Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Еліміздің экономикалық саясатының негізгі проблемасы оның шикізаттық бағытына байланысты болып отыр. Экономика құрылымындағы өндіруші салалардың басымдығы бүгінде қазақстандық экспорттың шикізатқа мамандандырылуын байқатады, оның 80 пайызын шикізаттық материалдар құрайды. Өндірістің мұндай құрылымы республиканың сыртқы факторлардан экономикалық тәуелдігін айтарлықтай күшейте түседі, әсіресе, ол соңғы жылдары әлемдік тауар нарықтарының тұрақсыздығынан аңғарылады. Сонымен бірге Қазақстанның әлемдік нарыққа қуаттық-шикізаттық топтағы тауарлар шығаруға мамандануы оны әлемдік бағалар өзгерісіне тәуелдікке ғана түсірмейді, әрі көптеген шикізат түрлерінің қымбаттай түсуі себепті экспортын кеңейтуде болашақта қиындықтар тудыруы мүмкін. Еліміздің әлемнің шикізаттық экономикалы үшінші елдерінің қатарына қосылып кетпеуі үшін республиканың экономикалық саясаты мен экономикалық даму стратегиясын жедел өндіру саласына негізделген шектеулі даму аясына қарай қайта бағдарлау қажет.
Тағы бір күрделі проблема жоғары шоғырландыру және соның салдарынан өнеркәсіп өндірісін асыра монополизациялау болып табылады. Қазіргі уақытта ел экономикасында 16 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істесе, оның тек 1,6 пайызы немесе 250-ге жуық ірі кәсіпорындары барлық қазақстандық өнімнің 77 пайыздан астамын өндіреді. Елдің, негізінен, отын және шикізат экспорттаушы оннан астам ірі кәсіпорындары ғана іс жүзінде экономиканың нақты секторындағы төлемге қабілетті сұранысты туындатады. Соның нәтижесінде елдің экономикалық даму тұрақтылығы тікелей осы кәсіпорындардың қаржылай қуаттылығы мен басқару саясатына байланысты. Аталмыш проблеманы шиеленістіре түсетін тағы бір жай, жекешелендіру қорытындылары бойынша республиканың ірі кәсіпорындарының басым бөлігінің шетелдік компаниялардың меншігіне немесе солардың бақылауына берілуі. Ал, олардың мүдделері кейде ұлттық экономиканың мүддесімен сәйкес келе бермейді.
Экономикалық өсімге өтелмеген төлемдер тұсау салуда. Сондай-ақ, соңғы жылдары ол ел бюджетінің дефицитіне қосылып, жағдайды ауырлата түсуде. Қатаң мемлекеттік реттеудің қаржылық тетіктерін қолданудың нәтижесінде ғана экономиканы монетизациялау деңгейі 9-12 пайызға дейін төмендеді.
Республиканың өндірістік қуатының дамуын шектейтін осы аталған проблемалармен бірге, Қазақстан экономикасында салыстырмалы қысқа мерзімнің ішінде ел экономикасын нығайтып қана қоймай, болашақта нақтылы ұлттық экономикалық мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін бірқатар артықшылықтар да бар. Оларға, біріншіден, біршама жылдам жаңа өнім түрлері өндірісін іске қосуға мүмкіндік беретін бос тұрған өндірістік айтарлықтай қуаттардың барлығын жатқызуға болады. Екіншіден, жоғары біліктілік деңгейіндегі арзан жұмыс күші де жеткілікті. Үшіншіден, елдің біршама дамыған ғылыми-техникалық қуаты, бірқатар осызаманғы және жаңа технологиялық ізденістер, атап айтқанда ғарыштық, радиациялық, лазерлік технологиялар, нәзік химия мен биотехнологиялар бағыттары бойынша ғылыми және технологиялық негіздердің болуы, төртіншіден, елдің жоғары білім беру мен мәдени қуаты жатады. Көрсетілген қолайлы экономикалық және әлеуметтік факторлармен бірге Қазақстанның басқа да табиғи-географиялық артықшылықтары жеткілікті.
Қазақстан барланған әлемдік пайдалы қазба байлықтары қорының 1/15 бөлігіне ие. Еліміз вольфрам қоры бойынша әлемде – бірінші, хромиттер мен фосфориттер қорынан – екінші, марганец кенінен – үшінші және қорғасын мен молибденнен төртінші орын алады. Сондай-ақ, әлемдік маңыздағы көлемде темір кені қоры да бар. Алайда, Қазақстан қазба байлықтарының көлемі мен түрлерінің көптігі жөнінен әлемнің минералдық-шикізат базасында көрнекті орын ала тұра, барланған қорлар мен өндірістік қуаттарының сапасы жөнінен Австралия, ОАР, АҚШ, Ресей сияқты минералдық шикізат өндіруші жетекші елдерден және Таяу Шығыс пен Латын Америкасының кейбір елдерінен айтарлықтай кейін қалып отыр. Республиканың жер қойнауындағы минералдық шикізат қорларының жартысы ғана әлемдік нарықта бәсекеге түсе алады. Оған қарағанда қазақстандық отын-энергетка қорының, атап айтқанда, мұнай, газ, көмір өнімдерінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігі біршама жоғары. Сол сияқты, кейбір қара және түсті металдармен де бәсекеге түсе аламыз.
Әсіресе, көмірсутегі шикізатының бай қоры бүгінде республиканың экономикалық кешеніне жаһандық маңыз әперді. Оның барланған қоры бойынша еліміз әлемде 13-ші орын алады. Десе де, қазақстандық мұнайдың қоры одан да көп, өйткені оның айтарлықтай бөлігі Каспий теңізінің қайраңында жатыр. Үкіметтің және жергілікті сарапшылардың бағамы бойынша, Қазақстандағы мұнай мен газдың жалпы қоры 23 млрд. тоннаны құрайды, оның 13 млрд. тоннаға жуығы сол Каспий қайраңында. Шетелдік сарапшылардың болжамы бойынша, қазақстандық мұнайдың өңдеуге жарамды жобалық қоры – 9,7 млрд. тонна. Соның өзі де елді әлемде жетінші орынға қояды. Ал, қор болжамындағы айырмашылық бассейннің толық барланбауына байланысты. Бүгінде мұнай секторының үлесіне ішкі жалпы өнімнің 15 пайызға жуығы келеді. Мұнай өндіру көлемі бойынша Қазақстан әлемде 26-шы орын алады.
Еліміздің екінші бір ірі көмірсутегі байлығы – тас көмірі. Оны өндірушілер мен экспорттаушылардың ондығына енеміз. Негізінен, біздің көмір ТМД елдеріне шығарылады.
Сонымен бірге қара металға да кенде емеспіз. Қазақстан темір кенінің қоры бойынша әлемде 8-ші орында. Оның әлемдік қордағы үлесі 6 пайызды құрайды. Мол көлемді қоры мен басқа артықшылықтарын айтпағанның өзінде қазақстандық темір кені жоғары сапасымен де ерекшеленеді. Айталық, 8,7 млрд. тонна темір кенінің 73,3 пайыз қоры жеңіл өндірілетін түріне жатады. Мұндай темір қоры елімізде алдағы 50 жылға жетеді. Қазір әлемдік нарықта болатқа сұраныс түсіп кетті, сондықтан оның өндірісіне де теріс әсері бар. Осындай жағдай түсті металдар өндірісіне де тән. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның қара және түсті металдар өндірісімен экономикасын жедел алға бастыра қоюы екіталай.
Оған қарағанда еліміздің экономикалық дамуына астық нарығының ықпалы молырақ. Біріншіден, республикамыз жердің бай қорына ие, ол 223 млн. гектардан асады, еліміздің 74 пайыз аумағы ауыл шаруашылығы маңызындағы жерлерді құрайды. Екіншіден, Қазақстанда табиғи-ауа райы жағдайы әртүрлі дәнді дақылдар түрлерін өсіруге қолайлы, соның ішінде бидайдың қатты, күшті және бағалы сұрыптары бар. Оның үстіне астықтың әлемдік нарығында сұраныстың ұзақмерзімдік арту үрдісі де қазақстандық астықтың экспорттық өндірісін дамытудың қажеттілігін байқатады. Жер қорларын интенсивті пайдаланған жағдайда елімізді әлем нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі жеткізушіге айналдыруға әбден болады.
Иә, еліміз экономиканы дамытудың түрлі жолдарын таңдауда мол мүмкіндікке ие. Олардың бірін-бірі толықтыра отырып, ұзақмерзімдік тұрақты дамуды қамтамасыз ететіні сөзсіз. Ол үшін ұлттық экономикамыздың ашықтығына қол жеткізіп, озық технологиялар мен сапа стандарттарын қабылдауда әлемдік нарыққа және халықаралық еңбекті бөлу жүйесіне бағдар ұстануымыз керек.