«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАҒАН ҚАЛАМ САРДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.

Қазақ әдебиетінде “ХХ ғасыр әдебиеті”,“қазіргі заман әдебиеті” және “қазақ кеңес әдебиеті” деген ұғымдар бар. Бір дәуір әдебиетін соншалықты түрлендіретіндей не көрініпті? “Бақсақ – бақа екен” дегендей, біздің танымымызды һәм талғамымызды құбылтқан – саясат екен! Иә-иә, ақын Мағжан айтқан “саясат – ағаш ат”. Хронологияға салып жіберіп, ештеңеге бас қатырмай, “ХХ ғасыр әдебиеті” десек, сөкет пе?!

Жоғарыдағы бір ұғымның алуан атауы нақтыланып, жүйеленуі үшін уақыт керек, тәжірибеге сүйенген ғылыми байып керек. Шартты түрде алсақ, проза Жүсіпбек Аймауытұлынан Айгүл Кемелбайға дейін, поэзия Мағжан Жұмабаевтан Гүлнар Салықбайға дейін бір сипатты демесек те, бір рухты деуге болар. Ол рух – ұлттың қилы тағдырын көркем зерделей алған рух. Ол рух – пайдасын ал да, зарарынан қаш деген Абай өсиетімен, түндікті Батыстан ашып, есігіне “Қазақ” деп қарауыл қойған Алаш ұстанымымен сабақтас рух.

Аталған дәуір әдебиетінде қадамы нық, шығармасы да, азаматтық келбеті де “сорайған солтүстіктің қарағайы” (Ғ. Қайырбек) сынды тұлға – Сафуан Шаймерденов.  

Сафуан Шаймерденұлы дегенде “Инеш” романы мен “Ағалардың алақаны” мемуарлық повесі еске түсері анық. “Инеш” әу баста (1953 жылы) “Болашаққа жол” деген атпен жарияланған. Соғыстан кейінгі оқыған жастар өмірі, ғылыми-шығармашылық орта жайы, ұлт зердесі мен әлеуетінің жаңаша қалыптасу шағы – аталған туындының алтын арқауы. “Болашаққа жол” даладағы қазаққа да, қаладағы қазаққа да зиялылық әліппесі бола алды. Осында жазушы бір кейіпкердің аузымен: “Күрес үшін ерлік керек-ақ, бірақ ерлік – күрес факторы емес, күрес факторы – саналылық”, – деген екен. Енді санамен 50-жылдарға барлау жасаңыз, Алаш із-түзсіз жоғалған (жасырын атылған, көмілген), тарих пен шындықты жақауратып айтқандардың өзі абақтыға жабылған шақ. Сонда рухы тапталған, қасиеті қорланған қазаққа қандай күрес керек? Сафекеңнің ойлы құрбы-құрдастары, елшіл ғалым-ұстаздары, қарапайым кейіпкерлері сол заманның сөзін сөйлейді, бірақ ойында ел тағдыры тұр.

“Ағалардың алақаны” – өмірінің әрбір сәтін жылылыққа ораған, адамшылықпен қорғаған жазушының ақсақал жасында сараптап барып жариялаған сарабдал шығармасы. Мұнда кемі алпыс жылдағы ұлттық тәрбие, білім, саясат, мәдениет, әдебиет тарихы аты да, заты да бар адамдардың түсінігі, сөзі, ұстанымы, қасиеті арқылы әрі терең, әрі қарапайым баяндалады. Бір ғана Бейіс ананың кісілік келбеті мен жан жылуын еске алсаңыз, жанарыңызға жас үйіріледі. Қазақ болып туғаныңызға, Ислам шапағатын көргеніңізге қуанасыз. Әрі ақылды, әрі аңғал, бірі қорқақ, бірі батыр ақын-жазушы ағайынның болмыс-бітімін, пайым-парасатын білгенде ұлт иманына қалқан, бірлігіне іргетас азаматтарға бас иесіз. Әлсізінің өзі сол әлсіздігімен Сізге: “Мендей болма!” – дейтіндей…

Жазушы оңды-солды сілтемеді, талғаммен талғап жазды. “Аз, аз да болса – саз!” – Сафекеңнің өмірлік қағидаты еді. Бүгінгі қаламгер “олар университет қабырғасында табысты” деп орысшаласа, Сафуан жазушы “олар университетте табысты” деп жазады. Шөре-шөре стильді замандасымыз “қай істе болмасын алда” десе, С. Шаймерденұлы “қай істе болсын алда” дейді. Бұл – жай ғана деталь. Осыдан-ақ бізге аға буыннан не үйрену керектігі айқындала түседі…

Сафекеңнің белсенді шығармашылығы 50-80-жылдар аралығын қамтыпты. Бұл кезеңде қаймана қазақ не көрмеді? Бірақ, әйтеуір, кеудеде үміт бар, сенім бар. Біз бүгін “коммунизм деп жүріп, сол коммунизмді бастан өткеріп қойыппыз ғой” деген ностальжикөңілді жиі естиміз. Кеше ғана бір сыйлас ағамнан “Сіздер қашан тойындыңыздар?” – деп сұрадым. Ол: “1966 жылы мектеп бітірдім. Ауыл кереметтей тоқ болмайтын. Алматыға керзі етікпен келдім. Ол кезде кигеніміз шұлық емес – шұлғау. Ел аш құрсақтау, студент біз де бірішек едік. Қазақ 70-жылдардың басында ғана тойынды. 85-жылғы қайта құрудан соң сүмірейіп қалды. Сонда біз 12-13 жылдай ғана тойыныппыз ғой” деп қалды…

Қарынның мәселесін былай қоялық, біз қашан рухани тойындық? Біздіңше, осы сұраққа 1986 жылғы тарихи оқиға – Желтоқсан көтерілісі толық жауап береді. Тойынсақ, бұл болмас еді. Қазағы аз қаланың асханасындағы әңгімелер, қазағы көп жатақтар мен жатақханалардың кез келген жеріндегі кеңірдек жыртысқан әңгімелер кемерінен неге тасыды? Біз сол 80-жылдардың басындағы студенттер едік: мінбердегі комсомол-партияның қырық өтірігі, аудиториядағы марксизм-ленинизмнің сарытап конспектілері, “генсектердің қайсысы жақсы?” деп таласатын мағынасыз айтыстарымыз, басқа да митыңдаған ит тіршілігіміз бізді “зомби” қылып тынғанды. Аға буынды аға “зомби” еткенді…

1986 жылы желтоқсанда жаңа ғана әскерден келіп, оқуымызды қайта жалғастырып жатқанбыз. Бас көтеру болды: біреу біліп қатысты, біреу білмей қатысты. Шындығы: қоғам оянған жоқтын. Көтерілісті аямай басқанда көтерілгендер де, көтерілмегендер де қорықты. Үйді-үйге топ жетекшілеріміздің саяси негізді хаты жолданды. 1987 жылы ақпанның басынан (2-семестр) идеологияланған арнайы курстар қаптап кетті. Ұлттан безінген ағай-апайларымыз жайраңдап дәріс оқыды. Бір академик-тарихшының “Ұлтшыл-буржуазияшыл А. Байтұрсынов идеялары, өкінішке қарай, интеллигенция ортасында түп-тамырымен жойылмай отыр” деген мазмұндағы кітапшасы басылды. Ол кезде “көтерілісті басу үшін жасалған партия саясаты қате, қазақ ұлтшыл емес, республикадағы идеология сыңаржақ!” деп айту үшін адамның жүрегі емес, арыстанның жүрегі керек еді…

Қазақ өлмепті, қазақ “зомби” де емес екен! 1987 жылы 23 мамырда Кремль функционері – Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысы Г. В. Колбин қатысқан республика Жазушылар одағының тарихи пленумында елшіл де батыл сөзді Жұбан Молдағалиұлы мен Сафуан Шаймерденұлы айтты. Қазақша айтпады, хатшының құлағына кірсін деп орысша айтты. “Честно говоря, мое сегодняшнее появление на трибуне пятое или шестое за последнее тридцати пяти – тридцати восьмилетие. На этот раз решил высказаться. Потому что невозможно не высказаться, ибо мы стоим на краю гибели как нация” деп бастайды сөзін Сафекең…

Сафуан Шаймерденұлының “Мәдениет және тұрмыс” журналында дінге қатысты бір сыни мақаласы жарияланыпты. Күндердің күнінде Қазақстанның дінбасы – қазиы Сәкен қалпеден шақырту алады. Қаламгер “неге шақырды екен?” деп ойланады. Мәдениетті шақыруға мәдениетті түрде барады. Иман жүзбен қарсы алған қази екеуара әңгімеде жазушыға рақмет айтады. Әдетте сыналған жақ ертоқымын бауырына алып туламай ма?! Ал Сәкен қалпе алғысын үйіп-төгеді. Тіпті, өзі де дін саласындағы кемшіліктің жеті атасын жеткізеді. Бұл, әрине, қазидың емес, қоғамның кінәраты. Ендеше ол неге ашық болмауы тиіс? Баяндаманың құлақ күйі осылай басталады. Мұны Сафекең неге айтты? Әрине, партия функционерлеріне қаратып: “Сендер дұрыс сынды да, ақылды да қабылдай алмайсыңдар. Сендердің әңгімелерің де, ұсыныстарың да, нұсқауларың да біржақты, сыңарезу. Өздерің менсінбейтін дін өкілдерінің тырнағына да тұрмайсыңдар”, – деген пікірді тұспалдады. Мұны мәселені айтудың формасы дерміз. Айтқандайын, осындағы Сәкен қалпе кім? Ол – 30-жылдары жұрттың көбі атеист болып, Құбыласын ұмытқанда, етегіне намаз оқыған, еңіреп жүріп діни жырларымен ел еңсесін көтерген пірадар, артында “Арабша-қазақша сөздік”, “Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы” сынды еңбектер қалдырған ғұлама, Ақмола – Ерейменнің тумасы Садуақас қажы Ғылмани. Бүгінгі Астананың бір мешіті осы кісінің атында.

Жазушы Сафуан Шаймерденұлы Колбин мен Камалиденовке қасқая айтқан тарихи сөзінде бірінші – жау іздеген партиялық идеологияны, екінші – этнография сынды ұлттық зерттеулерді терістейтін партиялық цензураны, үшінші – аралас некені насихаттаған идеологияны, төртінші – халықтар достығын жасанды, жабайы, тұрпайы түсіндіретін партиялық үгітті, бесінші – партияның әдебиет пен өнер ісіне жөнсіз араласуын, алтыншы – ана тіліндегі балабақша мен мектеп жайын, жетінші – шеншекпен үшін ұлтын қаралайтын жармақтарды, сегізінші – Желтоқсан оқиғасының ащы шындығын ашып көрсетіп, бұрысты – бұрыс, дұрысты – дұрыс, деді.

Біз осының екі ғана сәтін дәйексөзбен жеткізейік: 1. “Наша идеологическая работа, возглавляемая тов. Камалиденовым, суетливо мечется, как угорелая. Ищет врага, хочет повергнуть его во что бы то ни стало. Но не может. Почему не может? Потому что нет врага”; 2. “Особо хочу отметить, что никакими постановлениями или строжайшими мерами и решениями, кроме организационных, дела литературные не поправишь. Это доказано исторически”. Мұндай ойлар сол кезде ашық аспанда ойнаған найзағайдай еді. Сафекеңнің ұлттық іс жолындағы, әдебиет жолындағы турашылдығы, батылдығы сол 1987 жылы ауыздан-ауызға көшіп, аңызға айналды.

Өмір де, қоғам да күрделі. Ол әр кезде өзіңді де, қауымыңды да сынайтын мәселелерді алдыңнан шығарады. Қағандық та, хандық та, бодандық та, бостандық та – сынтұғын. Осы өмір мен қоғам талқысында басшы мен қосшы, атқамінер мен атқосшы, сөз ұстаған мен серт ұстаған өзін қалай көрсетті – елдіктің сыры мен шыны осында. Жазушы Сафуан Шаймерденов дана Лев Толстойдай 90 том шығарма жазсын, бірақ сын сағатта халықтың сөзін сөйлемесе, ол қара мес мұра кімге керек? Алаш арыстары: “Біз дүние астан-кестен болған заманның адамымыз. Жұмыр жердің бетіндегі шірік қауды өртеп, ертең өртең шығару үшін қылыш-найзаны қолдан тастамай, түсірмей майданда жүрген әскерміз. Әйеліміз, еріміз, саясатшыларымыз, шаруашыларымыз, әдебиетшілеріміз – бәріміз де әскерміз. Әскер болуға міндеттіміз. Өмір осыны тілейді”, – депті. Осы жолдарды оқыған сайын, менің есіме марқұм Сафуан Шаймерденұлының 1987 жылы тарихи пленумда сөйлеген сөзі түседі. Жазушы әдебиет жолында да, ар жолында да ел намысын қорғаған қалам сардары болып қалды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp