Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен кеңес өңіріміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінің сатылу көрсеткішін жоғарылату шараларына арналды. Жиынға жергілікті азық-түлік тауарларын өндірушілер және облыс орталығындағы ірі сауда орындарының өкілдері қатысты.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Нарыққа шығарылатын азық-түлік бәсекеге қабілетті болуымен қатар, тұтынушыларға қауіпсіз болуы шарт. Сондықтан өнім өндірушілер де, оны өткізуші кәсіпкерлер де тамақ өнімдерінің қолданыс мерзімін қадағалауға міндетті, дей келіп Қайрат Әскербекұлы облыс орталығындағы сауда орындарында әлі күнге дейін бұл мәселе толық шешімін таппағанын тілге тиек етті.
Жақында Петропавл қалалық Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі қаладағы ірі тоғыз сауда үйінің жұмысына мониторинг жүргізіп, олардың сауда-саттық жасау талаптарын қалай орындап жатқандығын қадағалаған. Осы шара барысында сауда орындары жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін тұтынушылардың назары бірден түсетін жоғары сөрелерге қоймайтындығы, жарнамалық тәсілдердің аздығы, кейбір өнімдердің сақталу мерзімі қадағаланбайтындығы, сондай-ақ тауар орамаларында таңбалаудың жоқтығы айтылды. Ал “СБИ-Агро” ЖШС-нің атқарушы директоры Мария Попова кәсіпкерлерді шетелдердің құрамы белгісіз тамақ өнімдеріне басымдық бермей, өзіміздің табиғи, экологиялық таза өнімдерден жасалған азық-түліктерді сатуға шақырды. Мысалы, “Егін” ЖШС-нің макарон өнімдерінің 90 пайызы облыстан тыс аумақтарда сатылады екен. Серіктестік басшысының айтуынша, кәсіпорын ішкі нарыққа тауар шығаруға ниет білдіргенімен, жергілікті сауда орындары “орын жоқ” деген сылтаумен маңайлатпай отырған көрінеді. Өнім өндіруші өз тауарының басқа бәсекелестерінен сапа жағынан да, баға жағынан да тиімді екендігін алға тартты.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті биыл 727 жоспарлы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде заңға қайшы келетін әрекеттерге 290 ұйғарым шығарып, оларға екі миллион теңгеден астам айыппұл салған.
– Азық-түлік дүкендерінде көбінесе пайдалану мерзімі өтіп кеткен тауарлар жиі сатылады. Егер тауар жергілікті өндірушілерден алынса, екі жақты келісімшарт бойынша мерзімі өтіп кеткен өнім тауар өндірушіге кейін қайтарылады. Көптеген тауарлардың орамасында өндірушінің кім екендігін, қашан өндірілгендігін, қашанға дейін қолдануға болатындығын дұрыс көрсетпеу әлі күнге дейін жалғасып келеді, – деді департамент басшысының орынбасары Татьяна Горлова.
Кеңестен соң облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов тексеруші органдардың қызметкерлерімен және БАҚ өкілдерімен бірге облыс орталығында орналасқан “Тайга” сауда үйіне барып, ондағы сауда-саттық талаптарының орындалу барысымен танысты.