Жоғарыдағы суреттегі кісінің аты-жөні – Мәлік Ахундов. Мамандығы бойынша көлік жөндеуші болып қызмет ететін оны жақындары музыкант ретінде де таниды. Бала күнінен өнер атаулыға ғашық болып, ер жеткен Мәлік Әли оғлыны сегіз қырлы, бір сырлы адамдардың қатарына жатқызуға болады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мәлік Әли оғлы Әзірбайжан еліндегі Қазақ деген атаумен белгілі ауданның тумасы екен. 1995 жылы Қазақстанға көшіп келген кезде кіндік қаны тамған туған жерінің атауы қазіргі Отанымен тікелей байланысты екендігін білді.
– 1480 жылдары бұл жерге түрік тайпалары қоныстанып, орын тепкен көрінеді. Ежелден еш өзгеріссіз келе жатқан атауына қарағанда бұл жерге қоныстанған түрік тайпалары деп отырғаны қазақтар болуы мүмкін. Мен бұл жайында Қазақстанға көшіп келгенде бір тарихшыдан естідім. Сол уақыттан бері аудан Қазақ деп аталып келіп, ауданның орталық қаласы да Қазақ деген атпен белгілі. Туған жерімнің тарихи атауы қазақ халқымен тікелей байналысты болғанына қуандым. Себебі маған, менің отбасыма бақытты өмір сүріп, сүйікті ісіммен еркін айналысуым үшін мүмкіндік берген Қазақстан мемлекетіне дән ризамын, – деген Мәлік Ахундовпен кездесуіміз оның үйінде өтті.
Қаланың шеткі жағында жер үйде тұратын Мәлік Әли оғлы қонақжайлық көрсетіп, біз келе сала шәйнегін қайната бастады. Оның үйін музыкалық аспаптар мұражайымен салыстыруға болады. Аспаптар бір қабырғаға толы. Ол күнде таңертең аспаптарын қолына алып, ойнап тұруды әдетке айналдырған. Алдымен үрлемелі аспапты қолына алып, әзірбайжан халқына кеңінен танымал әуенді ойнап берді. Өмірбақи темір тұлпарды жөндеп, әбден қатайып қалған оның саусақтары аспапқа қол тигізген сәтте қоғадай былқылдайды.
Оның әрбір аспабының өзіндік тарихы бар. 5 соқпалы аспап, 7 ішекті аспап, 3 үрмелі аспабы бар Мәлік Ахундов әрбір аспаптың тарихы ерекше дейді. Алдымен бір-біріне қатар орналасқан екі бірдей соқпалы аспап жайында баяндады. Оны әзірбайжан тілінде “Гошанагара” деп атайды екен. Арнайы техникамен орындалған қазан іспетті аспапты ол кәдімгі шойын қазаннан жасап алыпты. Ыстық пеште талай жыл тамақ пісірілген қазанды сырлап, сосын сиыр терісімен қаптап, дауысын келтіріпті. Әзірбайжан тілінен аударылғанда “қос барабан” деген мағынаны білдіретін аспапты ол қолда бар заттардан осылайша құрастырып алған. Тағы бір нагараны туған елінен алып келсе, өзгесін өнеріне тәнті болған қазақ және түрік бауырлары сыйлапты. Олардың да тілін еркін меңгеріп алған Мәлік Ахундов құлаққа жағымды түрлі әсем әуендерді ойнап берді.
– Қазақстанға отбасыммен 1995 жылы көшіп келгенімізде қазіргі Ақмола облысынан Атбасар ауылында тұрдық. Сол жердің Мәдениет үйінде талай концерттік бағдарламаларға қатысып, өз өнерімді елге паш ете бастадым. Содан кейін 2002 жылы Әзірбайжанға қайта көшіп кетуіме тура келді. Бірақ 2005 жылы Қазақстанға қайтадан көшіп келдім. Себебі, қызым мен ұлым осы жерде тамырларын жайып, тұрмыс құрып, шаңырақтарын көтерді. Немерелерім мен жиендерім атасы мен әжесінің мейірімінсіз ер жетпейді деп шештім. Сол кезде елімнен талай аспаптарды өзіммен бірге алып келдім. Аспаптарымның ішінде анамның маған сыйға тартқандары да бар,– деген ол тәрбиеленген отбасы жайында әңгімеледі.
Балалық шағындағы есте қалған қызықты оқиғаларымен бөлісе отырған ол музыкаға деген махаббатының анасынан дарығандығын айтты.
– Ауылымыз тау бөктерінде орналасқан. Анам бізді әнмен ұйқыдан оятып, пеште пісірілген ыстық нан мен қант қосылған қою шайды ұсынатын. Сондағы анамның айтқан халық әндері әл күнге дейін есімде. Солардың бірі “Қазақ жеріне келіп, сәлем бер” деп аталады. Бұл ән Әзірбайжандағы Қазақ деген ауданның құрметіне шығарылған, – деді де қолына қара домбыраны алып, сол әнді әзірбайжан тілінде шырқады.
Қоңыр дауысты домбыра сыңғырлай жөнелді. Таңғалдым. Таңданысымды жасыра алмай, Мәлік Әли оғлыдан домбыраның дауысы неге олай шығатындығын сұрадым. Ол бұл сұрақты күткендей, жымия жауап қатты.
– Бұл домбыраны маған көлігін жөндеп берген бір кісі сыйға тартты. Нақтырақ айтсақ, домбыраның бөліктерін әкеп берді. Домбыра бірнеше бөліктерге бөлініп, әбден қирап қалған екен. Оны көргенімде жүрегімді біреу тілімдегендей болды. Домбыраға қараудың өзі аянышты еді. Сосын бір күні отырдым да, әлгі домбыраны жөндедім. Келбетін келтіріп, бөлініп қалған құлағы мен мойнын жалғап, желімдедім. Эксперимент жасап көрейін деп саздың жіңішке ішегін тақтым. Тамаша әуен шықты. Домбыра өзінің қазақи дауысын жоғалтқан жоқ. Қайта дыбысы күмбірлей шыға бастады, – дейді ол.
Бұл домбыраны Мәлік Әли оғлы әлі де өңдемекші. Қақпағына Мемлекеттік Туда бейнеленген ою-өрнек пен күннің көзін және бүркітті салмақ. Ал мойнын ұлттық оюлармен, түрлі асыл тастармен әшекейлеуді ойластырып қойған.
Ол талай аспапқа жан бітірді. Жертөледе шаң басып жатқан бұл домбыраны іске жаратқандай ол кәдімгі көліктің дабылынан үрлемелі аспап жасап шығарған. Қытайда жасалған жарамсыз көлік дабылының бір екі жерінен ойық жасап, үнді киноларынан танымал әуендерді ойнап, ол жұмыс істейтін техникаға қызмет көрсету станциясына келген адамдарды осылайша көңілдендіріп қояды екен. Жора-жолдастары мен таныстары арасында оны музыкант деп атайды. Той-томалақ, жиындар мен кездесулер бола қалса, достары қоңырау шалып, “Мәлік, бізге келіп, ән орындап берші?” деп өтініштерін жиі айтатын көрінеді. Ол жинаған аспаптарының арасында қазақ, түрік, әзірбайжан, орыс халық аспаптары кездескендіктен, қоңырау шалатын достары да әртүрлі ұлт өкілдерінен. Аспаптарының бұдан да көп болғанын қалайды. Ол сол арқылы бір шаңырақ астында баянды өмір сүріп келе жатқан әртүрлі этнос өкілдерінің аспаптарын меңгеріп, достарының қатары бүгінгіден де көп болғанын тілейді.