Жоламан Сақыпкереев 1979 жылдың аяғында сол кездегі Булаев аудандық ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және сапа жөніндегі бас мемлекеттік инспекцияның басшылығына тағайындалған екен. Газет тарату мақсатымен шаруашылықтарды, тіпті, қазақ ауылдарын үй басы аралап, аудан орталығының мекемелері мен ұйымдарына бас сұғып, қазақтар басқаратындарына көмектесер деген үмітпен кіріп, үлкен науқанға бергісіз шаруамен жүрген шағым еді. Елудің ауылына табан тіреуге таяу қалған ашаң, нұрлы жүзді азамат алғаш бұйымтайымды айтқан сәттен-ақ баурап алып, тілшілердің бұл қарекетін бұрыннан-ақ білетініне қанықтырып тастады. Қолдан келген көмегін аямайтынына сеніммен шығарып салды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ірі тұлғалы азамат бүгінде қас-қабағы ақ қыраулы қарт болса да, Қызылжардың көшелерінде көрген сайын сырт бермей, сырласуға дайын тұрады. Құрдасы, адасым Зейнолла Олжабаевпен екеуара әзіл-қалжыңдары жарасып жатқанда жандарында тұрсаң, тыңдай бергің келеді.
Жоламан ақсақалды өңіріміздің ауыл шаруашылығы өндірісінің өрлеу-өркендеуінің көзі тірі шежіресі десем, қисынсыз емес, анық ақиқат. Соғысқа қатыспаса да, майданда қолға мылтық ұстағандардың соңын ала туған Жоламан ақсақал қазіргі Есіл ауданының Қаратал ауылында дүниеге келіп, он жасында әкесінен айрылған, бұғанасы бекімей тұрып ұжымшардың ауыр еңбегіне жегілген жетімдікті әсте ұмытар ма?! Анасының қайсарлығымен ғана қабырғасы қайысқан қиын тұрмыстың өткелектерін бастан кешірген күннің өзінде оқып, білім алып, ер жетті.
Орта білім алған соң талып-тарығып Алматыға келген ауыл баласының Қазақ мемлекеттік университетіне тапсырған құжаттарын ондағылар қабылдамай, “Ленинградтың тоңазыту-сүт өнеркәсібі институтына тапсырасың!” деп бұйырып, отырып алады. Бақса, соғыстан кейін “Қазақстанның ауыл балалары Мәскеу мен Ленинградта оқуға тиіс!” деген нұсқау бар екен. Елдің екінші алып қаласы саналатын Ленинград түгіл, Қызылжар мен Алматыға табаны тиіп көрмеген он жеті жасар бозбалаға сонау 49-шы жылы бұл сапар қиямет-қайыммен бірдей еді. Амал нешік, айтқанға көнесің, айдағанға жүресің. Жолы болып, емтихандарды ойдағыдай тапсырған жас жігіт сол оқуға түссе де, Ленинградқа барып-қайту азабы, оның үстіне ауа райы ылғалды солтүстіктегі қаланың климаты қинайды. Ақыры, онда бір жыл оқығаннан кейін Қазақстан астанасына ауысқанды.
1955 жылы 24 жасында – Алматының ауыл шаруашылығы институтын тамамдаған жас маманның еңбек жолы Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру қозғалысына тұспа-тұс келіп, жолдама бойынша Ақмола облысының Есіл ауданындағы Калинин атындағы ұжымшардың Далабай ауылына агроном қызметіне жіберілді.
– Бәрі де нақ бүгінгідей есімде, – дейді Жоламан ағай сәл күлімсіреп, – кейін туған жерге жақындауыма шешемнің табандылығы себеп болды. Менен басқа сүйенері жоқ, Болат деген ағайынымыздың қолында тұратын ол “Көшіріп аламын” дегенімді қаперіне де алмады. “Өсірдім, оқыттым! Енді қолым жылы суға малына ма деген кезде жылы орнымды суытпақсың ба? Онан да әкеңнің жанына жерлеп кет. Ешқайда бармаймын!” деген сөзі шымбайыма қатты батып, өзегімді өртегендей болды.
Ойынан лажсыз айныған ол енді Қызылжарға келіп, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Д. Керімбаевтың қабылдауына кіріп, шешесінің ауыратындығын, үй-жайының тозығы жеткенін айтқанда соғыстан кейінгі бауыры көтерілмеген шаруашылықтардың жоғары білімді мамандарға мұқтаж екенін білетін басшы қуана кетіп, оны мал семірту кеңшарлары тресі арқылы жаңа ұйымдастырылып жатқан Октябрь (бүгінгі Шал ақын) ауданына жолдайды. Трест директорының бұйрығымен Ақан-Барақ ауылында агрономдық қызметке кіріседі.
Қайсыбірін айтарсың, бітік шыққан егінді жинап алуға техника жетіспей, іш қазандай қайнаған шақта ауданға келген уәкіл – республиканың ет-сүт өнеркәсібі министріне қайткен күнде де жолығып, мән-жайды түсіндіре білгенін сол кездері естіген жұрт ерлікке балапты. Осы жайт себеп болды ма екен, әйтеуір,1956 жылдың күзінде небары отыз бестегі жігіт жаңа шаңырақ көтерген “Бұлақ” мал бордақылау кеңшарына уақытша директор етіп тағайындалады. “Мен уақытша басшымын” деместен, Жоламан Сақыпкерейұлы жатпай-тұрмай атқарған, бірін бітірсе, келесісі басын көтеретін жұмыстар – отыз тұрғын үй, кеңсе, дүкен, қырман салу, электр бағандарын тарту, осының бәрін жаңа жерде тұрғызу және қажетті техникалармен қамтамасыз ету оңай шаруа болып па?!
Аты бар да, заты жоқ кеңшардың жер алқаптары анықталмаған болып шықты. Өз еркімен кім жанынан жер, ал одан асса, ауыл бере қойсын?! Жоламан Сақыпкерейұлы бас агроном, 1958 жылы директор болып тағайындалған Өмірбай Ыбыраевпен бірлесіп, бұған дейін “Семиполка” кеңшарына қарап келген Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдарын алқаптарымен бірге “Бұлаққа” қостырады. Бір айта кететіні, бұрын қара жол болған Петропавл-Марьевка арасындағы жолға асфальт төселіп жатқан кез екен. Ақан-Барақтың ту сыртында бұлақ ағады. Жаз бойы су жайылған алқап, қарасазға айналып, жүріп-тұруға қыруар бөгет жасайды. Жаңа кеңшар күш-қуаты жетпейтіндіктен, оны бөгей алмайды. Сонда Жоламан Сақыпкерейұлы жол салушылардың басшысының тілін тауып, сол бұлақтың тұсынан бөгет тұрғызуға қол жеткізеді. “Сол бөгеттің ризығын кейін, 1962 жылы осы “Бұлаққа” директор болып тағайындалғанда көрдім. Бөгет күні бүгінге дейін тұр. Жиналған су көлшікке айналып, ауыл тұрғындары қаз-үйректерін бағады, үй шаруашылығына пайдаланды”, – дейді ол.
1962 жылы Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдары бір кеңшарға біріктірілгенде оның орталығы етіп Жаңажол таңдалды. Жаңа шаруашылық құрудың бүкіл ауыртпалығын басы өзі болып, көппен бірге көтерді. Машина-трактор шеберханасын, монша, тұрғын үйлер салуды қолға алды. Моншаны жағатын білікті адам табылмай, Сергеевкадан Тимофей Шкотских деген кісіні үгіттеп, ауылға көшіргенін кейінгілер әлі күнге жыр қылып айтады.
Мал бордақылауға бағыт ұстаған шаруашылық болған соң кеңшардың үш ауылында мал қоралары бордақылауға жаңадан салынды.
1973 жылдың қаңтар айында Жоламан Сақыпкерейұлы бұрынғы Булаев ауданының “Молодежный” кеңшарының басшылығын қолға алды. Тың игеру басталғанда бұрынғы Совет ауданының құрамында болып, бір жылдан соң Булаев ауданына өткізілген шаруашылық жаңа басшы барғанда әбден титықтап, шатқыаяқтап қалған екен. Директорлар бірінен соң бірі ауысып, өзге кадрлар да көп тұрақтамай, “Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың?” кебін киіпті.
Бұрынғы қалыптасқан дағдысы бойынша қиындыққа мойымай жұмыс істеген жаңа басшы тұралап қалған шаруашылықты жан сала көтеріп, сол 1974 жылы бітік шыққан егіннің әр гектарынан 19,2 центнерден өнім алды. Тұрғын үйлерді жөндеу, жаңаларын салу, бөлімшелердегі қырмандарды жаптырып, орталыққа көшіру жұмыстары тамамдалды.
Бұл кеңшар аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан, жиналған астықты ондағы элеваторға жеткізу оңайға түспейді. Өйткені, шаруашылықта техника тапшы еді. Осындай уақытта ауданға уәкіл болып келген облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы тасымалды ұйымдастыруға көмектесудің орнына бақайқулыққа басып, жоғары жаққа рапорт беру үшін директорларды аудандық партия комитетіне шақыртып, шаруашылықтардың мөрлерін өздерімен бірге ала келуге бұйрық береді. Ол элеваторларға тасып жеткізілмеген астықты “Тапсырдық” дегізіп, мөр бастырып, қол қойғызып алады да, жоғары жаққа рапорт жөнелтеді. Ондағы ойы – кейін тапсырыла жатар деген дәмесі екен. Алайда, оның бұл пиғылын ауа райы тас-талқан етіп, 1976 жылдың қазан айының 13-інен 14-іне қараған түні қатты боран соғып, жолдарды қар алып қалады. Енді астықты тасымалдау, әсіресе, ең шалғайдағы “Молодежный” кеңшарына адам айтқысыз қиындық туғызады. Ал обком хатшысы болса, ештеңе білмегендей, директорларды жазғырады.
Жөнсіз сынға төзбеген Жоламан Сақыпкерейұлы оған турасын айтады. “Әуелі жолдарды жөндеу керек еді. Жаңбыр жауғанда көлікті белшесінен сазға батыратын жолдар қар түскенде адымды аштырмайды. Оның үстіне, тасымалданбаған астықты “Тасылды” деп мөр бастырған, қол қойдырған өзіңіз ғой”, – дейді. Бұл – оның тура жолдан таймайтын шыншылдығының бір айғағы ғана.
“Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, бірнеше медальдармен, алғыс хаттармен марапатталған, 1991 жылы құрметті зейнетке шыққан ақсақал бүгінде Қызылжар қаласында тұрады. Жұбайы Бибіжамал екеуі есімдері өңірімізге танылған Асқар, Асхат, Асқап, Гүлнәр есімді балаларынан немере-жиендер, шөбере де сүйіп бақытты ғұмыр кешуде.
Сексеннен асқан Жоламан аға әлі де сергек.