Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен “Біздің күшіміз – бірлікте” атты түркі мәдениетіне арналған өңірлік фестиваль болып өтті. Оған Петропавл қаласы мен аудандардың өнер ұжымдары, этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары қатысып, түркі халықтарының тамылжыған әндері мен мың бұралған билерін, көңіл шалқытар күйлерін жұрт назарына ұсынды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында құрылған “Түрік мәдениеті” ұйымы түркі тілдес бауырлас халықтардың мәдениеті мен өнерін бірлесе дамытуды, ортақ материалдық және мәдени құндылықтарды келер ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізуді мақсат етеді. Бұл тұрғыда облыс орталығындағы және аудандардағы этномәдени бірлестіктердің, түркі халықтарының өнерін насихаттап жүрген Галина Жұмалиева, Алина Ушакова, Наталья Солдатенко, Расима Сучкова, Әсел Оразымбетова жетекшілік ететін “Қарлығаш”, “Қуанамын” “Меруерт” “Дружные ребята”, “Інжу” ансамбльдерінің сіңіріп жүрген еңбектері орасан зор. Бұл жолы “Біздің күшіміз – бірлікте” тақырыбымен өткен фестиваль де соны айғақтады.
Өнер сайысында “Бақсы” күйін орындаған Жәмила Мұстафина мен Айдос Ақылбеков қазақтың қылқобызы мен сазсырнайының, дауылпаз бен шаңқобызының құдіретін отбасылық дуэт арқылы тамаша жеткізіп берді. “Ұрпақ” мәдениағарту орталығының өнерпазы Серікбай Диас “Түркімен” күйін, №17 жаңғыру мектебінің оқушылары Самир Зейналов пен Эсмира Гейдарова әзірбайжан биін, Мәлік Шигабутдинов татар әнін әуелетті. Аудандардан келген “Балқадиша”, “Шапағат” сынды ансамбльдер мен жеке орындаушылар да кеңбайтақ елімізді мекендейтін халықтардың ән-күйлері мен билерін нақышына келтіре орындап, фестиваль көрігін қыздыра түсті.
Алайда, кең залда фестивальға қатысушылардан басқа қызықтайтын көрермендердің аз болғандығы көңілге кірбің ұялатты.
Фестиваль соңында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Рашбиль Евдаев өнерпаздарға алғыс айтып, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.