«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ ТАНЫМ МҰРАЖАЙДАН БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлнәр СЫЗДЫҚОВА,

“Абылайхан резиденциясы” мұражай кешенінің директоры.

Ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпақтың бойына туған өлкеге, елімізге деген мақтаныш сезімін ұялатуға 2008 жылдың 21 тамызында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашқан облыстық “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінің ұжымы лайықты үлесін қосып келеді.

Бұл күндері мектеп оқушыларынан бастап облысымызға ат басын тіреген шетелдік қонақтар мен елшілер бас сұқпай кетпейтін мұражайдың ашылуына Елбасының бастамасымен 2004-2006 жылдары жүзеге асырылған “Мәдени мұра” ұлттық бағдарламасы игі ықпал еткенін айта кеткен орынды. Осы бағдарламаның аясында жергілікті тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, мәдениет саласының мамандары бірлесе отырып, болашақ мұражайға қажетті жәдігерлерді жинап, жүйелеп зерттеу бағытында бірталай келелі жұмыстар атқарды. Әсіресе, қазақ мемлекеттігінің тарихында саяси біліктілігімен, қолбасшылық өнерімен айшықты орын алған Абылай ханның өмір жолына қатысты құнды деректер жинау мақсатында Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы қалаларының ғылыми мекемелерінде тынымсыз еңбек еткен облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің жемісті еңбегін ерекше айту керек.

Уақыт өте жинақталған деректер құнды құжаттармен толыға түсті. Мысалы, сол 2003 жылдың өзінде бізге Ресейдің сыртқы істер министрлігінен генерал-поручик Шпрингердің “қырғыз-қайсақ сұлтаны” Абылай ханға арнап қазіргі Қызылжар қаласы аумағындағы дөңес жерден ағаш үй салынғаны туралы 1765 жылдың 25 қазанында Сыртқы істер алқасына жазған хабарламасы келіп түсті. Бұл құжатқа қосымша ретінде Абылай үйінің сызбасы да келтірілген.  

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Т.Омарбековтің келтірген деректері бойынша, Орта жүздің ханы ретінде екінші Екатерина патшайым тарапынан мойындалған Абылай ханға Петропавл қамалында ірі сауда-саттық орталығын ашуға рұқсат беріледі. Орыс тарихшысы А.И.Левшиннің жазуынша, 1762 жылы Абылай сұлтанға үй салу үшін екінші Екатеринаның жарлығымен әскери инженер мамандар жіберу туралы Сібір шекара бастығына нұсқау беріледі. Бұл жайлар Абылай бабамыздың абырой-беделі Ресей империясы саясаткерлері арасында ерекше жоғары болғанын көрсетеді.

Біздің мұражайда көреген саясаткер Абылай ханның Қытай империясымен де тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынаста болғанын, осы арқылы шығыстан төнуі мүмкін қауіптің алдын алып, ел тыныштығын сақтап қалғанын көрсететін құжаттар да бар. Қазақ мемлекеттігінің іргесін бекітіп, тәуелсіздігін найзаның ұшымен ғана емес, салиқалы ақыл-оймен де сақтап қалған баба рухына бүгінгі ұрпақ тағзым етеді.

Айта кету керек, шекаралас Ресейдің Омбы қаласындағы атақты бабамыздың өміріне қатысты тың деректерді іздестіріп, зерделеуде тынбай еңбек етіп жүрген “Асыл мұра” мәдени-ағарту орталығының қызметкерлері, белгілі өлкетанушылар Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев, Таңат Сүгірбаев сынды ұлтжанды азаматтар зор үлес қосып жүр.

Көпжылғы тынымсыз ізденістің нәтижесінде бүгінгі күні мұражайда төрт жәдігерлер залы жұмыс істейді. Оларда Абылай ханның балалық шағынан бастап, мемлекет басшысына дейінгі жүріп өткен жолын бейнелейтін тұрмыстық жабдықтар, қару-жарақ, хан тағы, киімдерінің түпнұсқаға барынша сәйкес келетін көшірмелері қойылған. Осындай құнды жәдігерлерді толықтыра түсуде, тәжірибе алмасуда мұражайлар мен мәдени мекемелер арасындағы байланыстардың маңызы ерекше зор екенін іс-тәжірибеміз көрсетіп отыр.

Жақында бізде Түркістан қаласынан “Әзірет Сұлтан” мұражай-қорығының мамандары болып, өздерімен ала келген бай жәдігерлер көрмесін ұйымдастырған еді. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің этнограф ғалымдарымен, тарихшыларымен қарым-қатынасымыз да өз жемісін беріп отыр. Мұндай іскерлік байланыстарсыз ұлттық құндылықтарымызды саралау, оны өскелең ұрпақ жүрегіне ұялатуда айтарлықтай нәтижеге жету қиын болар еді.

Абылай ханға қатысты тың деректерге қол жеткізуде Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарниковтің белсенді көмек көрсеткенін айтқымыз келеді. Әрине, Ресей, Қытай сияқты Абылай хан дәуірінде қарым-қатынас ауқымы кең болған сырт елдерде әлі зерттелмеген талай тарих куәгерлері жатқаны белгілі. Оларды зерделеу – ғалымдар еншісінде.

Ірге көтергеніне көп уақыт бола қоймаса да, облыстық Абылай хан мұражайы қала қонақтарының, жастардың тамаша тарихи мұрамызбен танысып, дүниетанымын кеңейтетін сүйікті ошағына айналып үлгерді. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде мектеп, жоғары оқу орындары ұжымдарымен бірлесіп, жүйелі түрде мәдени-танымдық шаралар өткізіп тұрамыз.

Қазіргі уақытта мұражай ұжымы “XVIII ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы”, “Қазақ батырлары”, “Қазақ халқының этнографиялық мұралары” тақырыптары аясында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай ауқымды істерде жеке тұлғалардың, зерттеушілердің көмегіне сүйенеміз. Осы жазда мұражайымызда болған Кенесары ханның ұрпағы, теміртаулық Асылхан Әшімханұлы бізге қазақ тарихының кесек тұлғасының өмірбаянына қатысты бағалы құжат тапсырды. Онда Шыңғыс әулетінің шежіресі жайлы да маңызды мәліметтер бар.

Біздің алға қойған мақсаттарымыздың бірі – жылдар бойы жинақталған жәдігерлер мен құжаттарды қалың қауым назарына кеңінен ұсыну және көпшілікті мұражайдың тіршілік-тынысынан хабардар ету.

Әртүрлі мәдени-танымдық шараларды өткізуге “Леонтьев” жауапкершілігі шектеулі кәсіпорын жетекшісі Геннадий Леонтьев, “Риэлт-Сервис” компаниясының директоры Сайран Хамзин үнемі қаржылай қолдау көрсетіп отырады.

Бізді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлттық тарихымызды жаңа қырынан зерделеуге деген құлшыныс қанаттандырып отыр. Бұл салада Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ғалымдарымен бірлесе отырып атқарар жұмыс ауқымы да кең. Ұлттық мұрамызды насихаттауда еңбегіміздің жемісті болатынына сеніміміз де мол.

Суреттерді түсіргендер Амангелді БЕКМҰРАТОВ, Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp