Кеше өңір жетекшісі Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Салық органдарында сыбайлас жемқорлық-тың алдын алу және мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты баяндаған Салық департаментінің басшысы Қайрат Жолмұхамбетовтің айтуынша, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында салық органдарының 36 қызметкері түрлі деңгейдегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 2 материал процессуалдық шешім шығару үшін қаржы полициясына жіберілген. Кіріс, мүлік және өзге де мәліметтер жөніндегі декларацияны уақытында тапсырмауға қатысты облыстық салық органдары 4 әкімшілік материалды қозғап, соттың қарауына жіберген. Ал мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуде осы жылы салық органдарының 87 қызметкері біліктілігін арттыратын болса, оның 38-і бұл міндеттерін орындаған.
Ақжар ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілер тарапынан 3 сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалаушылық орын алғандығын айтты. Комиссия мүшелері оған аудандағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық көріністерін прокуратура мен қаржы полициясы ғана анықтап отырғандығын, ал салалық ведомстволар өз ішіндегі осындай құқықбұзушылықты неге анықтамайды деген сын айтты. Айтылған сынның орынды екенін мойындаған аудан әкімі бұл жұмыстың қолға алынғандығын жеткізді.
Жамбыл ауданының әкімі Орал Қаппасов атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, сыбайлас жемқорлықтың тыйылмай отырғандығын айтты. Үстіміздегі жылы 3 адам осындай құқықбұзушылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы да осынша мемлекеттік қызметші жауапқа тартылған. Комиссия мүшелері тарапынан бұл ауданға да сын айтылды. Өйткені, үстінен қылмыстық іс қозғалған ауылдық округ әкімінің қызметтік лауазымы жоғарылаған көрінеді. Ал облыс әкімі Самат Ескендіров Жамбыл ауданы аумағындағы жерден қазып алынған ескі су құбырларын сатуға жарияланған аукцион күмән туғызатындығын қадай айтты. Себебі, аукционға қатысуға ниет білдіргендер жоқ деген желеумен оның өтетін уақыты бірнеше рет өзгертіліп, құбырлардың бағасы төмендетілген.
Ведомствоаралық комиссияның отырысын қорытындылаған өңір басшысы Самат Ескендіров мемлекеттік құқық бөліміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысты жетілдіруге қатысты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.