«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІК ЕСКІРМЕЙДІ, ЕСІМІЗДЕН ШЫҚПАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,

еңбек ардагері.

Ұлы Жеңістің алпыс сегіз жылдығын еліміз болып тойлағалы екі айдан да асқан жоқ. Халқымыздың ұлы ерлігін айтқанда алдымен майдан даласында қан кешкен қаһармандарымыздың от пен оқ кешуі ойға оралады.

Ал сол соғыс жылдарында ашқұрсақ күн кешіп, таңды таңға қосып, “Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!” деп еңбек еткен тылдағылардың үлесі де көп қой. Солардың бірі – мен биыл сексен бес жасқа толдым. Бала болсақ та, ересектер көтерген жүк біздің де иығымызға түсті.

Бүгінгі Есіл ауданының Мектеп ауылынан алғашқы күндері-ақ 20-35 жас аралығындағы әскерге жарамды деген жетпіс жігіт майданға аттанып кетті.

Олардың орнын басу елдегі кәрі-құртаң шал-кемпірлерге, он төрт-он бес жасар жасөспірімдер мен қыз-келіншектерге жүктелді.

Әлі есімде, елде қалған қарттар ұжымшар кеңсесіне жиналды. Олар ел-жұртты жауды жеңу үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Осылайша сөз бастаған Қазыбек қартты екі Құсайын, Жұсыпбек, Сейітбек, Бейсенбі, Нұрғали қостап сөйледі. Сол жерде жазғы дала жұмыстарын атқару әрбір адамға тапсырылды. Бала біздерге де, жас келіншектерге де бір-бір шалғы ұстатып, шөп шабуға салды. Бұл жұмыстың бір парасы ғана. Соқамен жер жырту, тұқым себу, оны күтіп-баптау, ору, жиналған астықты тасып жеткізу, шабылған шөпті жинау, маялау, қоғамдық малды бағу бәріміздің мойнымызға түсті. Қыс түсе ғана саябырситын жұмыс баршамызға батты.  

Соғыстан жаралы оралған бригадирлер Биқан мен Ысқақ тылда да қарап жатпады. Бірде мынадай оқиға болды. Олар төрт баланы орманнан отын кесіп әкелуге жұмсады. Қуан, Есләм, Тұрғын және мен бір-бір өгізді жегіп, ара-балталарымызды сайлап, орманға бет алдық.

Күн райы сәлден соң бұзылайын деді. Бес-алты ағашты кесіп, құлатып, бұталап, өгіздер жегілген арбаларға артып болғанша қатты жел көтеріліп, аяғы боранға ұласып кетті. Не керек, бала болған соң бойымызға үрей кірді. Оның үстіне қатты тоңдық та. Түні бойы адастық. Өгіздердің үстерін қар жауып кетті.

Көретін жарығымыз бар екен. Әйтеуір, табан жолды айырдық. Өйткені, сол маңда орманшы Корней деген орыстың аты оқыранып, бөтен адамның жүргенінен белгі берді. Жылқы жарықтық солай ғой. Оның үстіне ит үріп, орманшының үйін тауып алдық.

Бізді өлдіге жорыған үйдегілер, бригада басындағылар қуанып, ыстық ас-су беріп, жылы жерге жатқызып күтті.

Бірер күннен кейін тағы да қара жұмысқа жегілдік. Мен шамалас он төрт-он алты жас арасындағы бозбалалар мен жас келіншектер бар, бәрімізге тапсырманы үйіп-төкті. Бірімізді Есілден мұз ойып әкелуге, енді қалғандарымызды тағы да ағаш кесуге, өзгелерді мал қораларын қидан тазартуға, маядан шөп жұлып, тасып-жеткізуге салды.

Әрине, мұндай күйді біз құралпы балалардың бәрі бастан өткерді ғой. Бірақ бір қынжылатының – соғыста майданда болғандар ғана жеңіске жеткендей болатыны. Өміріміздің көбі өтіп, азы қалғанда бүгінгі жас ұрпақ сексеннен асып, тоқсанға таяған біз сияқты ардагерлердің де еңбегін елесе екен дейміз. Әйтеуір, мұндай сұмдық қырғын енді қайталанбасын деп тілейміз. Жастарымыз бізден өнеге алсын, Отанды сүйсін, оны қорғауға әр кез дайын болсын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің алпыс сегіз жылдығына арналған жиында майдандағы жауынгерлердің, сонымен бірге тыл еңбеккерлерінің ерлігін өнеге етіп сөйлегенде айызым қанып тыңдадым.

Президентіміз 9 мамыр күні елордадағы Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойғаннан кейін тілшілерге берген сұхбатында бұл сұрапыл соғысқа 1 миллион 800 мың қазақстандықтың аттанғанын айтқан еді. Енді бір жыл өткен соң Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлайтын боламыз. Сол күнді көруге жазсыншы!

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp