«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЛАЙТАНУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры,
Этномәдени ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.

Абылай жас кезінде жетім қалып, нағашысы Қайып ханның ордасында, немере, шөбере туыс ағалары Сәмеке ханның, Болат хан мен Әбілмәмбет сұлтанның ордасында өскен. Хандар әулеті, ақсүйек дәстүрінде тәрбиеленген, білім алған, соғыс өнеріне ерте машықтанған. Аңыз-әпсаналарда айтылатын “Сабалақ” лақабы оған қайратты, ержүрек, амалайлалы батырлығы үшін қарсыластары тарапынан берілген. “Сабалах”, яғни моңғол тілінде, сабаушы, жауынгер, батыр дегенді білдіреді. Киімі жыртық, көрбала, қолбала болғаны үшін емес.  

Ал жетім қалып “Ораз аталықтың тәрбиесінде болуы” – Аралдың Мұса ханы 1712 жылы қаза болғанда оның Сәтемір деген ұлын Оразалы деген аталық (ханның құлы) жасырып, аман сақтап қалыпты” деген аңызға ұқсас, ауыз әдебиетіндегі ежелгі ұйқастыра дәріптеу, айтулы тұлғалар төңірегіндегі мифтік әсірелеудің тағы бір мысалы. “Әбілмансұр” деген есім Абылайға қатысты жазба деректерде кездеспейді, бұл да аңыздарға кейін қосылған – арабша “Жеңімпаз” дегенді білдіретін лақап. Шын мәнінде толық аты-жөні – Абылай-Мұхаммед баһадүр сұлтан.

Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодандық шартына қол қойғаннан кейін, жаңа геосаяси жағдайда, солтүстік және шығыс шекараларды бекіту мәселесі тұрды. 1733 жылы Сәмеке хан қазақ даласын билеудің жаңа тәртібін енгізіп, әкімшілік-аймақтық бөліктерге бөліп, оларға сұлтандар тағайындап, тайпа-руларды белгілеп берген. Мысалы, Абылай сұлтанға – солтүстіктегі уақ-керей, атығай, қарауыл; Құдайменде сұлтанға – қыпшақ; Әбілмәмбет сұлтанға – қуандық, керей; Барақ сұлтанға – шығыстағы найман; немере ағасы Сұлтанмұхаммет сұлтанға – Ертістің Жәміш, Железин бекіністеріне қарсы аймақтарды басқартқан. 1733 жылы Көкшетау өңірін басқаруға тағайындалып, немере ағасы Сұлтанмұхаммет (ауызекі Сұлтанбет, Сұлтанбек, орысша Солтанмамет аталған) екеуі отбасымен, нөкерлерімен бірге келіп, билік қызметіне кіріскен. Түркістаннан қоныс аударғанда қасында, әдеттегідей, аталығы, ақылшы-күтушісі болуы заңды.

Ел аузында “Абылай 20 жасында билікке ие болыпты” деген жорамалдың шығу тегіне үңілсек те, осы 1732-33 жылдар екеніне негіз бар.

1737 жылы шілде айында Қазыбек би бастаған Хан кеңесінде Кіші жүз бен Орта жүздің шекарасында екі жүздің бірігу құрылтайына қатысып, Әбілқайырды ортақ хан сайлағанда 25 жасар “Абылай-Мұхаммед баһадүр” атымен хаттамаға түскен. Сол жылы Абылай сұлтанды башқұрттар хандыққа шақырды, бірақ, бұл шақыру Ресейдің ішкі шаруасына араласу болып табылатындықтан, жас сұлтан хандықтан бас тартты.

Абылай 1740 жылғы 28 тамызда Әбілмәмбет ханмен бірге Ор бекінісінде Ресей патшасы деңгейіндегі келіссөзге қатысып, рәсім үстінде Орынбор комиссиясының бастығы В. Урусовпен тең дәрежелі әріптес ретінде қазақ қоғамының маңызды мәселелерін шешіп, екіжақты қауіпсіздікке кепілдік алды. Осы келіссөздің барысында Абылай өзін ханнан кейінгі екінші ресми тұлға ретінде ұстап, ішкі мәдениеті бай, ой-пікірін айқын және батыл жеткізе білетін, дипломатияның қалтарыс-бұлтарыстарын сергек танитын, әбден пісіп-жетілген мәмілегер тұлға ретінде Ресейдің шенді әкімдерін таңғалдырған. Ресми әңгіме, пікір алысу үстінде серіктестің аңысын аңдып, дер кезінде ескертпе жасап, қажет десе, жауап беруден тартынбаған жас Абылайды олар келешекте бірден-бір әріптес ретінде мойындағаны сол жерде қағазға түскен. Осы кездесудің қорытындысы бойынша патша сарайына 1740 жылғы 8 қыркүйекте жазған хатында генерал Урусов қазақтардың келіссөз мәдениетінің мұнша жоғары болатынына өзінің таңданысын жасыра алмаған. “…Сыртқы істер алқасынан маған биылғы 30 мамырда, Орта жүздің билеушілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға тапсыру үшін грамота жіберілген еді. Грамотада олар ел ағалары (старшины – З.Т.) деп аталыпты. Ал ежелгі хан тұқымынан шыққан Әбілмәмбет пен Абылай дәстүр бойынша сұлтан деп аталатын көрінеді. Мына Әбілмәмбет бұл күнде халықтың сайлауымен Орта жүздің шын мәніндегі ханы болып отыр… Хан мен сұлтанға грамоталарды тапсырарда “ел ағалары” деген жазуды “сұлтан” деп түзеттім.

1741 жылғы қаңтар-наурыз мезгілінде кезекті бір қазақ-ойрат соғысында Жоңғар ханы Қалдан Сереннің бас батырын өлтірген Абылай сұлтан Шідерті өзені бойында екіжүздей шағын қолмен жоңғар әскерінің қоршауында қалып, қолға түскен.

Ресей тарабы 1740 жылы тамыз-қыркүйек айларында қол қойылған екіжақты ынтымақ, сыртқы жаудан бірлесе қорғану жөніндегі одақтастық шартын сақтамай, бір жылға жетпес мерзімде жоңғар шабуылына ұшыраған Орта жүзге қарулы көмек бермеді, тұтқынға түскен Абылай сұлтанды босатып алу жөнінде Қалдан Серенмен арадағы ежелгі дипломатиялық байланыстың пәрменін пайдаланбады.

Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хандарға қоқан-лоқы жасап, қысым көрсеткен жоңғар ханының үзілді-кесілді талаптары мәлім болған соң, қазақ жерлерінен айрылып қалу қаупі төнген кезде ғана Ресей үкіметі 1742 жылы 2 қыркүйекте Қалдан Серенге елшілік жіберді, басқа мәселелер қатарында Абылайды тұтқыннан босатуды сұрады. Алайда, Абылай сұлтанды босатып, сый-сияпатпен қайтару туралы Қалдан Серен Ресей делегациясы келместен бұрын-ақ, Абылайдың өтеуіне жоңғар жағына аманат беріп, мәселе шешіліп қойған болатын. Осыдан былай, Абылай Ресей жағының адалдығына күмәнмен қарап, өз өмірі үшін сақтық жасады, дипломатиялық байланыстардың хабарласу, елшілік алмасу тәсілдеріне көшті. 1740 жылғы келіссөзден кейін, өле-өлгенше, яғни 40 жыл бойы Ресейдің бірде-бір қаласына ат ізін салған жоқ, патшалардың, биік шенді әскербасылардың шақыруына барған жоқ және өзінің осындай қызмет тәртібіне ресейлік әріптестерін еріксіз көндірді.

1743 жылдың көктеміне дейін, яғни екі жыл бір ай Қалдан Сереннің қолында, күзет астында, бірақ, бас еркі өзінде, жақсы күтіммен өткен тұтқындық кезеңінде Абылай жоңғар хандығының әскери жүйеге негізделіп, бір орталықтан, қатаң тәртіппен басқарылған мемлекеттік құрылымын, қорғаныс және ішкі экономикалық жүйесін мұқият зерттеген, ойрат тілін үйренген. Қалдан Серенге өзінің жеке басының озық азаматтық қасиеттерін мойындатып, тұтқыннан құрметпен босап, мол сый және қалыңдық алып оралған. Абылай елге келген бетте Еділ қалмақтарының Аюке ханының тоқалы, Қалдан Сереннің қарындасы Дармабалаға жазған құпия хатында қазақ-жоңғар қатынастарының бұдан былай тату-көршілік арнасында дамитынына сендірген.

Орта жүздің сайламышты ханы Әбілмәмбет, өз заманы өтіп бара жатқанын мойындап, жаңа сипатты геосаяси жағдайда жауапкершілікті жігерлі де дарынды қолбасшы, інісі Абылай сұлтанға артқан. Тиісінше Абылай да, адамгершілік салтынан таймай, Әбілмәмбеттің ағалық, хандық абыройына дақ салмаған, тіпті, Ресей тарапынан өзін хандыққа тағайындау туралы бірнеше ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, өзінің ұстазы, әкесі ретінде сыйлайтын жанның көзі тірісінде мұндай арандатуға бармайтынын мәлімдеген. Әр жағдайда ханмен ақылдасып, келісіп отыратынын айтқанда жатжұрттықтар еріксіз таңғалған. Мансапқор емес, дүниеге қызықпайтын, ұстанған қағидатына берік Абылайдың мінез-құлқын айғақтайтын басқа да жазба деректер жеткілікті.

Абылайдың тұсында елді басқарудың әкімшілік-аймақтық жүйесі жаңаша тәртіптелді. Беделді билер мен батырлар тиісті руларды басқарды. Олар өз қарауындағы ұлыстардың әлеуметтік-шаруашылық жағдайына, қорғаныс қамына толық жауапты болды. Мысалы, қаракесектің 2000 отбасы Қазыбек бидің, алтайарғынның 3000 отбасы Нияз батырдың, қанжығалының 2000 отбасы Бөгембай батырдың, тарақтының 400-ге жуық отбасы Наймантай батырдың, атығайдың 1000 отбасы Жәпек батырдың, қарауылдың 2000 отбасы Итқара батырдың, тобықтының 1000 отбасы Қарпық бидің… билігінде болды .

Абылай төтенше жағдайларға икемсіз Хан кеңесінің құзырын ықшамдап, дәстүрлі билер институтының өкілетін тежеу арқылы мемлекеттік басқарудың тетіктерін тікелей өз қолына алды.

Халықтың тұрмысын жақсартуды көршілерді тонау-талаудан емес, еларалық сауда қатынастарынан бастаған. Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтарымен, Жоңғар хандығымен айырбас сауданы жөнге қойды. Ұрлық-қарлыққа қатаң тыйым салды. Шетелдік сауда керуендерінің аман келіп-қайтуын қатты бақылаған. Алғашқы жылдардың өзінде Абылай Шұбаркөл бекінісінде, кейін Ор, Петр ағзам, Троицк, Семей, Кереку бекіністерінде, Қытайдың Үрімші өлкесінде айырбас сауда орындарын ашуға тікелей ынтагер болды.

1743-1752 ж.ж. Жоңғар хандығымен және Ресей үкіметімен үшжақты тиімді әрі тату көршілік қарым-қатынаста болуға күш салған .

Абылай Ұлы жүз бен Кіші жүз хандарымен, сұлтандарымен, беделді ел ағаларымен үнемі ынтымақта болып, қажет уақытта күш біріктіріп, жалпыұлттық мүддені бірге қорғаған. Аймақтық, ру-тайпалық жіктелушілікке, алауыздыққа жол бермеген.

Әбілқайыр ханның қазасы сияқты жалпықазақтық маңызы бар төтенше қайғылы оқиға кезінде де Абылай ерекше ұстамды әрі әділ саясат жүргізді. Абылай үшін бұл қаза аса ауыр болды, алайда, қандай бір оқыс қадам бүкіл қазақ үшін қатер әкелуі мүмкін еді. Жалпыұлттық биіктен танылған Абылай, өзінің қазақ халқы алдындағы зор жауапкершілік борышын саналы түрде түсінген. Ол “аталас туысым” деп сыйлайтын Әбілқайырды хан, ағам әрі қайынатам деп емес, оның ұлдары Нұралыны құрбым әрі әріптесім, Ералыны досым әрі балдызым деп емес, басты кінәгер Барақ сұлтанды бәсекелесім, бақталасым деп емес, біреуін оздырып, екіншісін тізгіндемей – бәрін де қазақтың бір-бір азаматы, ет-сүйектен жаралған, өмірде ілгерілі-кейінді орны бар, Алланың ұлы, Мұхамметтің үмбеті деп сабырмен қабылдады. Ералыны Барақтың қаһарынан сақтады, Бопай ханымға Жәнібек тарханды жіберіп, көңіл айтты, кеуделеп барып, сұғынбады. Ойлап қарасақ, бұл Абылайдың енжарлығы немесе “әліптің артын баққан” бейтараптығы емес, көрегендігі. Қазақ халқының бүгінгі тұтастығының үлкен бір жоралғы сорабын Абылай өз кезінде осылай тартқан деп түсінген жөн сияқты. Орта жүз бен Кіші жүздің арасында кездейсоқ шағылған шақпақтың жалғыз ұшқынын Абылай қолдаса, аз қазақтан не қалар еді?

Сыртқы саясатта көрші мемлекеттердің бәрімен тең дәрежеде көптарапты бейбіт халықаралық қарым-қатынас ұстанған.

Жартылай көшпелі тұрмыс жағдайында табиғаттың қатаң сындарынан қазақ халқын аман алып қалу үшін көрші Ресей, Қытай мемлекеттерімен мәмілеге келіп отырған. Бұл жолда жеке басының мүддесі мен намысын құрбан етуге дейін барған, бірақ Қазақ хандығының тәуелсіздігіне сызат түсірмеген. Ұлты қазақ азаматтардың әрбіреуінің тағдырына Абылайдың бейжай қарамағаны, әрбір қандасының өмірі мен бостандығы үшін табанды күресінің нақты мысалдары көп.

Абылай жоңғар ханы өлгеннен кейін, нояндардың тақ таласын Қазақ хандығының стратегиялық мүддесіне шебер пайдаланып, Ұлы жүз бен Кіші жүздің қарулы күштерін Орта жүз әскеріне қосып алып, Лама Доржы, Дауашы билеген жоңғар хандығының басқыншылық шабуылдарын батыл тойтарған. 1752-1757 жылдары бірнеше қарымта жорық жасап, жоңғарлардың жаугершілік қуатын мейілінше әлсіреткен.

1756 жылдың жазында “жоңғар нояны Әмірсананың соңына түстік” деген желеумен қазақ жеріне екі бағыттан, тұтқиыл басып кірген Қытай-манчжур әскерлеріне қарсы қорғаныс амалдарын алдын ала ұйымдастырған. Басқыншылар Ертісті ішке өткен бетте-ақ, Бөгембай, Қожаберген, Аралбай, Жауғаш батырлар бастаған қарсы ұрыс бастап, қатары қалың, қару-жарағы бекем жаумен екі ай бойы қаша соғыса отырып, Баянауыл, Желтау, Арқалық-Едірей, Қу-Боқты, Қарқаралы-Кент сияқты өңшең таулы аймақта кескілескен айқас ұйымдастырды. Нәтижесінде, 1756 жылдың қарашасында, Қытай-манчжур жасақтарын көп шығынға ұшыратып, қуып шыққан. Осы майданда өзі қатты жараланып, өлім аузынан қалды. Келесі 1757 жылы 14 маусымда қазақ жеріне қайта кірген қытай жасақтарымен Абылай қолы Айдынсу тұсында кездесіп, тағы бетін қайтарды. Аса қуатты және қауіпті көршімен болған қақтығыстарды асқындырмай, олардың салдарын шебер реттеп, Цин империясымен бейбіт қатынас орнатты.

Абылайдың ұстанған сыртқы саясаты және сол дәуірде Орта жүздің көрші мемлекеттерден тәуелсіз болғаны жөнінде Ресей генералы И. Крафт былай мойындап жазған: “Орта жүз орыс бодандығына Кіші жүзбен бір мезгілде мойынсынды дегенмен, жырақта жатқан Орта жүзге орыс билігінің қолы жете бермеді, қазақтарға қойындап кіре алмады. Орта жүздің бас билеушісі Абылай сұлтан өзінің шебер саясаты мен айла-амалының арқасында өле-өлгенше мүлде тәуелсіз болып қала берді. Ол уақыт пен кеңістіктегі саяси ауанды аңдып, бірде Ресейге, бірде Қытайға, бірде Жоңғарға берілген сияқты болса да, шын мәнінде, ешқайсысына тізгін берген жоқ. Орайы келсе-ақ, үшеуін де тонап, өз халқы үшін пайда табуға ұмтылды… Абылай Жоңғар хандығын жоюда Қытайға көмектесті”.

Абылай сұлтан жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, ежелгі қазақ жерлерін қайтарып алуға күш салды. Осы мақсатта және баянды сауда қатынастарын орнату үшін 1757-1760 ж.ж. бастап, Цин сарайымен тікелей мәмілеге келген, стратегиялық әріптес ретінде Ресейден қол үзбей, оның өктем наразылығын еңсеріп, келешек үшін шығыс бағытта қазақ-қытай байланыстарын нығайтқан. Қытай императоры Цянлунь Абылайдың жігерлі дербес саясатын мойындап, Қазақ хандығының іс жүзіндегі тәуелсіздігін таныды, тіпті “қазақтардың ішкі ісіне араласпайтынына жазбаша кепілдік беруге” мәжбүр болған. Қытай мемлекетімен тұрақты сауда орнатты, тарихта “жылқыға-жібек” айырбасы түрінде басталған екі жаққа да тиімді байланыс тікелей Абылайдың күш-жігерімен орныққан .

Абылай хан өмірінің соңына дейін Ресей және Қытай мемлекеттерімен, Орталық Азия хандықтарымен теңгерімді әрі тұрақты, екі-жаққа да тиімді, дипломатиялық және сауда қатынастарын нығайтып, Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігін, мемлекеттік шекарасының беріктігін қамтамасыз еткен.

1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан кейін, қазақтың үш жүзінің беделді өкілдері “марқұм ханның өз кіндігінен тараған ұлдарының мұрагерлік құқы бола тұрса да, өзге сұлтандардың ішінде ең таңдаулысы ретінде” (Шоқан), Түркістан қаласында Абылайды “үш алаштың” ханы етіп, бірауыздан сайлаған. Бірақ, Абылай хан патша құзыретімен биік лауазымға бекіту рәсімін тілемеген және тәуелсіз елдің билеушісі ретінде Ресейге бодандық шартынан бас тартқан. Тек арада 7 жыл өткен соң ғана Қазақ даласындағы өз ықпалын сақтап қалуды амалдап, Ресей патшалығы 1778 жылғы 4 мамырда Абылайды “Орта жүздің ханы лауазымына бекіту туралы” құзырхат жіберуге мәжбүр болған. Алайда, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін бұл құжатты заңсыз деп таныған Абылай хан Ресей императорының жарлығын мойындамаған, мансап куәлігінен бас тартқан, көрші мемлекет ұсынған сый-сияпатты, хандық жора-рәсімдерді қабылдамаған. Абылайдың бұл қылықтарын әр саққа жүгірткен Ресей генералдары мұндай “вар-вар, түз тағысын” тақтан тайдыру, тіпті, ыңғайы келсе тұтқындап, көзін жоюдың амалдарын қарастырғаны туралы жазылған құжаттар баршылық .

Абылай мен орыс билігі арасындағы қатынастар туралы Ресей бас штабының биік шенді офицері И. Красовский былай деп жазған: “… дәл сол кездегі Орта жүзге алғыр да әлеуетті әскербасы, көрші державалармен қарым-қатынас жасап тұруға шебер мәмілегер керек еді. Осы міндеттің екеуін де Абылай абыроймен орындап шықты. Ол тек арғын тайпасын ғана емес, басқаларын да биледі. Үш жүздің ортақ дұшпаны жоңғарларға қарсы жеңісті күрес бастады. Аса өрнекті ептілік танытып, Ресеймен де, Қытаймен де байланыс орнатты. Осындай қасиеттерінің арқасында, Әбілмәмбет ханға қарағанда, Абылай сұлтанның атақдаңқы арта берді. Әбілмәмбет хан болса, әскерді де, мәмілегерлікті де Абылайға өз еркімен беріп қойды, билікке таласқан жоқ. Соның нәтижесінде Сібір даласындағы Орта жүз сұлтандарының арасында алауыздық болған жоқ. Мұндай ауызбірліктің екінші бір негізі, жоңғар мен қазақ арасы тыныштанған соң, Абылай бүкіл қазақ аламанының қолбасы атағынан өз еркімен бас тартты. Орта жүз тайпаларын бұрынғыдай, бір шыбықпен айдаймын деп аптыққан жоқ…”.

Абылай хан Ресейдегі Е. Пугачев көтерілісіне байланысты ұстамдылық танытты. Ресейдің ішкі ісіне араласқан жоқ, көтерілістің түбі шикі, мақсаты бұлыңғыр екенін байқады. Қазақ халқын арандатудан, орынсыз қан төгуден сақтап қалды. Ескерте кетейік, “Абылай хан Е. Пугачевті қолдады, тіпті 40 мың әскермен Ресей бекіністерін шабуға дайын отыр”-мыс деген жазбаша дерек сол дәуірде насихат үшін таратылған жалған ақпар екені дәлелденді.

Абылайдың қырғыздарға екі мәрте жорық жасағаны туралы деректер сақталған. Екеуінде де Абылайдың қырғыз жеріне немесе байлығына қызығып, басқыншылық ниет көздемеген, керісінше, тегі бір, діндес қырғызды қытайланудан сақтап, кейбір рубасыларының қарсылығын баса отырып, Қазақ хандығына қосуды мақсат еткен.

Абылай хан 1780 жылғы қыркүйектің соңы – қазанның басында Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Қазақтың үш жүзінің өкілдері ұйғарып, атаулы зират-қорымы болып табылатын Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленді.

Қазақ арасында Абылайдың туған жылы туралы кезінде қалыптасқан 1711 жылы, 1713 жылы деген екі пікір бар. Қолда бар деректерге жүгінсек, Абылай қазақ күнтізбесі бойынша 1712 жылдың аяғында, орысша жыл есебі бойынша 1713 жылдың ба­сында туған және 1780 жылдың күзінде 68 жасында қайтыс болған.

Уәли сұлтанның Ресей әкімшілігіне хат жазып, әкесінің қазасын 1781 жылғы мамыр айында ғана, яғни кеш хабарлауының мәнісі де нақты деректермен анықталып отыр. Абылай ханның қазасы туралы генерал-майор Н. Г. Огаревтің 1781 жылғы 21 наурызда жазған мәлімхатында “Абылайдың ұлы Шыңғыс сұлтан қазақтарға әкесінің өлімі туралы жаздағы бас қосуға дейін орыстарға айтпаңдар, деп тыйым салыпты” деген сөздер – ханның қазасы оның жылы таяп, ас бергенше құпия ұсталғанының дәлелі…

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp