«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЛТАВКАЛЫҚТАРДЫҢ БИДАЙЫ БЕРЕКЕЛІ, ал олар үшін рапстың орны бөлек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өңіріміздің агроқұрылымдарының дүбірлі орақ науқанына кіріскеніне көп уақыт өте қоймаса да, Аққайың ауданындағы Полтавка елді мекеніне апаратын тас жолдың бойындағы алқаптар босап, тек кейбір танаптарда ғана дестеге түсірілген дәнді дақылдардың атжалдары көрінеді.

“Полтавка” ЖШС-нің директоры Елтай Зікірин ауа райы дәл бүгінгідей шуақты болып тұрса, орақты бір аптаның ішінде аяқтауды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Серіктестік қырманында үйліп жатқан бидайдың мөлшері сағат сайын молаюда. Ондағы жұмысшылар да дамыл таппай еңбек етіп жүр. Ал біздің жолымыз түскен алқаптарда үш “Djon dir” комбайны бидайды тура жинап жатса, екінші бір алқапта “Acros” комбайндары дестелерді бастыру үстінде екен. Ал рапсқа арналған егіндікке алты комбайн жұмылдырылған болып шықты.

– Шаруашылықтың 18500 гектар егін алқабы бар. Дәнді дақылдардың шығымдылығы әртүрлі. Бір алқаптың бидайы оруға дайын болса, кей жерлерді дестеге жығып, бірнеше күн кептіріп, дақылды сарғайтып жинап алып жатырмыз.

Сондықтан жұмыс тәсілі екі түрде ұйымдастырылуда. Бидайдың гектарынан 15 центнерден өнім алудамыз. Күніне 500-ден 800 гектарға дейінгі егін орылуда, – дейді агроном Ақылбек Мұхамадиев.  

Биыл шаруашылық 9084 гектарға бидай, 1980 гектарға арпа, 317 гектарға бұршақ еккен. Ал рапс алқабы 2015 гектарды құрайды. Күні кешеге дейін арпа мен бұршақ толық жиналып, бидайдың 6387 гектарынан түскен өнім қырманда тазартылып, элеваторларға жөнелтілуде.

– Біз биыл екінші жыл рапс ектік. Бірінші жылы бұл майлы дақылға 1365 гектар жерді бөлсек, биыл егістікті 2015 гектарға жеткіздік. Оның шығымдылығы әзірге 12 центнерден айналуда. Бұл көрсеткішке көңіліміз толмай отыр. Дегенмен, бар астықты тиісті технологиясымен, ысырапсыз жинап алуды көздеп отырмыз, – дейді агроном.

Элеваторлар майлы дақылдардың ылғалдылығын 9 пайызбен қабылдайды. Агроқұрылымның осыдан 5-6 күн бұрын дестеге жыққан рапсының ылғалдылығы 7-8 пайыздан аспайды екен.

– Серіктестік директоры біздің шаруашылықты аяғынан тік тұрғызған – рапс деген ойын қайталаудан жалықпайды. Шынымен – дәл солай. Кейінгі жылдары оған жөнді баға болмай, өткізу қиындап кеткен соң, бұл дақылды егуді тоқтатқан едік. Былтыр қайтадан қолға алдық, – дейді Ақылбек Мұхамадиев.

Шаруашылықтағы техникалардың 85 пайызы жаңа. Алқаптарда жұмыс істеп жүрген комбайндардың барлығы шетелдік, жоғары өнімді техникалар. Серіктестік оларды 2000 жылдан бері ұдайы жаңартып келеді. Былтыр үш “Djon dir”, биыл төрт “Class” комбайнын сатып алған.

– Комбайндардың ішінде немістің “Class” фирмасының техникалары ұнайды. Олар дәнді таза жинайды, шығынға жол бермейді. Сондай-ақ бүгінгі техникалардың бір кереметі – еңбеккердің қалай жұмыс істеп жатқандығын кеңседе отырып-ақ бақылай аласың, – дейді шаруашылық басшысы.

Серіктестік биыл да элеваторларға 5 мың тонна бидай, 4 мың тонна арпа, шығымдылығына қарай рапс өткізбек. Осылайша, жиналған өнімнің 60 пайызын сатамыз деп жоспарлап отыр. Ал қалған астықты өз қоймаларында сақтамақ. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының үлестері де таратылып беріледі. Мәселен, бүгіннің өзінде әр отбасыға 5 цетнерден бидай мен арпаны 4,5 мың теңгеден беріп жатыр. Ал басқа ауылдардан келіп сатып алушыларға баға – 6 мың теңге. Еңбеккерлерді, зейнеткерлерді, мұғалімдер мен басқа тұрғындарды сабан және шөппен қамтамасыз етуді де шаруашылық өз міндетіне алған. Бұл серіктестікте 150-ден астам адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – ауыл тұрғындары. Серіктестік әкімшілігінің басты мақсаты – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету болғандықтан, сырттан шақырылатын еңбеккерлер аз. Оның үстіне былтырға дейін мал шаруашылығында еңбек еткен жұмысшыларын да табыссыз қалдырмауы керек. Еске сала кетсек, ірі қараны асылдандыру мақсатында “Полтавка” ЖШС-нің Австриядан сатып әкелген симменталь тұқымды ірі қаралары жұқпалы ауруға шалдығып, былтырғы күзде 422 сиыр мен 200 бас бұзау толық жойылған болатын. Бүгінде сол оқиғаның ақыры қалай болғандығын шаруашылық директорынан сұрағанда:

– Астанада болған бірінші сотта қазақстандықтар ұтты. Қазір австриялықтар апелляцияға беріп жатыр. Содан кейін шетелдердің бірінде Халықаралық арбитраж соты болады. Бұл мәселе келесі жазға дейін аяқталып, өзімізге тиесілі жалпы соманың 15 пайызын, яғни 36 миллион теңгені қолымызға тигіземіз деп үміттеніп отырмыз. Сол жолы бізді “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы қаржыландырған болатын. Ақшамыз қайтарылған бойда оған ірі қара сатып алу да жоспарымызда бар. Бұрынғыдай жергілікті қараала тұқымды сиыр өсіруіміз мүмкін, – деді Елтай Зікірин.

Аққайың ауданы.

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай – механизаторлар С.Безвинный, О. Безвинный, А. Мироненко, бригадир А. Троицкий.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp