«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҚПАЙДЫ ЕСІГІМДІ ПЕРІШТЕ-ЖЫР… (Эссе)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерік Асқаров… Осы бір аңқылдаған ақ ниетті ақын досымның алтын асықтай дидары көз алдымнан кетпейді. Ерікті алғаш кездестірген 1983 жыл мен одан көз жазып қалған 2003 жылдың шілдесі аралығында жігіт ғұмырындай уақыт өтсе, қапияда айрылғаныма биыл аттай он жыл екен.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қазақ еліне қара жамылтып, “Мен қалам ұстап жүрмін!” деген қабырғалы ақын-жазушыларымызды, ұлттық мәдениетіміздің ардақтыларын, тіпті, Атыраудан Семейге, түстіктен теріскейге дейін даламыздағы өлең-жыр қонған үлкенді-кішілі жыр дүлдүлдерін азалы бір жиынға тоғыстырған Еріктің ажалы еді. 2003 жылы Астанада ақынды қара жердің қойнына тапсырып тұрып, Сәкен аға – Сәкен сері Жүнісовтің екі иығы селкілдеп жылаған тұлғасы күні бүгінге дейін есімде.

Соңғы жылдардың мұғдарында теріскей өңірімізді сырт айналып кете беретін ақындық өнер, сараңдығы басымдау болған өлең жанымызды өрекпітіп жүргенде айдарынан жел ескен ақынға деген сағынышымыздың орнын толтырғандай табиғат еркелетіп әкеліп Ерікті төрімізге шығарып кеткенді.

1983 жылы танысқан тұсымызда ол “Қарлығаш” атты тұңғышын қолыма ұстатып еді. Қолда тұрғанда қонышынан басып кітап шығаратын бүгінгідей емес, ол тұста жинақ бастыруға нағыз дарыныңның арқасында ғана шамаң келетін. Алқалы талқылауларда талдауға түсіп, екшеліп, сүзгіден өтіп барып баспаға жолы салынатындықтан, ондай еңбекке беретін бағаңның әсте жоғары болары анық.  

Жиырма беске жете қоймаған жас ақынның бұдан да зор биіктерге ту тігерін осы жинағы аңғартса, сол ақиқат соңында алдамады. Келесі “Көгілдір” кітабына поэзиямыздың асқаралысы Сырбай Мәуленовтің өзі тамсана һәм өзгелерді де тамсандыра тамаша лебіз арнады.

Өзіне Тәңір берген талантына орай Ерік жыр шалқарында еркін құлаш сермей түсті. Жырдың да оған бергені аз болған жоқ. Айтыстарда Айы оңынан туған оны әмсе қазақ қауымы танып, өнеріне тәнті болды. Ол бұл орайда айтыстың дүлдүлдері Орынбай мен Біржан салдың үрдісін тірілткендей еді. Осы қасиетінің арқасында Ерік жойылып бара жатқан айтыстың төрт құбыласын қайтадан түгендеді десем, артық емес.

Жырдың оған тағы бір бергені – “Мен – қазақпын!” дегеннің Ерікке арнаған құрметі. Алаш даласынан әрі асып, ата-бабасының кіндік қаны тамған топырақтан тысқары жерде, шет мемлекеттерде тұратын ағайындар да Ерік Асқаров деген мұзбалақ ақынның барын және оның Солтүстік Қазақстанда, Мағжан жырларын жасырын жаттап өскен Мұхаммед-Хафиздің шаңырағында дүние есігін ашқанын жыр жинақтарынан, сұңғыла сөз саптауларынан айырып, анықтап білді.

Жерлестері де қарап қалмай, 1999 жылдың күзінде академик Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қырыққа толған Ерікке құрмет көрсетіп, арнайы кездесу өткізді. Өзі туған Мағжан Жұмабаев ауданының атынан жеңіл көлік тарту етілді. Айтыстар мен мүшайраларда жұлдызы жарқыраған Ерік мұндай тартулар мен сый-сияпаттан кенде болған емес. Алайда, талай мәрте қуанышына ортақ досы бола жүріп, оның осыған кеуде қағып, өзін-өзі дәріптегенін көрген де, білген де емеспін.

Ерік туған жерін керемет сүйгені сондай, өзінің кіндік қаны тамған “Келтесорынан” бастап, “Қызылжар”, “Есіл” атаулары оның өмірінің мәні, ақындық шабытының Темірқазығына айналып кеткен.

Қабағымды ылғи бағатын

Қайыңы қарындасымдай.

Шалдықсам, тіреу болатын

Терегі аға-бауырдай –

Сағындым Қызылжарымды,

Сағындым туған ауылды-ай.

Омырау қаққан шалғының,

Бүлдірген терген орманың,

Қоңыраулатқан бал күнім –

Әлі де менің арманым.

Қызылжар, қайран Қызылжар,

Құмарым саған қанбады, –

деп жырлап еді-ау.

Қызылжар… “Қазақтың қала дегеннен хабары сенсің, Қызылжар!” деп Ғафу Қайырбеков тамсанған қаламыз Еріктің қаламына арқау болғаны тек өлеңдерінен ғана емес, өзге туындыларынан да танылады. Негізгі мамандығы режиссерлік Еріктің драматургияда да еркін шалқуына мұрындық болды. Қазақстан Театрлар одағының жүлдесін иеленген “Қызыл қала – Қызылжар” пьесасын айтсаңызшы. “Авторы – Ерік Асқаров” деген айдармен аталған пьеса Қазақстан театрларының сахнасын айналып шыққаны ғанибет емес пе?! Бұған қоса “Біржан сал” атты драмалық туындысы ел аузына іліккен кезде Ерік шалқыған шабыттың шалқарында еді.

2001 жылдың желтоқсанында Астанада облыстар эстафетасы өтіп жатқанда басымыз түйіскен Ерік “Қазақстан ғасыры” деген соңғы кітабын қолтығыма қыстырып жіберді. Бір жағынан өңіріміздің өнерпаздары – сахнада, екінші жағынан Еріктің жыр жинағы “Мені парақтасаңшы!” дегендей мазалай түседі. Үзіліс сәтінде өзгелерге еріп фойеге беттемей, орнымда тапжылмай отырып, жарты сағаттай шолып шықтым. Баурап алды. Кітаптың бірінші бетіндегі маған арнаған қолтаңбасының өзі жанды үйіріп барады. Ақ ниетті жылы тілек, достық сезім түзілген. Тілге жеңіл-желпі үйіріле кететін таптаурын, ықыласыңды ығыр қылатын жауыр сөздер емес. Осының өзінен екеуара ниеттестіктің нәті аңғарылады. Шынайы ризамын. Еріктің өзіне де, өлеңмен өрілген сөзіне де.

Жан сырыңды ұғысқан адамға жылы сөзбен жомарттық жасағанға не жетсін?! Мен Еріктің әр жетістігіне, жаңа жинағына қуанышымды баспасөздегі лебіздеріммен білдіріп отырдым. Оның “Көгілдір” жинағынан бастаған толғаныстарымды кейін де үзбей, он шақты мақала жариялаған екенмін. Оларда Еріктің адамгершілігі мен дарынын әр қырынан көрсете алғанымды осы жазбаларымды тағы бір мәрте шолып шыққанымда аңғардым.

Оның ардақты азаматтық және ақындық тұлғасын орыстілді оқырмандарға таныту үшін облыстық “Северный Казахстан” газетінде (2011 жылғы 6 қаңтар) жариялаған “Поэт поэту есть кунак” деген эссем көзіме оттай басылды.

Ерік қырыққа толатын жылы қыстың көзі қырауда, өзі өмірге келген ақпан айының сақылдаған сары аязында ноқаттай ғана туған ауылы Дүйсекедегі оның кіндік қаны тамған қара шаңырағында бір апта аунап-қунап жатып, марқұм анасы Қалиша Балпышқызының қолынан ақ дәмін татқан, ауылдың дастарқан басында тоғысқан кәрі-жасының жанында отырып, қазақ мәдениеті, ұлт тарихы жайында толғанумен, өлең-жыр айтысумен өткен күндер мен түндер әсте естен шығар ма?!

Оның Алматыдан, яки ауылынан еркелеп келіп есігімді қағатын кездерін де отбасымыз болып еске аламыз. Ол өзіміз адамгершілігі мен өнерін айрықша құрметтейтін досымыз, кинорежиссер, қаламгер Аяған Шәжімбаевтің сәлемі мен сәлемдемесін арнайы жеткізетін. “Жеңгемнің асын, бауырсағы мен шайын сағындым!” деп еркелеп келетін. Жан-жары Нәсіпжанның сызылта салған әні құлақ құрышын қандыратын күндер-ай десеңші!

Ерік те менің қуанышыма ерекше шаттанатын. 2003 жылы Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығындағы мүшайрада жеңіп алған жүлдемді өз жеңісіндей мақтан етіп, ақындар ортасында аузынан тастамай жүріпті.

Иә, сол 2003 жылдың 1 шілдесі оған қаралы күн болды. Менің туған күнім. Сарытомардағы ұланғайыр Мағжан тойынан тамаша әсермен тарағанбыз. Мен Қызылжарға сәл ертерек аттанып, дастарқан жайып, Ерікті тосып отырдым. Ол сәлден соң телефонмен қоңырау шалып, Астанаға шұғыл аттанып бара жатқанын айтып, кешірім сұрады. Қасында – ұлы Бекзат және әпкесі мен қарындасы. Бұл оның соңғы сапары екен…

… Содан соң Астанаға аттандық. Қазақ өлеңінің қабырғасын қайыстырған қаралы сәтте қабір басында ұнжырғамыз түсіп, іштен жылап қоштастық. Содан соң оның ажалына арнап “Елік-ғұмыр” атты өлең жазған едім.

Атойлап қарсы алдымнан көріспеді ұл,

Жақсыдан айырылсаң өріс кемір.

Елеңдеп отырамын есігімді

Еркелеп қағатындай Періште-жыр, –

деген екенмін.

Еркелеген Еріктің өмірден озғанына биылғы шілдеде он жыл өтті.

Өміршең адам өлім жайлы ойламайды. Қызғаныш құрсауынан құтыла алмай қажығандықтан, “Мені де, өлім, әлдиле!” деп Мағжан жырлағандай емес, Еріктің жырларында өрлік, асқақтық үні жаңғырып тұратын. “Тегім менің Асқар ғой, менің төрім аспан ғой!” деп масайрайтынын қайтерсің?! Бір анық ақиқатты айтар болсам, соңғы жылдары жазба өлеңімізде де, айтысымызда да Ерік сынды еркін көсіле аққан дариядай құйып тастаған ақындар аз. Орны әлі де бос тұр.

Еріктің есімін мәңгілік есте қалдыру мәселесі де – тіл ұшында. Кезінде бұл ой қозғалмай қалған жоқ. Оған Еріктің ерекше құрметтеп, әрбір жетістігімізге өзінің қуанышын алдымен жеткізетін “Солтүстік Қазақстан” газеті, “Қазақ тілі” қоғамы мұрындық болғанды. Бұған Қызылжарда тұратын туысы, жанашыры Зейнолла қажы Олжабаев ақсақалдың қосып жүрген үлесі өлшеусіз. Ол Еріктің кітаптарын, ол туралы мақалаларды мұқият жинап, сақтауда. Сол тілегіміз бүгін де көкейден кетер емес. Қара жерден тысқары болса, алдағы жылы ақпанда елу бес жасқа келетін Ерік Асқаровтың өлең мен өнердегі өрлеген биігі бұрынғыдан да асқақ болар еді. Мен жоғарыда аталған “Поэт поэту есть кунак” деген мақаламда облыс орталығының бір көшесін Еріктің есімімен атау жөнінде ұсыныс жасағанмын. Бұл – менің ғана қалауым емес, Еріктің талантын таныған ел-жұрттың талап-тілегі, көпшілік достарының мүддесі. Мұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Бұл орайда елімізде Ерік Асқаровтың атында айтыс ақындарының арасында арнайы жүлде сарапқа салынып жүргенін айтпай кетуге болмайды.

Осы айтылғандарды түйіндей келгенде, Еріктің өзі туған Мағжан Жұмабаев ауданының орталығындағы қазақ мектебіне, Петропавл қаласындағы бір көшеге оның есімін беру қажет екендігін тағы да еске салу артық болмас деймін.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp