«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚЫЛДЫ ҚАЛА” ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні облыс әкімі Самат Ескендіров “Контакт Энерго А” және “Schneider Electric” ЖШС өкілдерімен кездесіп, “Ақылды қала” – “Smart city” жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Энергияны, суды, жылуды үнемдеудің жолдарымен таныстырған “Schneider Electric” ЖШС өкілдері осы күнге дейін атқарған жұмыстарын баяндады. Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ЖШС әлемнің 200-ден астам қаласында өз жобаларын жүзеге асырған. Елімізде Астана қаласының коммуналдық желілерін жаңғыртуға кіріскен ЖШС бізде де сол бағытта жұмыс істеуге ниетті.  

– Тұрғын үй-коммуналдық саласына біздің жобаның тигізер пайдасы зор. Мәселен, ол электр қуаты үнемділігін 30 пайызға арттырса, ауызсу шығынын 15 пайызға азайта алады, – деді “Schneider Electric” ЖШС-нің өкілі Павел Нұрғазиев.

Үнемділік уақыт талабы екендігін айтқан облыс әкімі Самат Ескендіровті аталмыш жаңашылдықтың біздің қаламыз үшін жалпы құны қанша болатыны қызықтырды. Қазір жобаның құнын дәл айта алмайтындығын жеткізген ЖШС өкілдеріне Петропавл қаласының кестесі беріліп, олар сол бойынша жұмсалар қаржының көлемін анықтайтын болды. Олар сондай-ақ түнгі уақытта көшені жарықтандыруда да энергияны үнемдейтін арнайы шам ұсынып отыр. Адамның, көліктің жүрісін бірден сезетін шамдар өздігінен жанып, қозғалыс жоқ кезде сөнетін көрінеді. “Schneider Electric” ЖШС есептегіш құралдарды да ұсынды. Олардың есептегіш құралдары орнатылған үйдің иелері қазіргідей көрсеткіш беру үшін телефон басында отырмайтын болады. Әр есептегіш құралындағы көрсеткішті бірыңғай желі арқылы коммуналдық қызмет өздері көре алады. “Қызылжар су” ЖШС-нің бас директоры Аслан Сатин осындай заманауи есептегіш құралдарды кейбір компаниялар 16 мың теңгеден ұсынып отырғандығын жеткізді. Бұл бірнеше есептегіш құралдар орнатылған үйлер үшін тиімсіз. Ал “Schneider Electric” ЖШС өз құрылғыларын 4 мың теңгеден ұсынуда.

Кездесуге қатысқан жергілікті монополист-компаниялар өкілдері меймандардың ұсынып отырған қызметін жан-жақты талқылады. Бұл орайда “СевКазЭнерго” АҚ басқармасының төрағасы Еділ Көпенов облыс орталығындағы коммуналдық желілердің 70-80 пайызы ескіргендігін айтып, бұл жаңашылдықты “Береке” сияқты жаңа ықшамаудандарға пайдалану қажет деген ұсыныс жасады.

Түрлі пікір мен ұсыныс айтылған кездесу барысында Самат Ескендіров бұл жобаларды қанатқақты ретінде екі мектеп пен “Қызылжар су” ЖШС-де пайдалануды ұсынды.

– Өңіріміздегі мектептердің 80 пайызы шағын жинақталған. Бұл энергияның мақсатсыз жұмсалуына түрткі болып отыр. Үнемдеуді осындай нысандарда пайдаланған тиімді, – деген өңір басшысы Петропавл қаласының әкімдігіне көшені жарықтандыруда энергияны үнемдеу жолдарын табуды тапсырды.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp