21 қыркүйекте бесін уақытында “Жезқазған-Петропавл” автожолында Есіл ауданының Амангелді ауылының бұрылысының маңында жол апаты болды.
Юрий КЛЫКОВ,
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметінің инспекторы.
Басып озу кезінде “Лада-21900-115-41” автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, тіркемесі бар “КамАЗ” автокөлігімен соқтығысып қалған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан “Лада” автокөлігінің 60 жастағы жолаушысы оқиға орнында жан тапсырды. Автокөліктің 32 жастағы жүргізушісі және 7 жастағы жолаушы қыз түрлі жарақатпен ауданның орталық ауруханасына жеткізілді. “КамАЗ-дың” жүргізушісі қатты жарақат алған жоқ. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша барлық қажет сараптама жасалып, тергеу ісі жүргізілуде.
Содан бір күн бұрын Есіл ауданымен көршілес Шал ақын ауданында осыған ұқсас жол-көлік оқиғасы болды. “ВАЗ-2106” автокөлігінің жүргізушісі “КамАЗ-бен” соқтығысып қалды. Бұл оқиға кешкі сағат 7 шамасында орын алды. “ВАЗ” автокөлігінің 46 жастағы жүргізушісі қырдағы жолмен келе жатып, оң жақ бұрылысқа бұрыламын дегенде жүк автомобилімен бетпе-бет соқтығысты. Жеңіл автокөліктің иесі қаза тапты,“КамАЗ-дың” жүргізушісі зардап шеккен жоқ.
Жыл басынан бері облыстың жолдарында 270 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Одан 40 адам қайтыс болып, 341-і жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай оқиғалардың 277-і тіркелсе, 46 адам жер жастанып, 329-ы зардап шеккен. Сараптама көрсеткеніндей, автокөлік апаттарының орын алуына жылдамдық ережесін асыру, мас күйінде автокөлік жүргізу себеп болып табылады. Жол сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақ болуға шақырады. Өйткені, жол болмашы қателікті де кешірмейді.