«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛҒАН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ А Р М А Н Ы – қазақ жастарынан мықты шаңғышылар шығару

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен облыста қазақ балаларымен жұмыс істейтін және де қысқы спорт түрімен айналысатын жаттықтырушымен танысу үшін Петропавлдағы Қазбек Байболов атындағы қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне хабарласқанымда ондағы мамандар шаңғы жаттықтырушысы Уәлихан Жақыповты ұсынды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жасыратыны жоқ, мен оны бұрын білмеппін. Тек таяуда “Отбасы күніне” орай өткізілген жарыста сегіз шаңырақ арасында топ жарғанын естігенмін. Енді сол отыз алты жасар жігітпен жақын танысудың сәті түсті.

Уәлихан Ресейдің Омбы облысындағы Москаленко ауданында орналасқан Тұнба деген қазақ ауылында туыпты. Бір қайран қалғаным, алып мұхит айдынындай Ресей еліндегі көзге шалынар-шалынбас аралдай ғана қазақ қонысы екен бұл Тұнба.

– Осы ауылда ұлттық мектеп бар. Мен сол үшжылдық мектепті тамамдадым. Әкем марқұм қарапайым еңбек адамы еді. Жұмысы үнемі қауырт болатын. Ауылдың маңдайалды механизаторы еді. Таңнан түнге ұласатын жұмыстан қолы босамайтын. Сондықтан әкемді кейбір сәті түскен күндері ғана көретінмін, – дейді Уәлихан күлімсіреп.

– Енді қайда оқимын? – деппін бірде үшжылдықты тамамдаған соң.

– Қайдасы қалай?! Мына Қызылағашқа барасың!

Көрші Қызылағаш ауылы да Тұнба сияқты қазақтан басқа ұлты жоқ қоныс екен. Бір атап айтары, ондағы ұлттық мектеп – тоғызжылдық.  

Осы мектепте оқуын жалғастырған Уәлихан бойшаң болғасын сапта алдыңғы жақта тұрады.

– Мен сенің бойыңа ризамын. Мысалы, шаңғымен шұғылдануға ебің барын байқадым. Егер шаңғыны жақсы меңгерсең, сенен айтарлықтай спортшы шығады, – депті оған осы мектептегі дене тәрбиесін оқытатын мұғалім Мерсалық Айтжанов.

Уәлихан үнсіз келіседі. Шаңғылары жап-жаңа! Қолайлы, жеңіл. Бақытына қарай, М. Айтжановтың арнайы мамандығы болмаса да, спортқа бүкіл жан-тәнімен берілген адам екен. Шәкірттерін үйіріп әкетеді. Қары бір арылмайтын қыс айларында ғана емес, жаздың өзінде шығырлы аяқкиімдермен жарыстар өткізіп, өзі де тыным көрмей, балаларға да маза бермей, жаттығулар жүргізеді.

Жас бозбала туған ауылы Тұнбаны, ондағы өз шаңырағын, туыстарын сағынғанда аяғына шаңғыны байлай салып, зымырап жетіп барады. Мұның бала үшін пайдалы жаттығу екенін аңғарған білікті ұстазы шектеу қоймайды, қайта дұрыс болғанын айтып, көңілін өсіре түседі.

– Сен біршама машықтандың. Енді оқуыңды одан әрі жалғастыратын болсаң, шаңғыдан шеттеме, – деп кеңес береді ұстазы.

Оның осы ақылы медет болып, Уәлихан 1991 жылы Омбының педагогика колледжіне оқуға түседі де шаңғымен айналысудан қол үзбейді. Бір қызығы, ол орыс атаулының қарасы көрінбеген ауылдарда өскендіктен, Омбыға барғанда орысша білмепті. Артынан үйреніпті.

Колледжде спорттық бағытта білім алғандықтан, жоғары білім алуды көздегенде Уәлихан Омбыдағы Сібір мемлекеттік дене шынықтыру академиясын таңдайды.

Жасынан жүзуден, жүгіруден, биіктікке, ұзындыққа секіруден өзгелерден оқ бойы озық, оның үстіне шаңғыдан даярлығы мықты болған ол талап үдесінен шығып, академияға түседі.

– Мен осында оқи жүріп, спортшы болудың қаншалықты оңай шаруа еместігін ұқтым. Күн тәртібін қатаң сақтау керектігін аңғардым. Спортшы белгілі бір нәтижеге жетуі үшін өмірдің өзге қырларына алаңдамауға тиіс екен. Және де академияда дене қуатын шыңдап қана қоймайды, онда сабақтас пәндерді мұқият оқуың қажет. Сөйтіп, адам ағзасын зерттейтін физиология, анатомия сияқты пәндерді зерделеуіме тура келді. Мұның медицинамен де байланысы бар. Осының бәрі болашақтағы мамандығыма қажет екендігін білдім, – дейді ол.

Академияны 2002 жылы тамамдаған ол ата-бабаларының кіндік қаны тамған Қазақстанға қоныс тебуге түпкілікті ден қояды. Ақыры Петропавлды таңдап, қаладағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатқа өз мамандығы бойынша қызметке орналасады.

– Мені Қазақстан шаңғышыларының жетістіктері үнемі қызықтыратын. Омбыда оқып жүрген кезімде олардың жеңістеріне, әсіресе, Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов пен белгілі жүйріктер Владимир Сахновтың, бұлардан бұрын шыққан Иван Гараниннің шеберліктеріне тәнті болушы едім. Ал, шынымды айтқанда, осы қатарда қазақ жастарын да көргім келетін!

Уәлиханның лебізінің астарын аңғарып , оған:

– Соңғы Азиада мен әлем кубогының кезеңдерінде Николай Чеботько, Евгений Величко, Евгений Кошевой, Сергей Черепанов, Алексей Полторанин, ең жасы Денис Волотко елімізді абыройға бөледі. Ал, қазақ шаңғышылары жоқ қой бұл қатарда, – дегенімде ол өз уәжін дәлелдеуге тырысты.

– Бұлар, негізінен, еліміздің қазақ тұрғындары аздау өңірлерінен, атап айтқанда, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан шыққандар. Біздің балаларымыз бен жастарымыз күрес пен боксқа көбірек ден қояды. Оларды қысқы спорт түрлеріне, соның ішінде шаңғыға тарту керек, – деді Уәлихан Хасетұлы.

Ол осы мақсатпен досмұхамбетовтіктерді Қ. Байболов мектебінде жаттықтыруға арнайы кірісіп отыр. Өзі гимназия-интернатта еңбек ете жүріп, онда білім алатын жиырмадан аса шәкіртін аталмыш спорт мектебінде жаттықтырады. Спорт шеберіне кандидат оқытушы-бапкер алдағы уақытта қарамағындағы балалардың ішінен ең лайықты дегендерін шыңдауды мақсат етіп, оларды шеберлікке баулуда.

Бұл ретте біздің қазақстандық шаңғышылардың әлемдік жарыстарда соңғы жылдары елімізді тамаша жетістіктерімен қуантып жүргенін де әңгімемізге арқау еттік. Мысалы, риддерлік Алексей Полтораниннің әлем кубогының кезеңдерінде жеңіске жетуі, сондай-ақ Денис Волотко мен Николай Чеботьконың Канаданың Калгари қаласында өткен соңғы жарыстардың бірінде екі адам қатысатын эстафетада ресейліктер мен норвегиялықтарды артқа тастауы шаңғының ең таңдаулы мамандарын ойландырғаны да тілге тиек етілді. Демек, біздің елімізде шебер бапкерлер, табиғат жағдайлары қолайлы өңірлер баршылық.

Бірақ қары қалың, қысы ыңғайлы біздің облысымыздың жеңімпаздар қатарына қосары жоқ болып отырғанын да айтып өттік. Бұл ыңғайда сөз табиғат жағдайы туралы емес, жақсы бапкерлер жайында болуы керектігі түсінікті. Қазір спорттың кейбір түрлерімен қыста да, жазда да жаттыға беруге болады. Мысалы, шаңғы жаттығуларына жазда шығырлы конькилерді пайдаланады. Ол үшін соған лайықталған тас жолдар тартылса, жеткілікті. Кейде, тіпті, велосипедшілер сияқты үлкен тас жолдарда дайындалуға да болады.

Уәлиханның айтуынша, мәселе жаттықтырушының жеке біліктілігіне байланысты. Келісесің. Өйткені, жарыстар жаңаруда, өзгерістер енгізіліп жатыр. Айталық, өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап шаңғы жарыстарына конькимен сырғанау әдісі енгізілді. 1985 жылы атақты швед шаңғышысы Гунде Сван осы әдісті тұңғыш рет қолданды. Бұл жаңалықты Бүкілдүниежүзілік шаңғы федерациясы құптады. Гунде Сванның жылдамдығын, айталық, Жапонияның Саппоро қаласындағы 1972 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы эстафета жарысында таяқшаны соңғы болып алған, артынан барлық қарсыластарын басып озып, алтын алқаны КСРО-ға тарту еткен Вячеслав Веденинмен әсте салыстыруға келмейтінін Уәлихан Хасетұлы дәлелдеп берді. В. Веденин классикалық әдіспен жарысса, Г. Сван конькимен жүруді енгізді. Бұл әдіс алғашқы түрден әлдеқайда шапшаң және қолайлы.

Біздің Владимир Смирнов кейінгі жылдардағы жарыстардың бірінде Гунде Сванның осы әдісін өзіне қарсы қолданып, оны ұтып кеткені белгілі. Әйелдер арасында бұл әдісті Олимпиада чемпионы Елена Вяльбе тамаша меңгеріп алғаны да рас. Солар жайлы айта келіп, Уәлихан Жақыпов өз шәкірттерін осы әдіспен баптайтынын айтты. Әрине, ол үшін баланың дене қуатының мықты болуының зор маңызы бар екен. Әсіресе, аяқтың сіңірлері және бұлшық еттері мығым болуы шарт. Белі, арқа бұлшық еттері ерекше жетілуі керек. Бар күш таяқшаға да түсетіндіктен, қолы қарулы болғаны жөн. Бір сөзбен қайырғанда, нағыз шебер шаңғышы дегеніміз – ауыр атлетшінің, жеңіл атлетшінің, конькишінің бір адамның бойына жиналған қоспасы. Осыларды толық меңгергенде жас шаңғышы жарысу машығын дамыту арқылы жеңіске жете алады деп санайды бапкер.

СУРЕТТЕ: У. Жақыпов.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp