«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРҚАСҮЙЕР АЗАМАТЫ БОЛМАСА…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазір ауылдық аумақтарды дамытуға айрықша назар аударылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған Жолдауыларында осы өзекті мәселені оралып өтіп көрген емес. Ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған бірталай мақсатты бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Аталмыш мәселе жуырда Үкімет отырысында да талқыланып, онда ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізудің, кешенді және өңірлік жоспарлар әзірлеудің қажеттігі айтылды. Осыған орай өңір басшысы Самат Ескендіров облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына Ауылдық аумақтарды дамыту бөлімін құру міндетін жүктеді.

Иә, қазіргі таңда ауылдарымыздың бәрінің бірдей еңсесі көтеріліп, тұрмыстары түзеліп келе жатыр деп айта алмаймыз.

Бір кездері өсіп-өркендеуі жағынан облыста алдыңғы қатардан көрінген Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылында қазір қырықтан аз-ақ асатын отбасы қалды. Ауылдың байырғы тұрғыны Есләмғали Мұқановтың айтуынша, бүгінде бес үй буынып-түйініп, көшуге дайын отыр. Солардың бірі – кеңшардың соңғы директоры Амангелді Жақыповтың отбасы. Сірә, Амангелді ағаны жылы орнынан козғағаны ауылдағы үй санының азайып кеткені де емес, құрметті демалысқа шыққанынша ондағы өзі төрағалық еткен ауылдық әкімдіктің қысқарып, Семиполка округіне қосылып кеткені болса керек. Оның үстіне бұрынғы орта мектептің қазір тоғызжылдық білім орны деңгейін әзер ұстап тұрғаны да жанына батады. Бәрінен де бұрын мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген кеңшардың алғашқы басшысы Мәркен Ахметбековтің қазығын қадаған, шаруашылықтың тоз-тозы шыққанына жаны күйзеледі.

Қонысы жайлы, жері құнарлы Социал ауылы осындай дүрбелеңінен аман қалатындай еді. Бірақ бұлай ойлауымыз бекер болып шықты. Есіл өңірінің ең құнарлы жерін баурына басқан, су қоймасының іргесіндегі ауылдың да түтіні сиреп қалыпты. Бұрынғы 86 үйлі ауылдан қазіргі түтін түтетіп отырғандары 46 отбасы болса, жуырда тағы 5 үй көшкелі жатыр. Бұған дейін біршама бүтін отырған ауылдың үдере көшуі соңғы 4-5 жылдан бері көбейе түскен. Солардың бірі – ауылы өзінің тұтқасына балаған азаматы Есілбай Қантаев қазір қалада тұрады. Бүкілодақтық комсомол съезіне қатысқан, бұрынғы Одақтың жоғары наградаларымен марапатталған даңғайыр диқанның егіс бригадасын және бөлімшені басқарған кезінде “Заря” кеңшарының бұл бөлімшесі үнемі үздіктер қатарынан көрінуші еді. Дәнді дақылдардан 20 центнерден кем өнім алынбайтын.

Амал не, бүгінде осылардың бәрін өткен шақта ғана айтуға тура келеді. Өйткені, бұл аумалы-төкпелі кезеңде ауылды уысында ұстар дұрыс басшының болмауының кесірі екені сөзсіз. Айталық, Мамлют ауданындағы Бексейіт немесе Қызылжар ауданындағы Дайындық ауылдарындағыдай, немесе сонау бір қиырда жатқан Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы “Ақселеудегідей” шаруашылық жүргізе алмай қалғаны соның салдары. Былтыр облыстық шаруа қожалықтары қауымдастығы есепті жиынында Социалдың тумасы Серікбай Елемесовтің өз ауылының жайын сөз етіп, оны өзі сияқты елден шыққан білікті азаматтар көтермейінше, түзелмейтінін айтқаны есімде. Алайда, ауылда болғанда ондай істің ізін көре алмадық. Ауыл шаруашылығының білікті маманының айтылған сөзі сол жерде қалғанға ұқсайды.

Ауыл тұрғындарымен әңгімелескенде көп жайға қанықтық. Дұрыс инвестор бұйырмаған ауданның өзге елді мекендері сияқты Социал ауылының егістік жері де қолдан қолға өте келе, ақыры “ТНС-2020” ЖШС-іне тиіпті. Бұрын ол “Асылхан-Агро” ЖШС-нің меншігінде болып, ауылдықтар одан оншалықты пайда көре алмаған. Ал, “ТНС”-2020-нің өздерін қарамағына алғанын естігендері болмаса, байланыс жоқ десе болады. Әйтеуір, төңіректегі егіс алқаптарына астық өсіріп, оны жинап алып жатқандарын ғана біледі. Серіктестік ауылдан бірде-бір адамды жұмысқа тартпаған. Бар болғаны жылына бір рет кісі басына жер жалының шамалы ақысын төлейді. Соның өзін алу да оңай емес, ол үшін серіктестіктің Сергеевка қаласындағы кеңсесіне отбасы мүшелерін толық жинап апару керек. Ауру-сырқауға, кәріге немесе сыртта жүрген студентке қарамайды, отбасы мүшелері бәрі барып, толық қол қоймаса, жалдық ақы берілмейді.

Ауыл тұрғындары серіктестіктен басқа ешқандай көмек көріп отырған жоқ. Тым болмаса жемдік астық қалдықтары қолға тимейді. Астық сабанын комбайндар танапқа турап шашып тастайтындықтан оны да ала алмайсың. Инвестордың осындай тиімсіздіктерін көріп отырған ауыл тұрғындары жер үлестерін одан алып, жергілікті тауар өндірушілерге тапсырғысы келеді. Ондай адам да табылып отыр, мысалы рясенкалық шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сергей Руткаускас оған қарсы емес. Енді ауылдағы жер иелерінің толық келісімін алып, мәселені сот арқылы шешуге болады. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, соған басшы болып, бар жауапкершілікті мойнына алатын бір адам шықпай отырған сыңайлы.

Социал ауылы әкімшілік аумағына енетін Кривощеково ауылдық округінің әкімі Асқар Асылбековтың айтуынша, мұнда шағын болса да шаруа қожалығын ұстаған арқасүйер бір адам жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындарының реніш-өкпесі немесе жерлерін қайтарып алу әрекеттері көбінесе қыңқыл сөзден аспай жатады. Ал ауылдағы механикалық қырманды “Асылхан-Агро” бұзып әкетіп, өз қажеттеріне жаратыпты. Ал, былтыр келген “ТНС-2020” ЖШС-і қырмандағы астық қоймасын бұзып алған. Онда “біздің де үлесіміз бар” дегенді білдіргісі келіп, материал алған кейбір ауыл тұрғындарына сот арқылы айыппұл салғызып, онсыз да жалақысыз отырған ауыл азаматтарынан 260 мың теңге өндіріп алыпты. Жалпы “ТНС-2020” ЖШС-і жалғыз бұл ауылда ғана емес, Шал ақын ауданының басқа шаруашылықтарында да “Асылхан – Агродан” қалған материалдық-техникалық базаны бұзып, оларды іріленген машина-трактор стансаларында шоғырландыру жұмысымен жұртшылық наразылығын туғызған.

Отбасылар саны азайып, есесіне жайылымдық жерлердің аумағы көбейе түскенімен, тұрғындар мал ұстауға аса ынталы емес. Қазір ауылда барлығы 150 бас ірі қара және 200-ге жуық жылқы бағылады, сол сияқты қой-ешкісі де бұрынғыдай көп емес. Заман талабын сезініп, қолындағы мал басын көбейтіп, оның өнімін өткізумен айналысып жүрген ауылдағы жалғыз іскер азамат Нұрсипат Қайыржанов қана. Алайда оның өзі кейбір көршілеріне көзге шыққан сүйелдей болып көрініп отырса қайтерсің?!

Қашан біз осы іштарлықтан арыламыз? Одан да көп болып, ауылдың 5 шақырым жолын жөндеп алғандарындай, ортақ іске жұмылғандары жақсы ғой. Сергеевка – Афанасьевка грейдеріне қосылатын ауыл жолына тас және құм төселгендіктен, жауын-шашында бұзылмайды. Оған жұмсалған 500 мың теңге қаржыны ауыл тұрғындары өздері жинап салды. Сондай-ақ, Петропавл, Астана және Көкшетау қалаларында тұратын ауқатты жерлестерінен де қаржылай көмек алды. Жол жұмысының арзандау түсуіне ауыл іргесінде тас карьерінің болуы септігін тигізді.

Әрине, бүгінде ауыл күйзеліп отыр деуге бола қоймас. Отбасылардың тұрмысы кеңес кезіндегіден кем де емес. Жеңіл көлік мінбейтіндері жоқтың қасы. Ауылдың бар “ауруы” ортақ мал мен мүліктен айрылғаны демесең, жеке кәсібін ойластырғандарға күнкөріс несібін табуға болады. Оған Нұрсипаттың мысалы дәлел: екі трактор, үш жеңіл көлік және 60 шақты ірі қара ұстап отыр. Бірақ отбасылар азайған соң ондағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандарға нұқсан келетіні рас. Айталық, қазір онда клуб, дүкен жоқ. Ауылдың жалғыз тірегі – мектебі ғана, бала саны кеміген сайын оның деңгейі төмендей түсетіні алаңдатады. Күнделікті азық-түлік қажеттерін ауыл тұрғындары кезектесіп аудан орталығынан тасымалдайды, ұндарын үктіріп, нанды үйде пісіреді.

Осындай жағдай ауданның талай ауылдарына тән. Социал ауылында ауызсу мәселесінде қазба құдықтары проблема тудырмаса, кейбір ауылдар одан тапшылық көруде. Жол жағдайы да әлі түгел түзеліп кеткен жоқ. Міне, осылардың бәрі қосыла келе ауылға жастардың тұрақтауын қиындатады. Жас жеткіншектер азайған ауылдың шырайы да кетеді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен ауқымды іс-шаралар мәселенің түп-тамырына оң әсер етерліктей жүзеге асырылса, игі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp