«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРОТАНДЫҚТАРДЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні “Нұр Отан” ХДП ӨФ-ның кезектен тыс ХVІІІ конференциясы болып өтті. Онда “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру аясында өңірлік филиалдың алдында тұрған жаңа міндеттер, партияның Саяси доктринасы туралы мәселелер талқыланып, “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХV съезіне делегаттар сайланды, ӨФ-нің саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді, облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидаттар ұсынылды. 

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Конференцияда “Нұр Отан” ХДП өңірлік филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров күн тәртібіндегі алғашқы екі мәселе бойынша баяндама жасады.  

– “Мен үшін әрқашан халықтың тұрмыс деңгейі басты өлшем болды және әрі солай бола бермек”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Аталмыш девиз облыстың барлық партия органдары жұмысының ең негізгісі, – дей келіп, Самат Сапарбекұлы оны нығайту барлық ұйымдық-партиялық және идеологиялық жұмыстарға байланысты екендігіне және олардың өңірімізде оң нәтижелер беріп жатқандығына тоқталды. Мысалы, өкілетті органдарда тіркелген жұмыссыздар саны 5,3 пайызға қысқарып, 1600 адамды құрады. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылып, 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналасуға көмек алды. Соның нәтижесінде аз қамтылған азаматтар саны азайды. Кедейшілік деңгейі 2,5 пайыз болды.

Индустрияландыру картасына 43 млрд. теңге инвестиция көлемімен 31 жоба енген. Бүгінгі күнге дейін соның 26-сы жүзеге асты. Олар өткен жылы облыс экономикасына 11 млрд. теңгенің үлесін қосты.

Облыстың шаруашылық субъектілері өз өндірісін дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың тетіктерін табысты пайдалануда. Мысал үшін “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ сандық теледидар үшін ретранслятор әзірлеу жөніндегі жобаны жүзеге асыруда.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері бюджеттен 3,8 млрд. теңге бөлінді. Бұл мемлекеттік қолдау кәсіпорындарда 4 мыңнан астам жұмыс орнын сақтауға және қосымша 900 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер әртүрлі бағдарламалар бойынша жердемқаржыларға қол жеткізуде. Соның арқасында облысымыз өзін негізгі азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы (49,7%), өнеркәсіп (15,3%), көлік және қоймалау (17,6%), жылжымайтын мүлікпен операция (6,6%), ақпарат пен байланыс (3,5%) негізгі капиталға инвестициялар бағыттайтын басым салалар болып табылады. Тұтастай алғанда, Қызылжар өңірінде инвестициялау мен технологиялық трансферт үшін қолайлы орындар аз емес.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін табиғи ресурстарды басқарудың мүлдем жаңа жүйесін енгізу қажет. Бұл тұрғыда пайдалы қазбалар ерекше орын алады. Облыс бойынша 286 кен орны зерттелген, оның 34-і – темір, 217-сі – құрылыс және технологиялық шикізат, 33-і – жерасты сулары, оның 6-уы – минералды су. Уәлиханов ауданында ас және магний тұзы, мәрмартас, әктас, Тайынша ауданында құм, мәрмартас, керамзит балшығы, Ақжар ауданында қоры 10 млн. тоннадан асатын құрылыс тасы бар. Бұлар – жаңа өндіріс орындарын ашу үшін зор мүмкіншілік.

Өңірлік филиалдың төрағасы осындай жағдайларды тілге тиек ете келіп, нұротандықтардың алдында тұрған басты міндеттерге, партияның ұзақмерзімді бағдарламасы – Саяси доктринаға тоқталды.

Қаралып отырған мәселелерді талқылауға СҚО бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, саяси кеңес бюросының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Әлім Шүкенов, М.Жұмабаев ауданындағы Полудин ауылдық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрағасы Мәдениет Қалиев, Петропавлдағы бірінші жалпы білім беру лицейінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, партиялық тәлімгер Елена Коноплева, ӨФ жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сайран Хамзин, “Жас Отан” ЖҚ мүшесі, студент Анастасия Сафронова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП саяси кеңесі бюросының мүшесі Анатолий Башмаков қатысып, Саяси доктринаны қолдайтындықтарын білдірді.

Конференцияда “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХV съезіне өңірлік филиалдан 62 делегат сайланып, ӨФ-нің саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. Конференция делегаттары “Нұр Отан” ХДП ӨФ төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұловты, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС бас директоры Еркебұлан Мәмбетовті, Уәлиханов ауданындағы бөлшек-көтерме сауда базасының директоры Рәшида Темірбекованы №3, №14, №18 сайлау округтері бойынша шығып қалған облыстық мәслихат депутаттарының орнына кандидат етіп бірауыздан ұсынды.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp