«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА КӨҢІЛГЕ ҚАНАТ БІТІРГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
Қазақ Ұлттық Өнер
университетінің 2-курс
студенті.

…Осыдан 4 жыл бұрын еді. 10- сынып оқитын оқушы кезім. Қазақ әдебиетінен сабақ беретін мұғалімім қысқы демалысқа әдеби кітап оқып келіңдер деген тапсырма берді. Сабақ біте салысымен, мектеп кітапханасын аралап жүргенімде “Ақан Сері” деген атауы бар қызыл мұқабалы кітап қолыма түсті. Ақын Ілияс Жансүгіровтің “Кезінде сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған” деген шумақтарын мен де жадыма тұттым. Неге дейсіз ғой? Сұлу Көкшенің сырбаз ері, төкпелі ақын, сырлы сазгердің өмірі кімді болсын өзіне ынтық етпей қоймасы анық. Қолыма Сәкен Жүнісовтің бұл романы тигенше Ақан жайлы ойларым, міне, осы тектес қана болатын. Ал кітапқа енісімен-ақ, мына дүниенің қызығы бес тиынға татымайтын, басқа әлемнің есігін айқара аштым да, ішіне күмп бердім.

Романды оқу барысындағы сезім-толқыныстарым мен енген сол әлемнің сарқырап ағып жатқан өзені дерсіз! Арқалы ақынның өмірі сынды мендегі жүрек алай-түлей аласапыранды, шабыттың шырқау биігіне көтерілген сәтті, сағыну мен қамығуды бірге кешті. Менің әдеби әлем жайлы бұған дейінгі ат төбеліндей оқушылық ойларымды түп-тамырымен өзгертіп жіберген де осы роман болатын. Оқи келе, сегіз қырлы, бір сырлы Ақанның сан қырын тани түстім, қысқасы, тіршілікті Ақан сезімімен тыныстап, бұл жалғанды бір сәтке Ақан көзімен көрдім деуге саяды. Міне, кітаптың құдіреттілігі осында. Бірінші томының орта бөлімінде айтылатын серінің сүйгені Ұрқияның өлімін оқырманға жеткізудегі жазушы шеберлігінің шыңын мойындауға куәгер көзімнен ыршып түскен ыстық жастың тамшылары еді. Балқадиша ару тағдыры туралы әні дәл осы романнан соң сүйіп тыңдайтын әуендерімнің қатарына қосылды. Әннің әсерлілігі соншалық, әуені құлағыма келгенде, санамды серінің сезімі, қиялымды Көкшенің келбеті кешетін. Көз алдымда егіліп жылаған Ақанның ащы қайғысы, Кербестінің кекілін сылап, қимас құрбысын аңсаған ақынның арман бұлттары көшіп жатты. “ХХІ ғасырдың жастары кілең шетелдің “даңғырына” әуес, ұлттық болмысымызды әспеттейтін әндердің ауылынан жаппай алыстап барады” дегенге қасқайып қарсы тұрар ұлы күш бар, ол – әдеби кітап оқу дер едім.  

Бұл кітаптың бірінші томын демалыс біткенше аяқтап, ұстазымның тапсырмасын орындадым. Келесі томын ерекше ынтызарлықпен іздеуге кірісіп кеткенімді, шыны керек, өзім де байқамай қалыппынау! Иә, жазушы Сәкен Жүнісовтің шығармашылығымен мен осылайша таныс болдым. Уақыт өте келе, кітап авторының драматургия саласында да сүбелі үлес қосқаны жайлы белгілі болды. “Театртану” бөлімінің 1-курс студенті атанғанымда автордың “Кемеңгерлер мен көлеңкелер”, “Ажар мен ажал”, “Қос анар”, “Қысылғаннан қыз болдық” сияқты пьесаларымен таныстым.

Серілігіне аты сай хас талант иесі Сәкен Жүнісов қазақ драматургиясы мен әдебиетіне өзіндік сүбелі еңбек жемісін сыйлады. Ол таңдаған әр бейненің бүкіл бітім-болмысы ерекше көрініске ие екені даусыз.

Қаламгердің шығармашылық шеберханасының ерекшелiктерінiң бiрi – белгiлi прозалық туындыларының драмалық шығармаға айналып жатуы. Мысалы, “Жапандағы жалғыз үй” романы негiзiнде “Қос анар” драмасы, “Аш қасқырлар қамаған қызыл керуен” атты повесi бойынша “Өлi-ара” деректi драмасы өмiрге келдi.

Жазушының “Ажар мен ажал” атты драмасы – инсценировкаланған шығарма. Драмадағы тартыс ширыққан, тартымды. Адалдық пен арамдық қатар өрбiп, психологиялық ахуалда әсер етiп, пьесаның басынан аяғына дейiн тас түйiн қалпын бұзбаған. Оқиға орталық қаһарманы – Ажардың айналасына жинақталған. Бiр Ажардың өзiне ауыртпалықтың сан түрi түссе де, мойымауынан қос ғасыр тоғысындағы қазақ әйелiне тән шыдамдылықты, қайсар мiнездi көрсетедi. Пьесадағы Ажар бейнесi – күрделі тұлғалардың санатында. Шығарманың бiрiншi актiсiнде Ажар өрімдей, пәк болып көрiнсе, екi жауыздың озбыр қылығынан, қорғансыз әжесi боранда үсiп өлгеннен кейiн, өмiрдiң қилы тұрмысын басынан кешiп, бірден ысылады. Озбыр Атанның iсiнен кейiн екiқабат болып, дүниеге әкесiз сәби әкеледi.

Пьесада оқиға шиеленiсiп, драмалық тартыс күшейе түседi. Драма оқиғасының шиеленiсуi, тартыстың күшеюi – батыл Ажардың өзiнiң намысын қорлаған, жалғыз ұлы Олжатайын солдатқа iлiктiрген, орыс офицерiне қолжаулық қылғысы келiп, өзiне жала жаппақшы болған болыс Атанның зұлымдығына шыдай алмай, балтамен басын шабатын кезі. Өзi патша үкiметi құлағанша көп жыл айдауда болып келедi. Ал Олжатайы соғыста қаза табады. Осы эпизодтардың атқаратын салмағы терең. С.Жүнiсов ойының шешiмi – жалғыз ұлынан айырылса да, бүкiл ана атаулыны намыстан ажыратпау болатын.

Мен бұл драматургті көргем жоқ. Бірақ, С. Жүнісовтің жүрек дүрсілін бала көңіліммен сезіне алғаным шын. Оған себепкер – жазушының терең ойы мен суреткерлік қиял әлемінің кеңдігінде деп ойлаймын. Менің әдеби әлемге енуіме үлкен септігін тигізе білген ұлы тұлға – Сәкен Жүнісов. Неге десеңіз, сол 10-сыныпта оқып жүргенімде-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге бесінші пән ретінде қазақ әдебиетін алып, еш тайсалмастан, өнер ордасына ат маңдайын бұруыма тікелей түрткі болған оның шығармалары мені әлі күнге игі мақсаттарға жетелеуде.

Жазушы қиялымды көкке самғатты, бала көңіліме қанат бітіріп, аппақ арманымның ақша бұлтына қондыра білді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp