Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Диқандардың алдына дәнді дақылдар жинауды 1 қазанға дейін аяқтау міндеті қойылғалы қырдағы қызу еңбек, тіпті, қарқындай түсті. Айыртау ауданындағы “Жарқын СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарында осындай өнімді істің куәсі болдық.
Біз ат басын тіреген шаруашылықтың түстік беткейіндегі шалғайлау жатқан 365 гектар бидай алқабында тақталап бөлінген танаптарда 7 комбайн астық бастырып жүр екен. Бірінші егіс бригадасының агрономы Жұмабек Исинді осы алқап басында жолықтырдық.
– Бұл алқапта егін оруды кеше кешкілік бастадық. Комбайндар таңғы сағат төртке дейін өндіре жұмыс істеді. Таңертең ептеп шық түскендіктен, бүгінгі жұмысқа таңғы сағат тоғыздан кейін кірістік. Қазір танаптың жартысынан астамын жинап алдық, шығымдылығы 17-18 центнерден айналып жатыр, – деді ол.
Ең өнімді “Челенжер” және “Джон-Дир” комбайндарының шалымды жұмысына риза болады екенсің. Қос-қосынан жеке танаптарда жүрген олар екі айналымға жетпей, бункер толтырады. Танаптан қырманға астық тасымалына тіркемелі төрт “КамАЗ” автокөлігі тартылыпты. Олар жарты сағат сайын ыңырана ауыр қозғалып, ауылға қарай бет түзеп жатты.
Содан кейін қырманға келіп, ағылып түсіп жатқан тау-төбе қырдың қызыл астығын көрдік. Бізді бастап жүрген серіктестік директоры Азамат Елмағановтың айтуынша, қырманға науқан басынан бері 21750 тонна астығы түскен. Оның 10 мың тоннасын алғашқы өңдеуден өткізіп, өздерінің бас инвесторы “Рамут” корпорациясының Саумалкөлдегі “Айыртау – Астық” элеваторына өткізген. Сондай-ақ қырмандағы астық қоймасына келесі егіске толық жетерлік 2000 тонна тұқым және 6 мың тоннадан астам тазартылған астық құйып алған. Және де қырманның асфальтталған алаңдарында танаптан түсіп жатқан 3-4 мың тоннадай астық бар.
Шаруашылықтың қырманы, машина-трактор шеберханасы, жанар-жағармай базасы және техникалық қоймасы бір жерге шоғырландырылған осы өндіріс базасының түгелдей жаңадан салынғанын аңғарған бізге осы жайлар ұғынықтырақ болуы үшін серіктестік басшысы әңгімесін әріден бастады.
– Бұрын мұнда “Нұр-Целина” компаниясы жұмыс істеген. Ол кеткеннен кейін 2008 жылдан бастап “Рамут” корпорациясының ықпал етуімен біздің “Жарқын СК” ЖШС-і құрылған. Өзім бұл шаруашылықты басқаруға 2010 жылы келдім. Десе де менің білуімше шаруашылық басында 3 мың гектардай жерге ғана иелік еткен. Төңіректегі қазақ ауылдарын өзімізге тарттық. Қазір біздің серіктестікке шаруашылықтың орталық қонысы – Светлое ауылынан басқа көршілес Дәуқара, Қарақамыс, Егіндіағаш және Бірлестік ауылдары кіреді. Олардың тұрғындары 18500 гектар жер үлесі пайларын бізге берді. Сөйтіп, мемлекеттік қордан алған жерлеріміз бар – бәрін қосқанда барлығы 40 мың гектар жерге иелік етеміз. Жайылымдық, шабындық жерлерді алып тастағанда, таза жыртынды жеріміз 30 мың гектардың маңайында. Оның 16485 гектарына дәнді дақылдар өсіреміз, соның ішінде 15,5 мың гектарын – бидай, 1,0 мың гектарын – арпа мен сұлы алады. Сонымен бірге 1872 гектарына зығыр және 1,0 мың гектар алқапқа көпжылдық шөп өсіріп, 8,5 мың гектардай жерді парға қалдырып жүрміз. Осындай ауқымды алқапта жұмыс жүргізу үшін мықты материалдық-техникалық базамыз болуы керек. Жоғарыда айтылған атқарылып жатқан жұмыстар осы мақсатты көздейді, – деді Азамат Мерекеұлы.
Аталған өндіріс базасында қыруар жұмыстың атқарылғанын атамасқа болмайды. Қазір қырманда жаңадан іске қосылған екі “БСХ-100” және “САД-50” механикалық қырманы және “ДСП-32” астық кептіргіші жұмыс істейді. Орақтың бас кезінде ылғалдылығы 18-19 пайызды құраған астық осыларда тазартылып, кептірілді. Соңғы аптада танаптан жеткізілген астықтың ылғалдылығы 13-14 пайыздан аспайды. Сондай-ақ қырманда жалпы сыйымдылығы 13 мың тонна екі астық қоймасы және 20 мың тонналық астық ангары салынған. Серіктестік басшысы мұндағы ең шығынды жұмыс асфальт төсеу болғанын айтады. Оның, тіпті, жол төсеуден де күрделірек екенін білдік. Мұндай ылғалды жерде қырман асфальт салу үшін 1,5 метр жер қыртысының балшығы алынып, ол қиыршық тасқа, құмға, қайыра қиыршық тасқа толтырылып, нығырланып, сосын ғана барып асфальт төселеді екен. Сөйтіп, асфальтталған 16 мың шаршы метр алаңға 55 миллион теңге қаржы жұмсалған. Қазір осы дөңестелген үш алаңға 10 мың тоннадан артық астық сияды. Ол іске қосылған 2011 жылғы мол астықта өзінің қажеттігін танытқан.
– Орақты неғұрлым тезірек аяқтап шығу үшін соңғы 4-5 күннен бері толық екі ауысымдық жұмысқа көштік. Комбайндар таңғы шық түскенше тоқтамай істеп, ертеңгілік танаптар кебісімен қайта іске кіріседі. Барлық комбайншылардың көмекшілері бар. Төрт мезгіл тегін тамақ беріледі. Көрші ауылдардан келіп істейтін механизаторларға жайлы жатақханадан орын бөлінген. Осынау қарбалас шақта Лобаново ауыл шаруашылығы колледжінен 10 оқушыны өндірістік тәжірибе жұмысына алғанымыздың да пайдасы тиюде. Олардың 9-ы көмекші механизаторлық жұмыстарда және біреуі асханада істейді. Осы ата-анасыз жетім балаларды еңбекке тартуымыздың әлеуметтік маңызы да бар. Олардың көпшілігі оқуларын аяқтаған соң жұмысқа тұруға тілек білдіруде, – деген Азамат сөзін жалғап:
– Серіктестігімізде орта есеппен еңбеккерлер саны 50 адам саналғанымен, қазір қызу науқанда 150 адамға дейін еңбек етеді. Бүгінде тек механизаторлардың өздері ғана 70-ке жуық. Шаруашылық құрамындағы ауылдарымыздан науқан барысында табыс табуға сұранатын механизаторлар көп. Олардың жақсы жұмысымен көрінгендері тұрақты жұмыс орнын табуда. Астық тасымалына тартылған “КамАЗ” автокөліктерінің бәрі жекеменшік иелерінікі. Тіпті, сонау Павлодар облысынан бірнеше жылдан бері келіп жұмыс істеп жүргендері де бар. Оларды біздегі уақтылы берілетін жақсы табыс қызықтырады. Тоқтаусыз жүрген тасымал көліктері жүргізушілерінің айына 200-250 мың теңгеден табыс табатыны анық. Мұндай еңбекақыны орақта жүрген механизаторлар да алады. Орақ озаттарының еңбекақысы 250-300 мың теңгеге дейін барады. Жылдық орташа айлық жалақы былтыр 55 мың теңгеден айналса, биыл оны 65-70 мың теңгеге жеткізуді ойластырып отырмыз. Құрылғанына көп болмаған біздің шаруашылық үшін бұл аз емес, – деді ол.
Азамат Мерекеұлы сосын орақ барысын айтып берді. Біз барған бейсенбі күні серіктестікте дәнді дақылдардың 85 пайызы жиналып алынған еді. Дестеге түсірілген 840 гектар арпа және сұлы танаптары болмаса, қалған бидай алқаптары тура бастырылуда. Сол күнгі дерек бойынша, танап шығымдылығы орта есеппен 15,6 центнерден айналып жатты.
Шаруашылықтың егін жинау техникасы ойдағыдай. Айталық, астық жинауда жүрген 10 комбайнның бәрі жаңа, оның төртеуі – “Джон-Дир”, төртеуі – “Клаас” және екеуі – “Челенжер”. Сондай-ақ биыл өздігінен жүретін екі “Челенжер” жаткасын алып, 2 мың гектар дестеге түсірілген бидайды солар орды. Одан басқа тағы екі тіркемелі “Дон-Мар” жаткалары бар, олар негізінен арпа мен сұлы оруға пайдаланылды. Сол сияқты екі “Балзерь” астық жинақтағышы да орақтың қауырт кезінде көмегін тигізіп жүр. Негізінен ішкі тасымал жұмыстарына пайдаланылатын тоғыз “МТЗ-82” тракторының барлығын жаңа деуге болады. Серіктестік осылардың көпшілігін “Астана-Финанс” АҚ арқылы лизингке алған. Осындай негізінен лизингке алынған жаңа техникалар санатында екі “Джон-Дир” тракторы және бес егіс кешені бар. Биыл тағы екі егіс кешенін шаруашылық өз қаржысына алды.
Серіктестікте тағы бір назар аударарлық жай – отыздағы орда бұзар жастағы шаруашылық басшысының өзі сияқты кілең жастардан тұрады. Ұжымдағы егделеу саналатын қырман меңгерушісі Ерік Әлібековтің өзі қырықтың қыр-қасындағы ғана жігіт. Бас инженер Александр Пономаревтен бастап, трактор-егіс бригадирлері Дастан Гелманов пен Қуаныш Сейітқалиев, бригада агрономдары Нұржан Жақыпов пен Жұмабек Исин, бас агроном Серкебай Шоқымов, реттеушішебер Болат Тәшенов – бәрі жастар.
Шаруашылық басшысы орақтағы озаттарды атағанда алдымен комбайншы Александр Антипов, Сұлтан Мәжікеев, Денис Пономарев, Михаил Буераков, Владимир Шилов, Арман Бөкенов, жаткада жұмыс істеуші Сейілбек Сүлейменов пен Владимир Буераков және астық тасымалдаушы Бейімбет Ырсаев пен Нұртас Сүлейменов сияқты еңбек озаттарын аузына алды. Осы аттары аталған механизаторлар күндік тапсырмаларын 1,5-2 есе орындап жүрген үздіктер саналады. Серіктестік механизаторлары қазір қаншалықты қарбалас болғанымен, ертеңгі егіс қамын да ойластыруда, бүгінге дейін 6 мың гектар алқапта сүдігер жыртып үлгерді. Бұл жұмыста Валерий Шкверя мен Асқар Қапаров сынды тәжірибелі механизаторлар тындырымдылық танытуда.
Сөйтіп, бес ауылды біріктіріп, Айыртау өңірінің мол астығына кенеліп отырған “Жарқын СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің жарқын істерімен көзге түсуде.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.