ақжар аудандарының әкімдері тыңдалып, жыл соңына дейін осы мәселеге баса назар аудару тапсырылды.
Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев күзгі-қысқы маусымға әзірлік белгіленген кесте бойынша жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді. №2 жылу-электр орталығында 11 қазандық агрегатының 9-ы жөндеуден өткізілді. “Солтүстік Қазақстан РЭК” АҚ электр желілерінің 869 шақырымын (жоспар 938 км.), 83 трансформатор қосалқыстанциясын (жоспар 69) күрделі жөндеді.
Өткен жылғы жылыту маусымында Петропавл қаласындағы жылу желілерінде 238 технологиялық бұзылыс (алдыңғы жылы – 115) орын алды. Соған орай биыл облыстық штабта Петропавл қаласының қысқы маусымға әзірлігі 2 рет қаралды.
23 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үйлерді жылытатын 572 бу қазандығының 99,7%-ы әзір етілді. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері 100% дайын. Бюджет ұйымдары көмірмен толық қамтамасыз етілді.
Мектеп ғимараттарында орналасқан 147 бу қазандығының 10-ы 2012 жылы сыртқа шығарылды. Биыл – 27-сі көшірілмек.
“Петропавл жылу желілері” кәсіпорнының жаңа басшысы Қуандық Кеңесбаев облыс орталығындағы 1036 көпқабатты тұрғын үйдің 1032-сіндегі жылу желілері тазалауға жататындығын, онымен 12 бригадасы бар 4 мекеме айналысып жатқандығын тілге тиек етті. Тапсырыс берген мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер жылу желілеріне қосылу үстінде. Оған ешқандай кедергі жоқ.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына 4,2 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, оны жүзеге асыруға 3 мыңнан аса жұмыссыз тартылғанын атап айтты. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 93 инфрақұрылым нысанына жөндеу жүргізуге бөлінген 2 млрд. теңгенің 876 млн. теңгесі 8 айда игерілді. Апта сайын жүргізілетін мониторинг бойынша 868 жұмыс орны ашылды (72,9%), 19 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 жобаның жөндеу жұмысы басталған, ал 6 жобаның конкурстық рәсімі аяқталған жоқ.
Құрылысы 2011-2012 жылдары басталған 21 жеке тұрғын үй биыл пайдалануға берілді. 2012 жылы іске қосылған үйлерге 64 отбасы орналасты. Алайда, 107 пәтерлік 48 үйдің құрылысы аяқталар емес. Оған шұғыл шара қолдану қажет.
Шал ақын ауданының әкімі Марат Омаров соңғы үш жыл бойы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жағынан аудан ең соңғы орын алып келгендігін, биыл алдыңғы лектегі “алтылықтан” көріну мүмкіндігі бар екендігін нақты мысалдар арқылы айтып берді.
Облыс әкімі Самат Ескендіров ауданда бірде-бір мал бордақылау алаңы және асылтұқымды репродуктор шаруашылық жоқ екендігін, сондықтан осы салаға баса назар аудару қажеттігін атап көрсетті.